Ақтауда Халықаралық бизнес академиясы жанындағы мемлекеттік және қоғамдық саясат мектебінің білім беру бағдарламалары курсы ашылды.
Іске қосылған «Денсаулық сақтау саласындағы менеджмент» және «Мемлекеттік сектордағы менеджмент» атты магистрлік білім беру бағдарламаларының тыңдаушылары – 34 мемлекеттік қызметкер және денсаулық сақтау саласының 23 топ-менеджері.
Ақтауда Халықаралық бизнес академиясы жанындағы мемлекеттік және қоғамдық саясат мектебінің білім беру бағдарламалары курсы ашылды.
Іске қосылған «Денсаулық сақтау саласындағы менеджмент» және «Мемлекеттік сектордағы менеджмент» атты магистрлік білім беру бағдарламаларының тыңдаушылары – 34 мемлекеттік қызметкер және денсаулық сақтау саласының 23 топ-менеджері. Тыңдаушылардың өңірдің және емдеу-сауықтыру мекемесінің жедел дамуы, стратегиялық менеджменті, өңірде нақты және тиімді бизнес-үдерісін құру, аумақтар мен ұйымдар маркетингі, сондай-ақ, Project Management сынды заманауи ықпалды технологияларды қолдана бастауы – бағдарламаның өзіндік ерекшелігі болып табылады.
«Денсаулық сақтау саласындағы менеджмент» бағдарламасына бастамашы және тапсырыс беруші ретінде еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі кірісіп отыр. Бағдарлама аясында білімін көтерген қызметкерлер халыққа көрсететін қызметте оң нәтижелер шығаратын болады, дейді ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Б.Төкежанов.
Венгриядағы Орталық Еуропа университеттерімен, АҚШ-тың беделді мемлекеттік саясат мектептерімен серіктес болып табылатын бағдарламада кәсіпкерлік әлемінде және академиялық салада мол жұмыс тәжірибесі бар білікті оқытушылар дәріс оқып, шеберлік сыныптарын өткізеді. Бір жыл бойы әр айда 4 рет өтетін бағдарламаны тыңдаушылар диссертация қорғаумен тәмамдайды, табысты қорғағандарға магистрдің академиялық дәрежесі мен мемлекеттік үлгідегі диплом беріледі.
– Бағдарлама халыққа сапалы қызмет көрсететін кадрлар дайындауға бағытталған. Қазір облысымыздың білім беру мен денсаулық сақтау салаларында бірқатар мәселелер бар. Осы қиындықтарды шешу үшін білікті кадрлар дайындаудың маңызы зор, – дейді Маңғыстау облысының әкімі А.Айдарбаев.
Халық жақсы іске қашанда тілекші. Бағдарлама аясында білім алып, білік жетілдірген мамандардың жұмысынан серпін күтіп, сенім жүктейді.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
Маңғыстау облысы