Біз қандай қиын кезеңде де қиналғанға қол ұшын соза білген, сүрінгенді демеген, жылағанды жұбатқан халықпыз. Елге де, ерге де үлкен сын болып, GOVID-19-дың бет қаратпас дүлей дауылы соғып тұрған сәтте ата-бабаларымыздан ауысқан осы қасиетіміз бүгінгі қоғам мүшелеріне де сіңісті болғанына көзіміз жетіп отыр. Осы орайда төтенше жағдай кезінде халықтың осал топтарын қолдау мемлекеттің басты міндеті деген Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдемесі ел-жұрттың сенімін күшейтті.
Бұл бағытта Ақтөбе облысында көмекке мұқтаж халықтың осал топтарын әлеуметтік тұрғыдан қолдау жөнінде кешенді іс-шаралар жоспары жасалып, ойдағыдай іске асып келеді. Осы орайда өңір тұрғындарының 15 санаты бойынша 100 мыңға жуық адамға 1 млрд 500 млн теңгеден астам әлеуметтік көмек көрсетілді.
Бұл – атап айтуға тұрарлық сома. Мемлекеттің басты байлығы адамдар десек, төтенше жағдай тұсында олардың мұқтаж топтарына жергілікті атқарушы билік тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілуі – елдіктің белгісі. Жуырда өңірде атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың жай-күйі тағы бір сарапқа салынып, олардың ең мұқтаждарына қаржылай қолдау шаралары қолға алынды.
Сонымен бірге облыс әкімі Оңдасын Оразалин облыстық бюджеттен өңір тұрғындарының 8 санаты бойынша 45 мыңға жуық адамға 900 млн теңгеге жуық қаражат бөлінгенін жеткізді. Бір жолғы көмек – бір адамға шаққанда жиырма мың теңгеден келеді. Қазіргі карантин кезінде барлық қызмет көрсету мекемелері, соның ішінде әлеуметтік төлемдер төлеу орталығының есігі жабулы тұрғаны белгілі. Мұндай жағдайда тұрғындар өздеріне тағайындалған біржолғы әлеуметтік көмекті алу үшін әбігерге түсіп жүрмей ме?
– Жоқ, олай болмайды. Жергілікті жерден белгіленген материалдық көмекті алу үшін қосымша құжат тапсырудың немесе жинақ банкілер кассаларына барудың қажеті жоқ. Өйткені әлеуметтік көмек алушылардың деректері мен тізімі ақпараттық жүйе арқылы жасақталған. Аталған қаражат тиісті адамдардың есепшоттарына аударылады, – деді сауабы мол істің мән-жайына қатысты Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова.
Сондай-ақ өңірде мемлекет тарапынан тағайындалған 42 500 теңге мөлшеріндегі әлеуметтік төлем мен Nur Otan партиясы белгілеген 50 мың теңге көлеміндегі біржақты көмек төлемдерін аудару мәселелеріне қатысты ауқымды жұмыс жүргізілді. Аталған мәселеде әділдік пен ашықтық қағидаттары алға шығып, оны алуға тіркелген яки тіркелмей қалған азаматтар арасында орынсыз өкпе-реніш пен түсінбестік туындамау үшін барлық қажетті жағдайлар жасалды.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Біз біргеміз!» акциясын жариялап, барша қазақстандық қоғам мүшелерін осынау күрделі кезеңде бір-біріне қолдау көрсетіп, көмегін тигізуге шақырғаны белгілі. Игі бастаманы Ақтөбе аймағының тұрғындары, өңір кәсіпкерлері мен меценаттар, өзге де ел-жұртқа жанашыр тұлғалар қызу қолдады. Әсіресе олар әлеуметтік осал топтағы тұрғындарға қайырымдылық көмек көрсетуді басты парызы деп санай білгендері ризашылық сезімін туғызады.
GOVID-19 індетімен күресте өңір дәрігерлері мен өзге де медицина қызметкерлері жауапты да қауіп-қатері мол істің бел ортасында келеді. Олар коронавирус инфекциясын өздері де жұқтырып алуы мүмкін екеніне қарамастан, адамдарға араша түсудің жанқиярлық үлгісін көрсетуде. Міне, осындай ақ халатты абзал жандарға өңірдегі дәулетті азаматтар мен әлеуеті мол кәсіпорын жетекшілері тарапынан заттай және қаржылай түрінде көмек көрсетіліп келеді. Шапағаты мол істің басында «АКТЕП» ЖШС мен «ҚазХром» АҚ-ның нар тұлғалы басшылары Нұрлан Сағыналин мен Арман Есенжоловтар бар.
Өңірде атқарушы органдар тарапынан тұрмысы төмен көп балалы отбасыларға және мүгедек жандар мен зейнеткерлерге азық-түлік пакеті мен гигиеналық құралдар және медициналық бетперделер мен ақшалай көмектер көрсетілуде.
АҚТӨБЕ