Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова жұмыс сапарымен Павлодар облысында болды. Министр Екібастұз қаласына қарасты Бәйет ауылының тыныс-тіршілігімен танысып, «Богатырь-Көмір» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұжымымен, қала жастарымен кездесті.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова жұмыс сапарымен Павлодар облысында болды. Министр Екібастұз қаласына қарасты Бәйет ауылының тыныс-тіршілігімен танысып, «Богатырь-Көмір» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұжымымен, қала жастарымен кездесті.
Бәйет ауылдық аумағында 15 кәсіпкер «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша несие алған. Жас кәсіпкер Рүстем Шайхатов министрге бағдарламаның төмен пайызбен бес жылға беріліп отырғанын айтып берді. Мал шаруашылығын дамыту үшін 1 миллион 300 мың теңгеге 5 ірі қара, 10 қой алыпты. Қазір өзінің ауладағы малдарын қосқанда 20 ірі қара, 30 бас қойы бар. Ал өңірдегі жұмыссыздық деңгейі, жастарды жұмыспен қамту жайлы мәселелер қалалық музыка мектебінде өткен жиында сөз болды. Жүздесу еркін түрде, сұрақ-жауап түрінде өтті.
Екінші күні қаладағы «Қайнар» мәдениет үйінде «Нұр Отан» ХДП Екібастұз қалалық филиалының Х кезектен тыс конференциясы өтті. Конференция жұмысына Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова, Статистика агенттігінің төрағасы Әлихан Смаилов, «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Ерлан Арын, қалалық партия филиалының саяси кеңес мүшелері, облыстық, қалалық мәслихат депутаттары, партиялық ұйымдардың, қоғамдық бірлестіктердің, жастар ұйымдары, БАҚ өкілдері қатысты.
Жиында «Нұр Отан» партиясының жаңа Саяси доктринасы ортаға салынды. «Доктринада идеялық-дүниетанымдық көзқарастар мен партияның басты бағдарлары нақты анықталған. Бұл партияның басты құжаты деуге болады. Жаңа Саяси доктринаны қабылдау партияның сапалы жаңа даму кезеңіне өтуін қамтамасыз етуі қажет, деп атап өтті облыс әкімі Ерлан Арын.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан.
ЕКІБАСТҰЗ.