• RUB:
    5.05
  • USD:
    521.81
  • EUR:
    543.67
Басты сайтқа өту
Қазақстан 07 Мамыр, 2020

Азамат сыны – ерлік, ерлік сыны – елдік

838 рет
көрсетілді

ІІ дүниежүзілік соғыстағы ерлігінің арқасында 100-ден астам қазақстандық «Даңқ» орденінің толық иегері атанса, 500-ге жуығы Кеңес Одағының Батыры атанды, оның төртеуі Түркістан қаласынан аттанғандар еді. Солардың бірі – Кеңес Одағының Батыры Абдулла Үсенов.

Күні бүгінге дейінгі жазылып жүрген деректерге қарағанда, Абдулла Үсенов 1924 жылы 18 шілде күні Түркістан облысына қарасты Түркістан қаласында дүниеге келіп, 4 сыныптық теміржол мектебін бітірген. Соғысқа дейін Түркістан вагон жөндеу депосының цех механигі болып жұмыс істеген. 1942 жылы әскер қатарына шақырылып, І Украин майданыдағы 60-шы армияның 112-ші Рыльск-Коростень атқыштар дивизиясы, 159-шы саперлер батальоны құрамына сапер болып алынады. Әскери шені – қатардағы жауынгер. Ұрысқа алғаш 1943 жылдың ақпан айында қатысып, осы жылғы 7 желтоқан күні Украинаның Житомир облысы, Коростень ауданына қарасты Нивки селосы түбінде болған ұрыста фашистің «Жолбарыс» танкісін жою кезінде өзін танкінің астында жарып қайтыс болады. Осы ерлігі үшін 1944 жылы 25 тамызда КСРО Жоғарғы Кеңесінің Төралқасының Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы беріледі.

Бүгінге дейін Абдулла туралы жоғарыдағыдай сараң да, өте қысқа деректерден басқа дерек жоқ. Сондықтан мақсатымыз – қасиетті Түркістан топырағының батыр перзенті туралы толығырақ мәлімет жинау болғандықтан, Қорғаныс министрінің Орталық мұражайы мен Үсеновтің қызмет еткен І Украин майданы құрамындағы 60-шы армияның 112-ші Рыльск-Коростень атқыштар дивизиясы, 159-шы саперлер батальоны, ондағы әскери бөлімнің командирлері жайлы деректер іздеп, Қорғаныс министрінің Орталық мұражайы мен Ресейдің Подольск әскери мұражайына (РФ МО ПВА) сұраулар салдырдық, біршама адамдармен байланыс жасадық. Нәтижеде мынадай мәліметтер жиналды:

Бірінші – Ленинградтық әскери-ауыстыру орнының № 00440493 санды тіркеу карточкасы. Мұндағы деректерге қарағанда, Абдулла әскери антты 173-атқыштар полкінде 1943 жылы қабылдап, ұрыста І дәрежелі жарақат алған. Ленинград маңындағы госпиталда емделген. Емделген соң «4-ші Денсаулығы түзелген арнайы батальон құрамына тіркеліп, 2-ші ротаға 134-ші болып әскери есепке алынған. Одан соң 47 қосалқы артиллерия полкі 3/1380 команда құрамына жіберілген.

Екінші – Қорғаныс министрі Орталық мұражайының әскери-ауыстыру орны туралы № 12343728 хабарлама құжаты. Хабарлама құжат жоғарыдағы Ленинградтық әскери-ауыстыру орнының тіркеу карточкасы негізінде жазылған, № 530762 санымен тіркеуге алынып, № 43264 санды іс-қағазына тігілген. Дегенмен, құжатта 47 қосалқы артиллерия полкі 3/1380 командасы Ленинград облысы, Всеволожский ауданы, Токсово поселкасында орналасқаны, ол арадан Абдуланың І-ші Украин майданы құрамындағы 60-шы армияның 112-ші Рыльск-Коростень атқыштар дивизиясы 159-шы арнайы жасақталған саперлер батальонына сапер болып ауысқаны нақтылана түседі.

