• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қоғам 07 Мамыр, 2020

Бітімгерлік – бейбітшіл елдің басты миссиясы

8166 рет
көрсетілді

Қазақстан тұрақтылық пен қауіпсіздікті қолдайтын мемлекет екенін төрткүл дүниеге әйгілі етіп, көптеген дау-жанжалды бейбіт жолмен шешу тәсілін ұсынып келеді. Осы бағытта атқарылған жұмыстардың бір парасы – бітімгершілік миссиялары. Ұлы даланың ұландары бүгінде БҰҰ-ның бітімгер әскері құрамында әлемнің бірқатар бөлігінде міндетін абыроймен атқарып жүр.

Қазақстан 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұ­рақ­т­ы емес мүшеcі болып сай­лан­ғаны белгілі. Сол кезеңде еліміз бітім­­герлік бағытта көптеген ауқым­­ды жұмыс атқарды. Еліміз­дің бітім­гершілік саладағы бел­сенді ұс­танымы Қауіпсіздік Ке­ңесі және ондағы жұмыс орган­­дары тарапынан жоғары баға­ланды.

Осы саладағы жұмыстың маңыз­ды бағыты – Қазақстан­ның бө­лім­шесін бітімгерлік операция­ларына қатысу аясын кеңейту. Арнайы мис­сияға жіберу бары­сында бітім­герлердің қауіпсіз­дігін қамта­масыз ету, кли­мат пен эпиде­миялық жағдай мәсе­ле­лері есепке алынды. Бірқа­тар бітімгерлік операциясы­на қазақ­стандық әскери бақылау­шылар мен штабтық офицерлерді жіберу көзделген еді. Осы бағыт­та атқарылған жұмыстың нәти­же­сінде еліміздің сарбаздары Ли­вандағы UNIFIL миссиясы ая­сында бітімгерлік операцияларына қатысуға мүмкіндік алды.

Естеріңізге салсақ, Жерорта теңі­зінің жағалауындағы ала­қан­дай Ливан ішкі-сыртқы күш­тердің ықпалымен қарулы шиеленіс­терден көз ашпаған-ды. Осы­­ған байланысты БҰҰ-ның Ли­­вандағы уақытша күші 1978 жылы наурызда Ливан үкіме­тіне елдегі билікті қалпына келті­руге көмектесу және осы е­лден Израиль әскерлерінің шыға­рылуы үшін құрылған-ды. Осы­лайша UNIFIL миссиясы өз жұмысын бастады.

Бүгінге дейін Ливанда бітім­гер­­лікпен айналысу мақ­сатын­да елімізден үш мәрте сарбаздар аттанды. Алғаш рет 2018 жылы 120 жауынгер UNIFIL-дің құрамында Ливандағы ты­ныш­тықты сақтау міндетіне кіріс­ті. Былтыр үшінші топ жолға шық­ты. Жалпы бұл миссияда 42 ел­ден келген 10 мыңнан астам сарбаз борышын өтейді.

Қорғаныс және геосаяси мә­се­лелерді зерттеп жүрген аме­ри­калық сарапшы Уильдер Але­хандро Санчестың пікірінше, UNIFIL аясында Ливанға жүзден аса сарбаз жіберу кейінгі жылдары бұл бағыттағы жұмыстың белсенді атқарылып жатқанын көрсетеді.

«БҰҰ деректеріне сүйенсек, қазіргі таңда Қазақстанның 128 әскери қызметкері бітімгерлік миссияларымен айналысады. Яғни осы салаға үлес қосқан мем­лекет­тер арасында 66-орында тұр. БҰҰ бітімгерлік миссия­сына ең көп үлес қосушы ел – Эфио­пияға (6650 сарбаз) қара­ғанда әлдеқайда аз. Әйтсе де Қазақстан – Орталық Азиядағы басқа елдерге қарағанда бітімгершілік миссиясында көп қызметкері бар мемлекет. Мәселен, Қырғызстан небәрі 12 адам ғана жіберген. Соған қарамастан қазақ сарбаздары UNIFIL аясындағы миссия­сын сәтті орындады деуге толық негіз бар», дейді вашингтондық сарапшы Egemen Qazaqstan газетіне берген сұхбатында.

У.Санчестің пайымдауынша, БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясына атсалысу жаһандық тұрақ­ты­лықты қамтамасыз етуге, бей­­біт­шілік орнатуға және оны сақ­тап қалуға мүмкіндік бермек.

«Бұл келіссөздер арқылы ғана емес, бітімгерлік арқылы да бей­бітшілік орнататын мемлекет ретінде халықаралық аренада­ғы Қазақстанның имиджін көтере­ді. Бұған қоса, қазақ сарбаздары қа­уіпті аймақта тәжірибесін шың­­дайды. Мұндай шынайы жат­­ты­ғуға дайындық арқылы қол жет­кізу мүмкін емес» дейді У.Санчес.

