Шарайна
Америкалық дипломат Сирия оппозициясының көмегімен Сирия президенті Башар Асад режіміне кінә тағуға куә болатын мәліметтер жинаған. Бұл жерде мәселе Б.Асадтың әскери қылмыстарға қатысы бар екендігінде болып отыр.
АҚШ дипломаты Стивен Рапптың мәлімдеуінше, АҚШ Башар Асадқа қарсы қылмыстық іс қозғау үшін материалдар жинап жатыр. Осыған байланысты сириялық топтар арнайы оқудан өткен. Олар қажетті ақпараттар жинаумен айналысады. Қазірдің өзінде 200 мың беттен астам материал жиналған көрінеді. Онымен Еуропа аумағында сарапшылар танысыпты. Осы материалдар Сирия басшысын сотқа тартуға жетеді делініп отыр.
Шарайна
Америкалық дипломат Сирия оппозициясының көмегімен Сирия президенті Башар Асад режіміне кінә тағуға куә болатын мәліметтер жинаған. Бұл жерде мәселе Б.Асадтың әскери қылмыстарға қатысы бар екендігінде болып отыр.
АҚШ дипломаты Стивен Рапптың мәлімдеуінше, АҚШ Башар Асадқа қарсы қылмыстық іс қозғау үшін материалдар жинап жатыр. Осыған байланысты сириялық топтар арнайы оқудан өткен. Олар қажетті ақпараттар жинаумен айналысады. Қазірдің өзінде 200 мың беттен астам материал жиналған көрінеді. Онымен Еуропа аумағында сарапшылар танысыпты. Осы материалдар Сирия басшысын сотқа тартуға жетеді делініп отыр.
Шығын көлемі – 27 миллион рубль
Ресейдің тергеу комитеті Амур облысындағы Шимановск су бөгетінің бұзылуына байланысты қылмыстық іс қозғады. Тергеушілердің айтуына қарағанда, жергілікті шенеуніктер онда жөндеу жүргізбеген, тасқын су келген кезде бөгет бұзылған.
Бөгеттің бұзылуы салдарынан Шимановск қаласындағы 328 адам тұратын 69 үй су астында қалған. Соның кесірінен тұрғындардың 27 миллион рубльге жуық дүние-мүлкі пайдалануға жарамсыз болып қалып отыр. Тергеушілер, сондай-ақ Еврей автономиялық облысындағы тағы бір су бөгетінің құрылысына қатысты қылмыстық іс қозғаған. Өйткені, аталған су бөгеттері толықтай қайта жөндеуден өткізілмеген екен. Ал оған қажетті қаражат түгел төленіпті.
Қуат көздерінің нормасы қысқарды
Түркіменстан басшылығы тұрғындарға берілетін тегін электр энергиясы мен газдың нормасын қысқартты. Түркіменстандық БАҚ-тардың жазуынша, енді тұрғындардың әрқайсына айына 25 квт/сағат электр энергиясы тегін беріледі. Бұған дейін оның мөлшері 35 квт/сағат болатын.
Мұның себебі, электр энергиясын тасымалдайтын шетелдіктерде жатса керек. Оның үстіне соңғы жылдары бұл елде электр энергиясы мен көгілдір отынды пайдаланушылардың артып бара жатқанына байланысты екен. Айта кетейік, республика тұрғындарына тегін берілетін әлеуметтік пакет көлемін бұрынғы президент Сапармұрад Ниязов енгізген еді.
Журналистің үйінен 30 граната табылды
Әзербайжандық «Бизим йол» газетінің журналисі Парвиз Хашимли тұтқынға алынды. Оған заңсыз қару сатып алды және қаруды сақтады деген айып тағылып отыр.
Дерек көздеріне қарағанда, елдің ұлттық қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері оның үйіне тінту жүргізген кезде тапанша және 30 граната табылған. Тінту барысында, сондай-ақ компьютері мен оның бірқатар жеке заттары да алынған екен. Парвиз Хашимлидің зайыбының айтуынша, табылған бұл қарудың барлығын құқық қорғау органдарының қызметкерлері әдейі тастап кеткен. Ал журналистің өзі алдын ала тұтқындалыпты. Тінту «Бизим йол» газетінің редакциясына да жүргізілген сияқты. Журналист өзіне тағылған айыпты мойындамай отыр.
Опат болғандар қатары 80-нен асты
Соңғы күндері Мексика аумағында толассыз жауған нөсер салдарынан опат болған адамдар саны 80-нен асқан. Кейбір мәліметтер бойынша, жазым болғандар қатары бұдан асып кетуі мүмкін.
Өйткені, жер көшуінің кесірінен Атояк ауданындағы таулы елді мекенде 30-ға жуық үй көшкін астында қалып отыр. Сол үйлерді аршып алу қажет. Оның үстіне Тынық мұхиты жағасындағы Акапулько курортты қаласында 40 мыңға жуық турист ұша алмай отырғаны және бар. Соңғы тәулікте олардың 5 мыңдайы ғана ұшып шыққан. Бұл елде бірнеше күннен бері жауын басылмай тұр.
Антифашистер шеруге шықты
Грекияның бірқатар қалаларында өткен қарсылық акциясы кезінде қоғамдық тәртіпті бұзғандары үшін полиция 30-ға жуық адамды қамауға алған. Бұл жөнінде «Франс-пресс» агенттігі хабарлады.
Осы агенттіктің ақпараттары бойынша, қарсылық акциясы, әсіресе, ел астанасы – Афина қаласында өткен. Оған 5 мыңға жуық, ал елдің солтүстігіндегі Салоника қаласындағы акцияға 6 мыңнан астам адам қатысқан. Акцияға қатысушы антифашистер «Фашистердің көзін жой!» деп айқайлап, «Фашизмге ешқашан жол жоқ» деген плакаттар алып шығыпты. Қарсылық акциясын ұйымдастыруға сәрсенбіге қараған түні Афина қаласында 34 жастағы Павлос Фиссастың өлтірілуі себеп болса керек.
Қысқа қайырып айтқанда:
*Египет әскерлері мен полициясы Каир маңына жақын орналасқан Кардас елді мекеніндегі исламшыларға қарсы операция бастады. Жер үсті операциясына әуеден әскери тікұшақтар қолдау көрсетуде.
*Неміс бизнесмені Франц Зедельмайер сот арқылы Ресейден 1 миллион еуро өндіріп алды. Ол енді тағы 5,5 миллион еуро өндіруге ниеттеніп отыр.
*Өзбекстанның мақталық алқабында студенттер арасында төбелес шыққан. Соның салдарынан бір студент қаза тауып, үш студент пышақ жарақатын алыпты. Төбелес жоғары курс студенттерінің әлімжеттік көрсетуінен орын алған көрінеді.
*Грузия президенті Михаил Саакашвили ресейліктерді «басқыншылар» деп айыптады. Ол «соңғы бірнеше айда ресейлік басқыншылар Грузияның 400 гектардан астам жерін иеленіп кетті» деп отыр.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.