Үшінші –Абдулламен бір взводта болған, соңғы рет көрген және оны жерлеуге қатысқан қаруласының естелігі. Ол – ІІ дәрежелі «Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз» және «Даңқ» орденінің толық иегері, алғаш 1-ші Украин майданы, 60-шы армиясы, 112-ші Рыльск-Коростень атқыштар дивизиясының 159 саперлер батальонының сапері болған, кейін арнайы жасақталған 159-шы саперлер батальонының бөлімше командирі болған Андрей Тимофеевич Орленко. Ол соғыстан кейін Украинаның Конотоп қаласындағы орта мектепте әскери дайындық және денешынықтыру пәндерінің мұғалімі болып еңбек етеді. Конотоп қаласы мен Коростень ауданы орталығында мұражай ашып, көптеген суреттер мен ұрыс қимылы туралы тың деректер берген. Қайтыс болғанға дейін мұражаймен тығыз байланыста болған. Орленко – орыс жазушысы Борис Иванович Дубровтың «Солдат даңқы» кітабының негізгі кейіпкері. Б.И.Дубров А.Т.Орленконың айтуымен Абдулланың ерлігі туралы «Ешбір қателіксіз» («Без единой ошибки») атты көлемді очерк жазған. Очеркте 159-шы саперлер батальоны 2-ші саперлар взводының 1943 жылғы 7 желтоқсанда Коростень қаласын қорғау кезіндегі бір күндік ерлігі баяндалады: Орленко, Байбулов, Леднев, Мякотный мен Үсеновтың ерлігі суреттеледі. Автордың баяндауынша, Абдулла взводқа басқа бөлімнен ауысқан, саперлікті меңгере қоймаған жауынгер. Сондықтан сол күнгі ұрыста ентелеп келген жау әскерлеріне қарсы оқ атып, кәнігі маман сапер-қаруластарының танкіге қарсы 120 мина қоюына жағдай жасайды. Жас шыбықтай талдырмаш, бірақ аса қайсар мінезді, дегенмен аңғырттау келген қазақ жігітінің ерлігіне тәнті болған Орленко Абдулланың сол күнгі ерлігін тамсана отырып айтады. Екеуі сол күні Коростень қалашығынан 12 шақырымдай жерде болған ұрыста әскери бөлімнің Жауынгерлік туын жанып жатқан штаб ішінен алып шығып, немістермен бетпе-бет келеді, жаралы қаруласы Ледневты жау оғының астынан арқалап шығады. Ал шешуші сәтте минаны құшағына алған Абдулла өзін «Жолбарыс» танкісінің шынжыр табанының астына тастайды. 1943 жылдың 18 желтоқсаны күні 112-ші Рыльск-Коростень атқыштар дивизиясының командирі полковник (03.06.1944 жылдан генерал-майор) Александр Васильевич Гладков А.Үсеновтңң ол ерлігін жоғары бағалап, Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынады.

Төртінші – 112-ші Рыльск-Коростень атқыштар дивизиясының командирі полковник А.В.Гладковтың Абдулланы Кеңес Одағының Батыры атағына ұсыну туралы Ресей Федерациясы Подольск әскери мұражайынан алынған марапаттау қағазының көшірмесі. Онда: «7 желтоқсан 1943 жылы немістің танкілері «Сталин» атындағы ұжымшарда орналасқан әскерді бұза-жарып, Кеңес әскері шоғырланған құрамаға бағытталған сәтте Үсенов батальон қолбасшылығынан танктер жүретін жолды миналау туралы тапсырма алды. Үсенов межелі жерге жеткенімен мина орналастыратын орынды қазып үлгермеді: қарсы шыққан немістің танкісі оған 50 метрдей жақын келіп, пушка мен пулеметтен тікелей оқты қарша боратты. Жолдас Үсеновке жолдың сол жиегіне шығып, танк өтетін жолды жауып тастау туралы тапсырма берілген болатын. Ол ара жабылса, біздің әскерлер шоғырланған негізгі құрамаға өтетін танктің жолы жабылып, тосқауыл қойылады. Танкке қарсы екі минаны арқалаған ол жер бауырлай отырып жолдың қилысына жылжыды. Оны жаудың танк жүргізушісі байқап қалды. Сегіз танкінің бірі Үсеновке қарай жүрді. Танктің келе жатқанын байқаған Үсенов минаны жаруға дайындай бастады. Танк бірнеше метр жақын қалғанда Үсенов минаны құшағына қысып, танктің шынжыр табаны астына өзін тастады. Жарылыс болып, танкті талқан етті. Үсенов жолдас өз өмірін құрбан ете отырып, асқан ерлік көрсетті: ол жаудың танкісін қопарып тастады, қаруластарына ерлік үлгісін көрсетті, оның бұл қаһармандығын қаруластары жоғары бағалап, «Кеңес Одағының Батыры» атағына лайық деп ұсынды. Қызыләскер Үсеновтың денесі Нивки-Злобичи мекені арасындағы төбеге қойылды. 112-ші Рыльск-Коростень атқыштар дивизиясының командирі полковник А.В.Гладков» деп жазылып, қол қойылған.

