• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Қоғам 01 Мамыр, 2020

Мені гректің қызы екен деп қалады...

486 рет
көрсетілді

Людмила Петровна Ифандопуло басқаратын облыстық «Эльпида» грек этно-мәдени бірлестігінің құрылғанына 21 жылдай уақыт өтіпті. Қазір «Эльпида» құрамында грек этносының 500-дей өкілі бар. Алексей Саруджиди, Константин Григориади, Ардагерлер кеңесінің төрағасы Константин Чахалов, «Маргаритари» әйелдер клубының жетекшісі Татьяна Анистратова, Владимир Ифандопуло, Раиса Григориади, Ольга Пилипенко, Юрий Кутикиди және тағы басқалары осы бірлестіктің қалыптасуына көп үлес қосты.

– Гректердің негізгі атауы – эллиндер. Олардың да тағдыры күштеп жер аударылуға тап болған басқа да халықтардың тарихы тәрізді қасіретті. Қазақ даласы эллиндердің туған Отанына айналды. Өздерін бауырларына басқан қазақтың жақсылығын ұмытпайды. Ғылыми экспедиция құрамында Христофор Барданес деген грек XVIII ғасырдың 70-жылдары қазақ даласын араласа керек. Кен іздеуші гректер де келіпті. Тіпті, Мильтиади деген грек Ертіс болыстығында тұрған көрінеді. Ал жалпы, қуғын-сүргін кезінде келген гректерді понтийліктер деп атайды. Бірақ понтий тілінде, понтий диалектісімен сөйлейтіндер де көп емес. Керісінше, ауылда тұратын гректердің қазақша сөйлегендері керемет, – дейді Людмила Петровна.

Понтийліктер, яғни, қаратеңіздік, Эллада мен Кіші Азиядан шыққандар, Понт – Кіші Азия аралының солтүстік-шығысында. Егемендік алған жылдары елімізде тұратын этнос өкілдері жаңғыру жолына түсті. Этно-мәдени орталық өкілдері аудан, ауылдарды аралап этно-экспедиция ұйымдастырды. Гректердің қазақ жеріне келгені туралы деректер, ескі фотосуреттер жинас­тырып, архивтерді ақтарып, деректер қорын жинады.

«Эльпида» орталығына еліміздегі Грек елшілігі де қолдау көрсетеді. Жексенбілік мектепте үлкендер, балалар мен жастар жаңа грек тілін үйреніп, өздерінің тарихи отанының рухани мәдениетімен танысады.

– Қазақ достарым көп, көршілерім бар. Орталықтағы грек балалары қазақ тілін оқып-үйренуде. Жерлесіміз, ауылда өскен грек баласы Ламбриан Топузидис Ұлттық арнада қызмет ететінін мақтан етеміз, – дейді Людмила Ифандопуло.

– Гректер өзі қандай халық?..

– Еңбекқор, көңілді, байсалды, момын және биші халық. Мен гректердің келінімін ғой, білемін. Ұлттық аспаптары кеменджидің дауысын естігенде кәрі, жасына қарамай таң атқанша билеуге бар.

– Гректердің келінімін дейсіз бе?..

– Ата-анам Балашовтар, Петр Ильич пен Мария Яковлевна, өмір­ле­рін еңбекке арнаған адамдар. Әкем соғыс өртін көрді. Анам соғыс кезінде байланыс маманы болды. Жолдасым Владимир Ифандопуло – ұшқыш. Александр, Ольга деген перзенттеріміз ержетті. Бүкіл отбасым грек этно-мәдени орталығының ашылуына ұйытқы болды, әлі де қолдап, көмектеседі. Мен гректердің қуғын көрген тағдырлары, Қазақ даласына келуі туралы қайын атамнан көп естідім. Грек отбасына келін болып түскен соң, тыныс-тіршілігіміз, бітім-болмысымыз, тағдырымыз осы халықтың босағасына байланып, грекке ұқсап та кеттік. Көбі мені гректің қызы екен деп қалады.

Бір жылы «Эльпиданың» 10 жылдығында «Спецэшелоны идут на Восток» деген кітаптың тұсаукесеріне менің қатысқаным бар еді. Мәскеуден грек тарихын зерттеуші, қуғын-сүргін зардаптарын жазған жазушы Иван Джуха келді. Ертіс, Железин аудандарында тұратын грек диаспорасының үлкендерімен кездесіп, сол кезден қалған ескі фотосуреттерін, қуғын-сүргін көрген өткен өмірлерін бәрін жазып алды. Әнші Лаки Кесоглу да орталықтың құрметті қонағы ретінде келіп грекше, қазақша әндер айтатын.

Людмила Петровна Республикалық «Филия» атты гректер қауым­дас­ты­ғының мүшесі. Ол жақтағы елмен де, қоғамдастықпен де байланыс­та­ры жалғасуда. Өзі 2006 жылы біздің еліміздің делегация құрамында Афинада өткен Понтийлік гректердің Бүкілдүниежүзілік 6-шы құрылтайына қатысқан.

Ол басқаратын орталықта «Агапи» қыздар хореографиялық, «Ана­ген­ниси» (Өркендеу) және «Микра астераки» (Кішкентай жұлдыздар) өнер ұжымдары, «Зорбас» деген грек халқының ерлер биі ұжымы бар. «Микра астераки» (Кішкентай жұл­дыздар) ансамблінде грек орта­лы­ғының 5-9 жасқа дейінгі балалары би билеп, ән салады. Сонымен қатар, «ОРФЕЙ» студиясы жұмыс істейді, «Эльпида» достарын шақырады» атты фестиваль өткізіледі.

Людмила Петровнаның айтуынша, қазір орталықтағы грек жастары халқының салт-дәстүрін, мәдениетін, тарихын өте жақсы біледі. Орталық гректерге ғана емес, Элладаның рухани мәдениетін біліп, грекше сөйлеп, оқып, жазғысы келетін қазақтарға, басқа да этнос өкілдеріне ортақ.

– Этно-мәдени бірлестігіміздің атауын Ελληνικό εθνικό πολιτιστικό κέντρο «Ελπίδα» περιοχής Παβλοντάρ деп грек тілінде жазып, үйренгеніміздің өзі көне грек елін, мәдениетін, жазуын, тілін танып-білуге деген қызығушылықты арттырары анық. Елімізде тұратын, қазақ жерін Отаным дейтін әрбір этнос өкілі халықтар достығының кепіліне айналды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ жеріндегі тұрақ­тылық тұғырын берік сақтау сая­са­тының мәні осы. Бізге достық пен татулықты, құрмет пен сыйластықты берік сақтау қажет, – дейді Людмила Ифандопуло.

 

Павлодар облысы