• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
21 Қыркүйек, 2013

Семейде Қазақ футболының 100 жылдығын тойлау басталды

353 рет
көрсетілді

Бүгін, 21 қыркүйек күні таңертең Шығыс Қазақстан облысындағы Семей қаласында Қазақ футболының 100 жылдығын тойлауға арналған іс-шаралар басталып кетті. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысының ақпарат орталығы хабарлайды.

Кеше таңертең арнайы рейспен Алматыдан Семейге құрметті қонақтар, тойға қатысушылар – «Динамо» (Тбилиси, Грузия) және «Алға» (Бішкек, Қырғызстан) командаларының ардагерлері ұшып келді. Ұшақ жерге қонған бойда берген брифингтерінде атақты футболшылар журналистердің көптеген сұрақтарына жауап берді.

«Біз футболдың әуесқойлары үшін үлкен ауқымдағы той болып табылатын осындай шараға қатысатынымыз үшін өте ризамыз. Қазақстан футболының 100 жылдығы шын мәнінде де үлкен мереке. Осы жерде бұрынғы кеңес кезеңіндегі әріптес-отандастарымызды көретініміз де қатты қуандырады. Олармен бірге тағы да футбол алаңына шығып, өнерімізді көрсету біздер үшін ғанибет», - деді «Алғаның» бұрынғы даңқты қорғаушысы Юсуп Мусаев. Бұл - кәдімгі «Адамзаттың Айтматовы» атанған атанған атақты қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовтың бір мақаласында айтылып өтетін бұрынғы фрунзелік белгілі футболшы.

Бүгін аула командалары арасындағы «Былғары доп» турнирінің финалдық ойыны ойналады. Ал қаланың барлық футбол алаңдарында «Футбол мерекесі» атты турнирд өтіп жатыр. Олардағы қатысушыларды мүмкіндіктері шектеулі балалар құрайды. Бүгін бұл мерекелік іс-шаралар М.Әуезов атындағы алаңда тиянақталады. Оқырман қауым әлемге әйгілі жазушымыздың кезінде Семейдің жастарынан құралған «Ярыш» командасының сапында ойнағанын жақсы білетін шығар деген ойдамыз.

Жалпы, Қазақстан футболының 100 жылдығына арналған мереке екі күнге созылады. Оның бүгін басталған өркені ертең де желкенін кереді. Осы күндері ардагер футболшылардың блиц-турнирі болып өтеді. Оған «Спартак» (Семей), «Алга» (Бішкек, Қырғызстан), «Спартак» (Мәскеу, Ресей), «Восток» (Өскемен, Қазақстан), «Қайрат» (Алматы, Қазақстан), «Динамо» (Киев, Украина), «Динамо» (Тбилиси, Грузия), «Рубин» (Қазан, Ресей) және «Спартак» (Семей, Қазақстан) командаларының ардагерлері қатысуда.

Футбол жұлдыздары журналистермен баспасөз мәслихатын өткізеді. Осы кезде қаланың бір көшесіне «Қазақстан футболына 100 жыл» деген ат беріледі. Мұнда республикалық велошеруге қатысушылар келіп ат басын тірейді. Бүгін сондай-ақ Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеттің бас корпусында мерекеге арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтеді. Ал кешкі 18 сағат 30 минутта «Спартак» стадионындафутбол жұлдыздары шеруімен мерекенің салтанатты ашылуы болады. Ол театрландырылған көрініске жалғасады. Соңында «Динамо» (Киев) – «Динамо» (Тбилиси) командалары арасындағы кездесу қанат жаяды.

Ертең, жексенбі күні спорт жарыстары одан әрі жалғасын табады. Бұл күні «Миллиондар кубогы» атты республикалық футбол турнирінің, ардагердердің блиц-турнирінің финалдық ойындары ойналады. Ал денсаулық кешенінде қазақ күресінен Дәулет Тұрлыханов атындағы халықаралық турнир өткізіледі.

Дамир Қожамқұл.

 

Соңғы жаңалықтар