Сарыағаш – Оңтүстік Қазақстан облысының ең ірі өндірістік-аграрлық аймағы. Бүгінде мұнда нарықтық инфрақұрылымның негізі қаланған. Сарыағаш емдік минералды суларға бай. Жері де өте құнарлы, астық, мақта, бау-бақша өсіруге өте қолайлы. Аймақ көкөніс және жүзім өндіруде алда келеді. Басқа аймақтарға қарағанда Сарыағашта шарап, мақта-мата өнімдерін өндіруге және туристік кластерлерді өркендетуге мүмкіндіктер мол.
Сарыағаш – Оңтүстік Қазақстан облысының ең ірі өндірістік-аграрлық аймағы. Бүгінде мұнда нарықтық инфрақұрылымның негізі қаланған. Сарыағаш емдік минералды суларға бай. Жері де өте құнарлы, астық, мақта, бау-бақша өсіруге өте қолайлы. Аймақ көкөніс және жүзім өндіруде алда келеді. Басқа аймақтарға қарағанда Сарыағашта шарап, мақта-мата өнімдерін өндіруге және туристік кластерлерді өркендетуге мүмкіндіктер мол.Республикада шарап кластерін дамытуға Оңтүстіктің климаттық жағдайы өте қолайлы.
Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Сарыағаштағы жүзім алқабында болып, осындағы «Caspian Food» ЖШС жаңа кәсіпорнының жұмысымен танысты. Бұл зауыт соңғы үш жылда 222 гектар жерге жүзімнің жаңа сорттарын отырғызып, биыл соның 123 гектарынан өнім жинап жатыр. Қазірге дейін 570 тонна өнім жиналды. «Францияға жасаған сапарлардың бірінде ірі шарап өндірушілермен кездесіп, елімізде сапалы шарап өндіру жайын талқылағаным бар. Ондағы мамандар елімізге келіп, жоғары сапалы шарап дайындау үшін жаңа жүзім сорттарын отырғызып, заманауи технологиямен жұмыс жасайтын құралдар керек деген еді. Осыны іске асыру үшін жергілікті билік 600 гектар жер бөлді. Мұнда жоғары сұрыпты жүзім егіліп, заманауи зауыт бой көтереді. Бұл шарап болашақта Қазақстанның атын шығаратын брендке айналады», деді шарап зауытының басшыларымен кездескен Мемлекет басшысы Н.Назарбаев.
Бүгінде зауытқа қарасты жер телімдеріне жүзімнің жоғары сапалы «Ркацители», «Саперави» және француздық «Каберне Фран», «Каберне Совиньон», «Совиньон Бланш» және тағы басқа сорттары егілген. Жалпы, Сарыағаш ауданында дәл қазір 2205 гектар жүзім алқабы бар, оның 1388-і өнім беруде. Ал қалғаны әлі жас, енді жайқалып өсіп келеді. Биыл аудан соның әр гектарынан 72,4 центнерден жүзім жинап, барлығы 10 054 тонна өнім алуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, Сарыағашта 4 шарап зауыты жұмыс істейді. Олар жылына 33,0 мың тонна шарап өнімдерін шығарады.
Бүгінгі күннің талабы – бұрынғыдай жинап алған өнімді бірден базарға апарып сатудан бұрын оны сапалы өңдеу болып отыр. Себебі, ала жаздай төккен тердің ақысын нарықтағы арзан бағаға телігенше, аталған өнімді өңдеу арқылы мол пайдаға кенелуді ойластыру керек. Соңғы жылдары облыста жүзімдік егіс алқаптарының көлемін арттыруда, өнімді өңдеуде тиянақты жұмыстар атқарылып келеді. Биыл жеміс-жидек пен жүзім екпелерінің көлемі ұлғайып, 27,0 мың гектарды құрады. Кеңес дәуірі кезінде жеміс-жидек дақылдары мен жүзімнің көпжылдық екпелерінен ең жоғары өнімділік 1990 жылы алынып, 137,0 мың тоннаны құраған екен. Биыл 26,0 мың тоннаға артып, 163,0 мың тонна өнім жиналады деп күтілуде. Енді осы өнімді ұтымды өңдеу жағын ойластыру қажет.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан».
Оңтүстік Қазақстан облысы.