Бесінші – Акрам Агзамович Шариповтың «Черняховский» кітабы. Кеңес Одағының екі дүркін батыры, 60-шы армияның қолбасшысы, генерал-полковник И.Д.Черняховскийдің өміріне арналған еңбек. 1944 жылы 28 маусым күні И.Д.Черняховский әскери бөлімдерде ерлікпен қаза тапқан жауынгерлердің туыстарына хат жазған. Хаттар ішінде Абдулланың ерлігінің тарихи маңызын айта отырып, 112-ші атқыштар дивизиясының командирі, генерал-майор Александр Васильевич Гладковпен бірігіп анасына жазған хат та бар. Онда: «Ардақты ана! Адамның есінен шықпас елеулі күндер болады. Сондай ұмытылмас күнді есімізде қалдырған Сіздің ұлыңыз. Оны Сізге жеткізуге асықтық. 1943 жылы 7 желтоқсанда Житомир облысы, Коростень қаласы маңында біз фашист танкілеріне қарсы кескілескен қатты ұрыстар жүргіздік. Осы ұрыста Сіздің сүйікті ұлыңыз қаза тапты. Бұл оқиға былай болды: бізге қарсы жаудың 8 танкісі келе жатты. Абдулла жауды өткізбеуге тырысты. Ол танк қирататын 2 мина алып, ажал машинасына ұмтылды. Фашистер оқты үсті-үстіне боратты, бірақ Абдулла аман-есен өтіп, бастап келе жатқан танкісіне жетіп, астына түсті, танк талқан болды. Сүйікті ана, Сіздің ұлыңыз, осылай ерлікпен қаза тапты, бірақ ол жау танкісін ілгері өткізбеді. Бөлім бұйрығы бойынша балаңыздың есімі «Мәңгі есте қалдыру» тізіміне жазылды. Отан батыр жауынгердің ерлігін жоғары бағалады. КСРО Жоғарғы Кеңесінің Жарлығына сай «Кеңес Одағының Батыры» атағы берілді. Біз Абдулладай ұл тәрбиелеп өсірген Сіз сияқты қазақ халқының ардақты анасына шын жүректен алғыс айтамыз!

60-шы армияның қолбасшысы, генерал-полковник И.Д.Черняховский; 112-ші атқыштар дивизиясының командирі, генерал-майор А.В.Гладков» деп қол қойылған.

Алтыншы – Геннадий Кривохижин мен Дмитрий Романов құрастырған «Полесьяның алтын жұлдыздары» атты кітап. Онда Житомир өңіріндегі ұрыста ерлік көрсеткен Үсенов, Кривохижин, Носов, Захаров сияқты батырлардың ерлігі жазылған. Абдулла туралы очерк Г.И. Кривохижиннің айтуымен жазылған. Очерк «Қазақ даласының қайсар ұлы» деп аталады. Очерктің қысқаша мазмұны төмендегіше: «...Командир алдында жас шыбықтай талдырмаш қазақ баласы бой түзеді. Оның арқа қабында миналар, үстіндегі плащында да миналар бар еді. «Абдулла, саған ерекше тапсырма: алдымыздағы 300 метр жердегі қара жолақты көремісің, оң жақтағы жолдан басталған?». «Көріп тұрмын», – деп қысқа жауап берді. «Онда біздің миналы алдыңғы шебіміз болады. Жау танкілері жұлқынып келгенде, біздің атқан оғымызға борттарын тоса бастайды. Саған түсінікті ме?». «Түсінікті», – деп Абдулла Үсенов сабырлы жауап берді. «Жырамен жасырына бой тасалап сонда жүгіріп бар да, қара егістік даласынан өтетін жыра бойындағы өткел жолды миналап таста», – деп взвод командирі бұйырды. «Құп болады, жолдас лейтенант!» – деп Абдулла істің мәнін түсінді. Сәл кібіртіктеп тұрып қалтасынан хат алып, лейтенантқа берді. «Егер маған бір жағдай болса, хатты жіберерсіз».

