Елордадағы Назарбаев Орталығында «Сақтардың алтын мұрасы» атты көрме ашылды.
Елордадағы Назарбаев Орталығында «Сақтардың алтын мұрасы» атты көрме ашылды.
Көрменің ең басты әрі бағалы жәдігері – Есік қорғанынан табылған «Алтын адам». 1967-1970-жылдары Алматы маңындағы Есік қорғанынан археолог-ғалым Кемал Ақышевтың басқаруындағы экспедиция жұмысының нәтижесінде табылған «Алтын адам» скиф-сақ дәуірінің «аң стиліндегі» технологиясы жоғары бұйымдар қатарына жатады. Бүгінде ол тәуелсіз Қазақстанның басты символдарының бірі. Жауынгердің киімінде жолбарыс, бұлан, қар барысы, жылқы, бүркіт үлгісімен бейнеленген төрт мыңнан астам алтын қаптама мен пластиналар бар. Бұл сол дәуірде скифтердің металл өңдеудің құйма, соғу, қалыптау, шекіме, бедерлеу және оймалау әдістерін өте жақсы меңгергенін, яғни, зергерлік өнерінің биік дәрежеде болғанын танытады. Сақ жауынгерінің алтын әшекейлері б.з.д V-ІV ғасырларға жатады. «Алтын адамның» киім элементтерінің көшірмесін Алтын және бағалы бұйымдар мемлекеттік музейі ұсынды.
Сондай-ақ, 1993 жылы Новосібір археологтары Пазырық қорғанынан әйел мен ер адамның мумияларын тапқан болатын. Оған қоса сол маңайдан бірқатар заттар табылған. Жәдігерлер алтайлық аң стилінде дайындалған. Пазырық әлемі бізді сол дәуірге тән скифтік, оның ішінде алтайлық аң стилімен таныстырады. Осы күнге дейін аман жеткен теңдессіз жәдігерлер «Сақтардың алтын мұрасы» көрмесіне қойылды.
Көрмеге бұдан өзге «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында табылған ғажайып артефактілер қойылды. 2004 жылы бағдарлама жүзеге аса бастаған тұстан бастап 40-тан астам археологиялық қазба жұмыстары жүргізілген болатын. Нәтижесінде Қызыл Уық ғибадатханасы мен Берел қорымынан б.з.д. V-III ғасыр кезеңіне жататын, сақ заманында темірден жасалған бірегей артефактілер табылған. Сол заттар да келушілердің назарына ұсынылған.
Назарбаев Орталығы директорының ғылыми-гуманитарлық жұмыс жөніндегі орынбасары Ләйла Махат пен Алтын және бағалы металдар мемлекеттік мұражайының директоры Алмаз Нұразхан салтанатты шараның жібек жібін кесті. Шараға Мәдениет министрлігі Мәдениет комитетінің тарихи-мәдени мұра басқармасының бастығы Болат Молдашев, ҚР Ұлттық мұражайының директоры Дархан Мыңбай және Жапония, Үндістан, Ресей мемлекеттерінің елшілері мен Еуроодақ өкілдері қатысты.
«Егемен-ақпарат».