Ақтөбе қаласында бұдан екі жыл бұрын «Анаға тағзым» атты арнайы орталық құрылып, сәні мен сәулеті келіскен сыңғырлаған су жаңа ғимаратқа орналасты.
Сол уақыттан бері өңірлер арасында баламасы жоқ әлеуметтік құрылым аналар мен қыз-келіншектерге қатысты толғағы жеткен мәселелерді шешу мен реттеуге үлес қосып келеді. Таяуда мұнда тағы бір жағымды жаңалық болды. Яғни аталған ғимарат жанынан «Бақытты отбасы» орталығы ашылып қызмет көрсете бастады.
– Мұны бұған дейін жұмыс істеп келген отбасын сақтау кабинетінің жаңа сапалық деңгейге көтерілуінің басты көрінісі деп бағалауға болады. Мақсат – отбасы құндылығын дәріптеуге кеңінен жол ашу, – дейді бұл жөнінде Nur Otan партиясының Ақтөбе облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ербол Данағұлов.
Жаңадан ашылған орталықта кәсіби медиаторлар және заңгерлер мен психологтер тұрғындарға тиісті көмек беруге бір кісідей жұмылған. Сондай-ақ әлеуметтік-тұрмыстық мәселелердің шешімін бірлесіп іздестіру жолдары да қарастырылған. Бұл үшін өңірдегі мемлекеттік органдар басшылары мен мәслихат депутаттарының тұрғындарды тұрақты қабылдау тәртіптері белгіленген.
Отбасының шайқалмауы, ата-аналардың ұл-қыздарына үлгі-өнеге көрсете білуі отбасы мүшелері арасындағы татулық пен түсіністік, өзара жан жылуы бақытты отбасы атануға апаратын жолдың басы. Әйтсе де өмірде шыны аяқ сылдырлап қалатын жайттар да кездеседі. Түкке тұрмайтын кикілжіңге бола ерлі-зайыптылардың ажырасу деректері де орын алып жүргені мәлім. Бақытты отбасы осы мәселелерге байланысты жүргізілетін жұмыстардың жүректерге мейлінше жақын болуын мақсат тұтып отыр. Аталған орталықта қызмет етіп жүрген кәсіби медиатор, өмірден көргені мен көңілге түйгені мол жан Бибігүл Әбдішүкірқызы бұл бағыттағы түйткілдер мен бетпе-бет келіп жүргендері жөнінде былайша әңгімелеп берді.
– Біз Ақтөбе қалалық сотына ажырасуға өтініш берген ерлі-зайыптылармен ашық әңгіме жүргіземіз. Екеуінің ортасына түсу өте нәзік әрі сары майдан қыл суырғандай күрделі мәселе екені мәлім. Соған қарамастан олармен ортақ тіл табысуға ұмтылып келеміз. Оның нәтижесі жаман емес. Ажырасуға арыз бергендердің үштен екісі қайтадан татуласып, ортақ мәмілеге келгені бәріміз үшін қуаныш.
Тағы бір айтары, ажырасуға бел буған жас отбасылардың алпыс пайызы ата-енесімен бірге тұрғысы келмейтіндер екен. Сондай-ақ жиырма пайыз келіншектер мен әйелдер тұрмыстары мен табыстары тәуір бола тұрса да өздеріне ер-азаматпен құқымыз тең деп оларға көкірек көрсетуді әдетке айналдырыпты.
АҚТӨБЕ