...Взвод командирі дүрбімен үздіксіз Абдулла Үсеновтың әрекетін бақылады. Ол аса қиындықпен 40 кг салмақтағы минамен жер бауырлап жырамен жүрді. Жыраның кей жерін қар басып қалса, кейбірін тас басып қалған, іші тар. Абдулла Үсенов кейде құлай, кейде сүріне тұрып алға жүгірді. Қара жолаққа аз ғана қалғанда, кенеттен жау танкілері орманнан лап қойды. Абдулла Үсеновтің миналарды қойып үлгермесін лейтенант түсінді: «Миналарды қуаттандыру, әр жерге орналастыру керек еді. Жоқ, үлгермейді! Әрекеттенуден де нәтиже болмас!». Дүрбі арқылы Абдулла Үсеновтың әр іс-әрекеті ғана емес, оның бет-бейнесі де анық көрінді. Лейтенанттың Үсеновке «жырамен жасырынып, жау танкісінің бірінші толқынын өткіз» деп айтқысы келді. Бірақ Абдулла жау танкісін жармақ болса керек. «Бұл әрекет жау танкілерінің қозғалысына үлкен кедергі келтіріп, өткелге тосқауыл болары хақ, бірақ қандай бағада?! Абдулла өзінің құрбан боларын түсінбеуі мүмкін емес», – деп ойлаған лейтенант дүрбіге үңіле түсті. Абдулла жырадан шығып, жер бауырлап, «Жолбарыс» жолын көлденең өтті. Ал қалғаны тез өте шықты. Абдулла Үсенов қолына ұстаған минасымен жау танкісі астына өзін тастады...

...өз өмірін аямастан кеудесін отқа тосып жауды тоқтатты. Оның бұл ерлігі жау танкілерінің жолына үлкен тосқауыл болып, қосымша күшті топтастыруға уақытты ұтты, қаншама қаруласын ажалдан алып қалды. ...жауды біржола қуып шығуға үлкен әсер етті».

Жетінші – Әскери шенді бекіту және марапаттау туралы Басқарма бастығы генерал-майор Ловоданың қолымен 1944 жылдың 23 маусымы күні бекітілген екі құжат. Бірінші – І Украин майданында асқан ерлік көрсеткен әскери бөлімнің генералдары, офицерлері, сержанттары және қатардағы жауынгерлерін марапаттау туралы 23 маусым 1944 жылы жазылған тізім. Алғашқы тізімдегі «Кеңес Одағының Батыры» атағына ұсынылған 21 жауынгердің тізімінде 21-ші болып Абдулла Үсеновтің есімі жазылған. Екіншісі – І Украин майданы бойынша КСРО ордендеріне 87 жауынгердің ұсынылғаны туралы «24 маусым 1944 жылы» бекітілген екі беттік анықтама.

Сегізінші – Халық комиссарлары Кадр бас басқармасының бастығы, генерал-полковник Филипп Иванович Голиковтың КСРО Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы Сталинге жазған Жарлық жобасы. Жарлық «1944 жыл 21 маусым» күні жазылып, № 464064 санымен тіркеуге алынған. Онда І Украин майданында ерлік көрсеткен әскери бөлім, командирлері мен жауынгерлерді марапаттауға ұсыныс беріп, «26.06.1944» жылғы шешіммен бекітілген.

Тоғызыншы – генерал-полковник Ф.И.Голиковтың Сталинге жазған Жарлық жобасын КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен бекітілгені туралы құжат. Жарлық екі беттен тұрады. Онда «Кеңес Одағының Батыры» атағы берілген 21 жауынгердің тізімі, оны КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы М.Калинин мен КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасы төрағасының хатшысы А. Горкин 25.08.1944 жылы бекіткен.

