Қостанай облысының оңтүстік аумағындағы соқа тісі тимеген ұшы-қиыры жоқ далалық алқап мамыр айында қызыл-жасыл, күлгін көк, ақ, сарғыш түс аралас гүлге толып, кәдімгі Табиғат-Ана қолдан тоқып төсеп қойған қыз текеметтей ерекше құлпырып қайталанбас ғажайып сұлу кейіпке енеді. Дәл осы уақытта Әулиекөлден сәл асқан соң, Науырзым, Қайғы, Дәмді, Аманкелді өңірін қамтып Арқалыққа дейін керіле созылып жатқан далалық алқапта дүр етіп қызғалдақ қаулайды.
Қыр гүлі биыл ерте гүлдеді
Қызғалдақ – Қостанай көктемінің символы. Ботаник-ғалымдардың айтуынша, жалпы жер бетінде осыдан 10-20 млн жыл бұрын пайда болған жабайы қызғалдақтың қазір 100-ден астам түрі қалған екен. Оның үштен бірі біздің елімізде өседі. Қазір бірсыпыра батыс елдері пайда көзіне айналдырып алған қасы-көзі боялған, бойы сорайған жұпары жұқсыз жасанды «бизнес-леди» қызғалдақтардың түп анасы – осы Торғай табанында жатқан қыр қызғалдағы екені шүбәсіз.
– Қостанай облысында биыл қызғалдақ ерте гүлдеді. Әдетте мамыр айының алғашқы онкүндігінде шыға бастайтын. Биыл сәуір аяқталмай қырға қызғалдақ қаптап кетті. 50-60 жылдары жүргізілген жаппай тың игеру науқанынан бұл аймақтағы өсімдіктер композициясы ерекше далалық экожүйе әупірімдеп аман қалды. Гүлдену кезеңі алғаш ерте көктемде басталып, күзге дейін дала бояуы калейдоскоптағыдай 7-8 рет түрленіп, алуан реңкке бөленеді. Қазір Науырзым қорығында қызғалдақтың 5 түрі өседі. Өкінішке қарай, жаздың аптап ыстығы мен қыстың қақаған аязына қарамастан, көктемде қаулап шығатын қыр қызғалдағы жыл санап сиреп бара жатқан өсімдіктер қатарына жатады. Қызыл кітапқа енген көктем гүлі түйіншек дән тамыры арқылы көбейеді. Сондықтан жұлынған өсімдік дәні сабағынан келетін қорегінен айырылып, өліп қалады. Одан кейін ол жерге гүл шықпайды, – дейді Науырзым қорығының ғылыми қызметкері Мария Зейнелова.
Тәжірибелі өсімдіктанушының айтуынша, көктем маусымында, өкінішке қарай, көздің жауын алатын қыр гүліне қызығушылар көбейеді екен. Жойылып бара жатқан қыр қызғалдағы заңмен қорғалатынын көбі ескере бермейді. Біздің елімізде қызғалдақ жұлған адам қылмыскер саналып, ҚР ҚК 339 бабы бойынша 3000 АЕК көлемінде айыппұл арқалайды немесе 800 сағат қоғамдық жұмысқа тартылады. Аталмыш бапта сондай-ақ 3 жыл мерзімге, тіпті асқынып кеткен жағдайда дүние-мүлкін тәркілеп, лауазымынан біржола айырып 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Аңызға арқау болған Арқа гүлі
Жалпы, Қызғалдақ туралы қызықты аңыз көп. Солардың бірінде қауызында бақ құсы бар сарғалдақ туралы айтылады. Әлгі сарғалдақ бақ құсын қауызымен жауып, ешкімге бермей қойыпты. Содан бірде гүлді кішкентай сәби қолына алып, күлген екен. Сол сәтте гүлдің қауызы ашылып, ішіндегі бақ баланың басына қоныпты.
