Қазақ кескіндемесінде дала тақырыбы ешқашан ескірген емес. Олай дейтініміз, дала – тек географиялық кеңістік емес, ұлттың дүниетанымы, мінезі мен рухани болмысы қалыптасқан мекен. Әр кезеңнің суретшісі осы ұлы ұғымға өзінше үн қосып, уақыт тынысын бояу арқылы бедерлеп келеді.
Осындай ізденістердің қатарында суретші Бақытнұр Бүрдесбековтің шығармашылығы да айрықша орын алады. Байқасаңыз, оның туындыларында ұлттық тамыр мен қазіргі көркем ойдың сабақтастығы байқалады. Суретші нақты бір көріністі ғана бейнелеп қоймай, сол сәттің ішкі мағынасын, адамның табиғатпен байланысын ашуға тырысады.
Картина жазу стилі ерекше Бақытнұр Бүрдесбековтің «Жас мерген» картинасы – осы тұрғыдан алғанда назар аударарлық шығарма. Мұнда суретші қазақтың дәстүрлі мәдениетіне тән мерген бейнесін алға шығара отырып, адам болмысы, мақсат, сабыр және рухани дайындық жайында ой қозғайды.
Қазақ ұғымында мерген бейнесі ежелден ерекше мәнге ие болған. Ол тек қолына қару ұстаған адам емес. Мергендік – табиғатты тану, төзімділік, дәлдік пен ішкі тәртіптің белгісі дер едік. Суретші осы ұғымды жас кейіпкер арқылы жеткізеді. Картинадағы мерген бейнесінен асығыстық емес, жинақылық байқалады. Ол шешуші сәт алдында тұрғандай әсер қалдырады.
Бір қарағанда, қарапайым көрінетін осы сәттің өзінде үлкен философиялық астар жатыр. Неге десеңіз, нысанаға бағытталған көзқарас адамның өз болашағына, өз таңдауына деген жауапкершілігін меңзейді.
Шығарма композициясының негізгі өзегі – адам мен кеңістіктің арақатынасы. Суретші кейіпкерді табиғи ортадан бөліп қарамайды. Жас мерген мен дала біртұтас көркем әлем ретінде көз тартады. Қазақ өнерінде дала көбіне еркіндіктің, кеңдіктің белгісі ретінде бейнеленеді десек, бұл туындыда да түрлі бояу ойнақтаған кеңістік кейіпкердің сыртқы ортасы ғана емес, оның рухани әлемінің жалғасы секілденіп кете береді.
Ал композициядағы тепе-теңдік көрермен назарын кейіпкердің ішкі жан-дүниесіне қарай жетелейді. Мұнда адырнаны кере тартып тұрған қозғалыстан бұрын ой бар. Дауыл алдындағы тыныштықтай әсер сыйлайды. Суретші оқиғаның нәтижесін көрсетпейді. Ол көрерменді дәл сол бір сәтке алып келеді. Бұл деген – бейнелеу өнеріндегі күрделі тәсілдердің бірі.
«Жас мерген» атауындағы «жас» ұғымының да символдық салмағы бар секілді. Астарына үңілсек, жаңа буынның бейнесі. Қазақ қоғамында дәстүр ұрпақтан-ұрпаққа берілетін рухани мұра ретінде қарастырылған. Ат үстіндегі өнер, аңшылық мәдениет, дала заңдылығы – халықтың өмір салтымен бірге қалыптасқан құндылықтар. Суретші осы тарихи сабақтастықты жас кейіпкер арқылы көрсетеді. Ол өткеннің көшірмесі емес, дәстүрді жалғастырушы жаңа тұлға ретінде бейнелейді.
Бақытнұр Бүрдесбековтің қай туындысын алсаңыз да, түс қою орны ерекше. Ол бояуды тек табиғатты суреттеу құралы ретінде емес, көңіл күйді жеткізетін көркем тіл ретінде пайдаланады. «Жас мергендегі» жылы реңктер туған жер ұғымын, дала тынысын сезіндіреді. Табиғи түстер шығарманың ішкі сабырлы әуезін күшейтеді. Жарық пен көлеңке арқылы кейіпкер тұлғасы айқындалып, оның психологиялық бейнесі тереңдей түседі. Суретшінің қолтаңбасында артық детальға әуестік жоқ. Ол басты ойды қарапайым әрі әсерлі бейне арқылы жеткізуге ұмтылады. Суретші дала образын сыртқы көрініс ретінде емес, ұлттық рухтың айнасы ретінде қарастырады. Оның кейіпкері – өткеннің елесі емес, бүгінгі ұрпаққа жол сілтейтін бейне. Өнердің құдіреті де осында. Бір дәуірдің ғана шежіресін емес, адамзатқа ортақ ойларды жеткізеді.