Қазір Ливандағы жағдай тұрақты. Қалыптасқан ахуал жер­гілікті билік пен Ливан­дағы БҰҰ уақытша күштері қолбас­шы­лығының бақы­лауында. Қазақ­стандық 3-ші бітімгерлік ротасының коман­дирі, майор Жәнібек Нұрланов­тың айтуын­ша, бітімгерлік базасын­дағы жағдай тұрақты. Корона­вирус пандемиясына байланысты базада карантин енгізілген.

Командирдің сөзіне сү­йенсек, біздің бітімгерлердің мо­раль­дық-психологиялық жағ­­дайы жоғары деңгейде. Олар бар­лық қауіпсіздік шараларын қатаң ұстана отыра, «көгілдір сызық» бойында тұрақтылықты қам­тамасыз ету үшін тәулік бойы жедел қызметті жүзеге асыру сын­ды өз міндеттерін орындауды жал­ғастыра бермек.

Бітімгершілік миссиясының күн тәртібі бекітілген. Әуелі рота командирі бақылау бары­сында қай жолмен жүру қажетін, қандай нысандарға назар аудару керектігін түсіндіреді. Со­дан кейін әр бөлім өзіне тие­сілі нұс­қаулыққа сай әрекет етеді. Әдетте әр бөлімнің жартысы қа­зақ­стандық, қалғаны үнді­стан­дық сарбаздардан құралады.

Өзге елдің табиғатына бейім­делу, жазылған һәм жазыл­маған заңдарынан хабардар болу оңай шаруа емес. Бітімгер ротасының құрамында борышын өтеп жүрген Эльдар Құдайбергеновтың айтуынша, бастапқыда Ливанға үйрену оңайға соқпаған.

«Қазақстанның көп бөлігі тегіс, жазық жер. Ал Ливан негі­зінен таулы аймақ саналады. Мұндағы жолдар бірде өрге көтерілсе, бірде төмен түсе­ді. Ойлы-қырлы. Кей жерлерде жол өте тар. Алайда біздің жүр­­гізушілеріміз бұған үйреніп кетті», дейді Э.Құдайбергенов.

Қазақстандық бітімгерлік контин­генті модульдік үлгідегі екі бітімгерлік базада орна­лас­қанын атап өткен жөн. Күн­­де­лікті жайлы жағдайы қалып­тас­қан. БҰҰ тарапынан қамта­масыз етілетін үш мезгілдік тамақ­тану ұйымдастырылған. Дене шы­нық­тырумен айналысу үшін жаб­дықталған спорт залы бар. Мін­деттерді орындаудан бос уақыт кезінде бітімгерлер футбол, волейбол, шахмат және бильярд ойнайды. Әркім өз отбасымен бейнебайланыс арқылы хабарласа алады.

Бітімгерлік күштер туралы мәселеде мынаны ескерген жөн. Еліміздің сарбаздары қақтығыс өрті күйіп тұрған аймақтарға бармайды. Ондай өңірлерге БҰҰ-ның «Бітімгерлік әлеуетінің дайындық жүйесінде» әбден ысылған әскер жіберіледі.

Сонымен қатар қазақстандық сарбаздарды қақтығысқа толы аймақтарға жіберу жоспарда жоқ. Керісінше, бітімгерлік ротасының әлеуетін арттыратын, алайда дау-жанжалы аз өңір­ге жіберу көзделген. Себебі бітім­гер­шілік операциясының қауіпті тұсы да бар. Ең алдымен, мұндай миссиялардың құны адам өміріне тең келуі мүмкін. Мәселен, 1995 жылы Тәжікстанда бітімгерлік топта борышын өтеуге барған 17 қазақ сарбазы қаза тапқан-ды. Сондай-ақ 2003 жылы Иракта да бір жауынгеріміз опат болды.

«Бітімгерлік миссиясы әдетте қайта қақтығыс туындауы мүмкін өңірлерге аттанады. Кез келген сәтте ахуал шиеле­нісе түсуі әбден мүмкін. БҰҰ дерек­теріне сүйенсек, биылдың өзін­де ұйымның 22 бітімгер қызметкері қаза тапқан. Былтыр БҰҰ миссия­сы 102 адамнан айрылған еді. Сон­дықтан бітімгершілік миссиясында жүрген сарбаздардың өмі­ріне әр сәтте қауіп төніп тұ­рады», дейді У.Санчес.

Жалпы, Қазақстан әскері бі­тімгерлік миссияларына бұрын­нан қатысып келеді. М­ә­селен, 2014 жылдан бас­тап елі­­міз­дің 11 офицері 12 ай бо­йы Батыс Сахарада және Кот-д’Ивуар Рес­­пуб­ликасында БҰҰ мис­сия­ларына атсалысқаны белгілі. Тәжік-Ауған шекарасын кү­зет­кен қазақстандық сарбаз­дар­­дың есімдері ел жадын­ан шықп­ай­ды. Осыларды саралай келе, Қазақ­стан әскерін бітім­гершілік мис­сия­ларында тәжі­рибелі жасақ болды деп айтуға толық негіз бар.