Оныншы – Коростень аудан орталығы мұражайынан мына төмендегідей құжаттар мен фото-деректер көшірмесі алынды: Коростень аудан орталығының мұражайынан алынған Абдулла қаза болған күнгі соғыс қимылдарының картасы; Коростень даласында қираған немістің «Жолбарыс» танкісінің суреті. Коростень қалалық әскери комиссары Н.Вачькин мен Холосненск ауылдық Кесесі төрағасының Коростень ауданы, Нивки елді мекенінде орналасқан гранитті ескерткіштің Абдулла Үсенов пен Дмитрий Иванович Музыченкоға тұрғызылғаны, қабірлерінің де осы арада екендігі туралы КСРО Қорғаныс министрлігіне куәландырып берген «№ 104-1 есеп карточкасы» мен есімдері жазылған тізім. Онда: «№ 633 бауырластар зираты. 07.12.1943 жылы жерленген Кеңес Одағының Батыры А.Үсеновтің гранитті обелискі. Екі адам жерленген 3х2 м қабір. Биіктігі 3 м, 0,8х0,8 м. «Злобичи» сегізжылдық мектебінің қамқорлығында» деп жазылса, есімі жазылған екінші құжатта «Қатардағы жауынгер Дмитрий Иванович Музыченко 1906 – 21.12.1943. Қызыләскер Абдулла Үсенов 07.12.1943», – деп Абдулланың туған жылы жазылмаған; Абдулла Үсенов жерлеген Нивки елді мекен іргесіндегі 50 56′01″ солтүстік ендік пен 28 46′55″ шығыс бойлықтағы төбенің көрінісі; Абдулла танкі астына кіріп қаза болған жыраның көрінісі; Нивки-Злобичи мекендері арасындағы саябақта орналасқан бауырластар зиратының суреті.

Жалпы бауырластар зираты 1965 жылы ашылған. Онда Ұлы Отан соғысы жылдары Житомир өңірін азат етуде қаза тапқан 26 Кеңес Одағының Батырының есімі алтын әріптермен жазылған. Соның бірі 19-шы реттік санда Үсеновтің есімі жазылған.

Бауырластар зиратына есімдері жазылған жауынгерлердің денесі қаза болған жерінде жерленген, барлығының басына арнайы гранитті ескерткіш қойылған. Ескерткішті сол маңда орналасқан елді мекендердегі мектептер қамқорлығына алған.

Он бірінші – Абдулланы ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапаттау туралы Қорғаныс министрі Орталық мұражайынан алынған № 85 марапат құжатын куәландырған жазбаның көшірмесі. Онда: «Абдулла Үсенов Қазақстан ССР, Шымкент облысы, Түркістан ауданы, Жүйнек ауылында туған. Марапатталған құжаттың күні: 06.04.1985. Жазбаның № 1520109829» деген жазба мен ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденінің суреті бар.

***

Жоғарыдағы деректерді салыстыра отырып зерделесек, Абдулла Үсеновтің бейнесі бұрынғыдан да сомдала түседі. Яғни, Абдулла Үсенов Түркістан облысына (бұрынғы Шымкент облысы) қарасты Түркістан қаласында туып, 4 сыныптық теміржол мектебін бітірген. Әскерге шақырылғанға дейін Түркістан вагон депосында слесарь болып жұмыс істейді. Түркістан аудандық әскери комиссариатынан әскерге 1942 жылы қазан айында шақырылған. Артилеристер курсында үш ай оқып, 1943 жылы қаңтар айында Ленинград майданындағы артиллеристік бөлімнің 173-ші атқыштар полкінде әскери антты қабылдайды. Бұл кезде жау қоршауындағы қаланың жағдайы қиын болатын. 1942 жылы кеңес әскерлері қоршауды бұзу мақсатымен екі рет шабуыл жасайды. «Любан операциясы» және «Синявин операциясы» деп аталған бұл шабуылдар сәтсіздікке ұшырағаны тарихтан мәлім. Ленинград пен Волхов майдандарын бір-бірінен бөліп тастаған немістердің 18-ші армиясы табандап, орнынан қозғалмай қояды. 1942 жылдың 18 қарашасында Ленинград майданының қолбасшылығы Қызыл Армияның Жоғарғы қолбасшысына қала қоршауын бұзуға бағытталған жаңа операция жоспарын ұсынады: Ленинград пен Волхов майдандарының әскерлерінен екпінді топ құрып, Шлиссельбург-Синявин қылтасында шабуыл бастап, Ленинградтың қоршауын бұзу көзделеді. 2 желтоқсанда Жоғарғы Бас Қолбасшылық Ставкасының № 170696 бұйрығы бойынша бұл жоспар бекітіліп, шабуыл операциясына «Ұшқын» деген атау береді. Үсеновтың үш айлық артилеристер курсын бітіруі осы тарихи оқиғаға тұспа-тұс келіп, 1943 жылдың 12-30 қаңтар аралығындағы «Ұшқын» операциясына артиллерист болып қатысады. Ұрыста 1-ші дәрежелі жарақат алып, Ленинград іргесіндегі № 95, №1170 далалық госпитальдың бірінде емделген. Емделген соң «4-ші Денсаулығы түзелген арнайы батальон құрамына тіркеліп, 134-ші болып 2-ші ротаға әскери есепке алынады. Кейін Ленинград облысы, Всеволожский ауданы, Токсово поселкасындағы 47 қосалқы артиллерия полкінің 3/1380 командасына, одан соң І-ші Украин майданы құрамындағы 60-шы армия, 112-ші Рыльск-Коростень атқыштар дивизиясының 159-шы арнайы жасақталған саперлер батальонына сапер болып ауысады. 159-шы саперлер батальоны 1943 жылдың 6-9 желтоқсанда Коростен ауданына қарасты Нивки мен Злобичи елді мекендері арасындағы орманды алқап пен егісті дала үшін болған ұрыста 25 танкке қарсы тұрып, жояды. Осы ұрыста Абдулла жау жолына тосқауыл жасау үшін ауыр салмақты минаны құшақтаған бойы танкісінің шынжыр табанының астына өзін тастап, бұрын қайталанбаған ерлік үлгісін көрсетеді.

