Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми-сарапшылық кеңесі тіл мәселесіне ерекше назар аударатын болады. Бұл туралы Nur.kz тілшісі хабарлады.
Ақордада Мемлекеттік хатшы Марат Тәжинның қатысуымен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясы Ғылыми-сарапшылық кеңесінің кеңейтілген отырысы барысында журналистерге кеңес төрайымы Айгүл Сәдуақасова осылай мәлімдеді.
Кеңес отырысы «Қазақстан-2050» Стратегиясы аясындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми-сарапшылық кеңесі мен мемлекеттік органдардың жаңа ғылыми-сараптамалық жұмысындағы басым міндеттері және Қазақстан халқы Ассамблеясының 2020 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы тақырыбына» арналды.
Шара аясында атқарылған жұмыстарға тоқталған кеңес төрайымы, терминология ісін бір жүйеге келтіру мәселесіне ерекше назар аударылғанын айтты. Оның сөзіне қарағанда, бұл бағытта он шақты ғалым жұмыс істеп, былтырғы жылы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік этносаясат императивтері» атты мемлекеттік қызметшілерге және сарапшыларға арналған баспа өнімін шығарған.
«Ғылыми- сараптамалық кеңес қолға алған тағы бір жоба - «Тарих үшін тағзым» жобасы. Осынау үлкен жобаны 2009 жылы Ассамблея қолға алған болатын. Соның ішінде депортацияға ұшыраған халықтар, саяси қуғынмен келген азаматтардың өмірі туралы дерек іздеп, жинап, ұрпағынан сұхбат алып, үлкен екі кітап шығардық. Деректі фильм де түсірдік», - дейді А. Сәдуақасова. Оның айтуынша, ғылыми-сараптамалық кеңес тіл мәселесіне де ерекше назар аударады. Атап айтқанда, кеңес ғалымдары, лингвистер мемлекеттік тілді жетілдіруге бағытталған жобалар ұсынды. «Олар қазіргі таңда жарық көрді, соның негізінде қазір тікелей практикалық ұсыныстар дайындалып жатыр. Сонымен қатар саясаттану ғылымы да назарымызда. Саяси жүйені жаңғырту кезеңінде қандай өзгерістер болады, қоғам оған қалай бейімделеді, саяси жүйенің ішіндегі Ассамблеяның рөлі және атқаратын қызметтерін анықтап берген жұмыстарымыз баршылық», - деді А. Сәдуақасова.
Сәкен Майлыбай.