Құтып ақын жырлаған «Құсырау-Шырын» дастанына арқау болған Шырын мен Фархаттың арасындағы сүйіспеншілік сезімінің басты белгісі – қызғалдақ. Аңызда Шырын сұлуға ес-түссіз ғашық болған парсы патшасы Фархат өз сүйгенімен қосылуды аңсайды. Бірақ патшаның бақталастары Шырынның қаза болғаны туралы қауесет таратады. Мұны естіп, қайғы-құса құшқан Фархат ақыры құздан құлап өледі. Бақытына жете алмаған ғашық жанның қаны тамған жерге қып-қызыл болып қызғалдақ өсіп шығады. Содан бері қызғалдақ ынтызар сүйіспеншілік пен көзсіз құштарлықтың символына айналыпты деседі.
Тағы бір аңыздарда ел-жер үшін болған жорықтарда, жан алып, жан беріскен шайқастарда шейіт болған жанкешті батырлардың жаны дала қызғалдақтарының қауызына қонақтап, көктемде алқызыл қанға боялып, жанып тұрады. Сондықтан алқызыл қызғалдақты сабағынан үзуге болмайды екен.
Қазақ даласын көп шарлаған қалмақ халқы қызғалдақты дала символы ретінде түсінеді. Қалмақ аңыздарында дүниеден өтіп кеткен ата-бабалардың жаны туған жердің саф ауасымен тыныстау үшін көктем сайын атамекеніне қызғалдақ кейпінде оралып отырады.
Аңызда айтылатын қырдың қара қызғалдағы араға тоғыз жыл салып бір гүлдеп отырады екен. Алайда бұл гүлді ұстауға болмайды. Қара қызғалдақты көрген адам гүлге жақын барып, арман-тілегін айтуы керек екен. Бірақ киелі саналатын бұл гүл адамға өмірінде бір-ақ рет кезігетін көрінеді. Гүлдің қай жерде өсіп тұрғанын тіс жарып ешкімге айтпаған адамның басына бақ қонады екен.
Кейбір деректерге үңілсек, қызғалдақ еуропаға түріктер арқылы жеткен. Бүгінгі «тюльпан» сөзінің де түп төркіні ежелгі түрік-парсы тіліне барып тіреледі. Қазақы қисынға салсақ, «тюльпанға» тіліміздегі «түле» сөзі де жат емес. «Түле» – көбіне көктем құбылыстарына байланысты қолданылатын етістік. Жаңару сөзімен мәндес. Қызғалдақ нәзіктікпен, сүйіспеншілікпен бірге жаңарудың белгісі. Мәселен, көктем келіп, жердің түлеуі де осы «түл» гүлінің бүр жаруынан басталады. Ал енді қызғалдақ шығыс Еуропаға қалай барды? – дейтін сауалға келсек, оны қазіргі түріктердің арғы атасы – оғыздар Тұраннан ауғанда «Ата мекеніміздің жұпары, Тұраннан таққан тұмарымыз болсын деп өздерімен бірге ала кеткен. Әрине, бұған қазірше айқын дәлел жоқ. Дегенмен, қисынсыз емес.
Түркияда қызғалдақ мәдениеті бірнеше ғасыр бойы жалғасып келеді. Бұл елде қызғалдақ өсірмейтін қалалар өте сирек кездеседі. Осман империясы тұсында бұл гүл Ыстамбұл гербінде көрініс берген. Қызғалдақ қазіргі Түркия мәдениетінде де маңызды орын алады. Бұл елде жыл сайын сәуірде қызғалдақ фестивальдары өтіп тұрады.
Голландия елінде қызғалдақтар ХVІ ғасырдың соңына таман пайда бола бастайды. Ботаник-ғалым Карл Клузиустың қызғалдақ туралы ғылыми еңбегінен кейін бұл гүл Голландияда тіпті кең тарап кетеді. Әлемдегі ең әйгілі Кекенхоф қызғалдақ саябағы осы Нидерландта. Мұнда гүлдің 7 млн-нан астам түрі кездеседі екен.
Айтпақшы, соңғы 2-3 жылдан бері Қызғалдақ фестивалі Қостанай облысында да дәстүрлі түрде өтіп келеді. Бұл бастаманы алғаш қолға алып, көктем гүлінің мәртебесін көтерген аймақтағы көптеген игі істерге мұрындық болып жүрген елжанды азамат, мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов екенін айтпай кетуге болмайды.
Қостанай облысы