• RUB:
    4.99
  • USD:
    523.54
  • EUR:
    546.47
Басты сайтқа өту
Аймақтар 04 Мамыр, 2020

Қарағанды облысы: Қордың ақшасы қайда кетіп жатыр?

365 рет
көрсетілді

Қарағанды облысында коронавирус пандемиясына қарсы тұру мақсатында құрылған «Көмек-2020» облыстық қоғамдық қорына түскен қаражаттың қайда және қандай мөлшерде жұмсалып жатқандығы жөнінде  облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлама таратты.

Бүгінгі күнде аталған қорға кәсіпорындар, ұйымдардың еңбек ұжымдары, құрылыс және жол компаниялары атынан, сондай-ақ, облыстағы мемлекеттік қызметкерлердің бір күндік еңбекақысы есебінен  728 282 322 теңге аударылған екен.

Жиналған қаражаттың 58 750 000 теңгесіне 10 дана «САП-01» автокөлік дезинфектор-бүріккіштері сатып алыныпты. Бірақ, белгісіз себептермен олардың сомасы әлі толық төленбеген...

Аспалы және бензин бүріккіштерін алуға 33 918 926 теңге жұмсалыпты. Облыс ауруханаларына дәрі-дәрмек және медициналық құрал-жабдықтар сатып алуға 92 339 889 теңге қор қаржысы бөлінген. COVID-19 індетімен күресуге қатысқан медициналық қызметкерлердің мекемелерде тұруына және тамақтануына 34 938 500 теңге қаражат кетіпті.

Медицина қызметкерлерін карантин жағдайында тұрып жатқан тұрғылықты жерлерінен жұмысқа дейін тасымалдау мақсатына 1 992 000 теңге үшін төленген. COVID-19 жұқтыру қаупі болған «Облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы» КМК қызметкерлерінің сыйақысына 68 949 750 теңге бөлініпті.

«Көмек-2020» облыстық қоғамдық қорындағы қаржының жұмсалуына қамқоршылық кеңес бақылау жасайды. Оның құрамында медицина ғылымдарының докторы, профессор, Мемлекеттік сыйлығының иегері Қани Мұсұлманбеков,  «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша Қарағанды облысы әкімінің кеңесшісі, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, облыстық мәслихат депутаты Бекзат Алтынбеков, «Қарағанды медицина университеті» КЕАҚ ректорының кеңесшісі, Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми-сараптамалық тобының мүшесі Вилен Молотов-Лучанский, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Серік Ақсұңқарұлы және  Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, құрметті спорт қайраткері Валерий Громов бар.

Қарағанды облысы