159-шы саперлер батальонының взвод командирі лейтенант Потокин мен 2-ші взвод командирі лейтенант Чуждан Абдулланың шашырап кеткен денесінің біршама кесек еттері мен қолының бір бөлігін жинатып алып, қарулас серіктеріне Нивки елді мекен іргесіндегі 50 56′01″ солтүстік ендік пен 28 46′55″ шығыс бойлықтағы орман жиегіндегі төбеге жерлетеді. Жерлеуге украин жігіттері Андрей Орленко мен Мякотный және башқұртстандық Байбулов қатысады.

1965 жылы Жеңістің 20 жылдық мерейтой қарсаңында А.Т.Орленко бастама көтеріп, Коростень ауданы үшін болған ұрыстарда Кеңес Одағының Батыры атағын алған жиырма бір жауынгерге арнап Нивки-Злобичи елді мекендері арасындағы саябақтан бауырластар зиратын ашады.

Дегенмен, бізге дейінгі жеткен деректерде 112-ші атқыштар дивизиясының командирі Кондратьевтің Абдулланың анасына жазған хаты мен «Қазақ даласының қайсар ұлы» атты очерктің аудармасы және аталған кісілердің қызметі дұрыс берілмеген. Біріншіден, ол кезде 60-шы армияның қолбасшысы, генерал-полковник И.Д.Черняховский, штаб бастығы генерал-майор Геворк Андреевич Тер-Гаспарян, 112-ші атқыштар дивизиясының командирі, генерал-майор А.В.Гладков, батальон комиссары, капитан Мочалов, рота командирі аға лейтенант Г.И.Кривохижин, взвод командирлері лейтенант Чуждан мен лейтенант Потокин болған. Бұл кезде генерал Александр Кондратьевич Кондратьев Ворошилов атындағы Жоғарғы әскери академияда аға оқытушы болын қызмет еткен. Үсеновтың анасына хатты армия қолбасшысы генерал-полковник И.Д.Черняховский жазған. Ол жайлы А.А.Шариповтың «Черняховский» атты кітабында кеңінен жазылады. Ал Г.И.Кривохижин Үсеновтың досы емес, рота командирі. Тіпті, ол жуық арада ротасына келген Абдулланы танып үлгермеген де болатын.

Қорыта айтқанда, Түркістан перзенті, Кеңес Одағының Батыры Абдулла Үсеновтің өмірі мен өскен ортасы туралы әлі де болса зерттеу жүргізуді қажет етеді. Өйткені бұл шағын мақалада біз кейіпкеріміз туралы толық әрі дау тудырмас нақты да, тиянақты деректер жинастырдық деп айта алмаймыз. Әрине, өшпес ерлік көрсетіп, өз ортасы мен кейінгі ұрпаққа үлгі болған Абдулладай алдыңғы буынның іс-әрекетін өз дәрежесінде дәріптей алмау – кейінгі буынға сын, әрі мін болары анық. Сын болары – батыр ұрпағын кейінгі ұрпаққа үлгі ете алмай келсе, мін болары – батыр ұрпағын өз дәрежесінде қамқорлық ете алмай келгені.

 

Қазыбек Тәжиев

филология ғылымдарының кандидаты,

Nur Otan партиясы Түркістан облыстық

филиалы саяси жұмыстар бөлімінің кеңесшісі