• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
23 Қыркүйек, 2013

Қазақстанда жанармай қорының жағдайы мүшкіл

424 рет
көрсетілді

Еліміздегі жанармай қорының жақын күндерде таусылып қалатын түрі бар. Осының салдарынан таяу күндері республикада АИ-92 маркалы бензин мен дизель отынының бағасы күрт шарықтап кетуі әбден ықтимал. Бұл туралы «Астана» телеарнасы хабарлады.

Тілшінің айтуынша, тіпті жанармайдың мүлдем жоғалып кетуі де ғажап емес. Осы ретте жанармай қауымдастығы өкілдері: «Бөлшек сауда иелері соңғы төрт айда қажетті деңгейдегі мұнай өнімдеріне қол жеткізе алмай отыр»,- деп қынжылады. Олар бұл мәселенің өздері тарапынан бірнеше рет көтерілгенін де ауызға алып отыр.

Расында да көршілес елден жеткізілуі тиіс 234 мың тонна сұйық отынның өзі жанармай тапшылығын шеше алмайды. Айта кетейік, бұған дейін Мұнай және газ министрлігінің бұйрығымен отандық үш компания ғана Ресейден мұнай өнімдерін жеткізуші оператор болып белгіленген болатын.

«Егер сұйық отын болмаса, жанармай бекеттері оны талон немесе карточкамен саудалайды. «Қазмұнайгаздың» жанармай бекетінде кептеліс туындайды. Аз уақытта олардағы жанармай да таусылады. Біз мұның алдын алғымыз келеді», - дейді «Қазақстанның жанармай қауымдастығы» басқарма төрағасы Болат Әуетаев.

Тасымалдаушы операторлар Павлодар мұнай өңдеу зауытының жеткілікті деңгейде сұйық отынмен қамтамасыз етілмей отырғанын алға тартады. Олар жанар-жағармайды Ресейге қарасты Петропавловск стансасынан автокөлікпен жеткізіп отырған көрінеді. Бұл өз кезегенде онсыз да қымбат болып табылатын жанар-жағармай бағасының шарықтауына әкеп соқтыруда. Мұнай өнімінің аз көлемде тасымалдануы салдарынан, қазірдің өзінде қауымдастық мүшелерінің көпшілігінде дизельді отынның аз қоры қалыпты.

«Біраз күнде оның өзі таусылады», - деп алаңдайды мамандар. Ал Шымкенттегі мұнай өңдеу зауыты қайта жөндеуден өткізілетіндіктен, жағдайдың ушығып кетуі де ғажап емес.

Құрыш Нұрымбет.

 

Соңғы жаңалықтар