Қай бала болмасын қаршадайынан бір нәрсеге қызығып, талабын таудай сезініп талпынатыны сөзсіз. Асаудай арманын бас білдіріп, ер-тоқым сап ерттеп мінгісі келеді. Құлдыраңдап жүріп құлшынады. Құлайды. Қайтып тұрады. Сүрінеді. Аптығып алға ұмтылады. Жігерін жанып тағы да бұлқына түседі. Данышпан Дидроның қағидасына сүйенсек: «Қызығушылық – аса нәзік һәм қаһарман идеяның қайнар көзі».
Қай бала болмасын қаршадайынан бір нәрсеге қызығып, талабын таудай сезініп талпынатыны сөзсіз. Асаудай арманын бас білдіріп, ер-тоқым сап ерттеп мінгісі келеді. Құлдыраңдап жүріп құлшынады. Құлайды. Қайтып тұрады. Сүрінеді. Аптығып алға ұмтылады. Жігерін жанып тағы да бұлқына түседі. Данышпан Дидроның қағидасына сүйенсек: «Қызығушылық – аса нәзік һәм қаһарман идеяның қайнар көзі».
Мен білетін Тілеуберді бала кезінен балшық езіп, саз илеп, сан түрлі бейнені мүсіндеуге құштар болды. Әке-шешесі ақ таяқ ұстап ақтылы қой айдаған шопан. Арагідік қой жайып, қозы бағып жүрген кезінде жер сызып жүріп талай мәрте отарынан айырылған, өз отары мен өзгенің отары қосылып кетіп, қанша рет қара таяқтың ізі арқасын осты. Әкесі шыбықпен шықпыртып та көрді. Бірақ бәрібір, «сол баяғы-баяғы, Байқожаның таяғы» дегендей, ойы бір жақта, қойы бір жақта. Мелдешқұдықтың айналасындағы балшықтан қай мүсінді қалай жасаймын деумен-ақ басы қатты.
Әйгілі қылқалам шебері Әбілхан Қастеевтің: «Мен сурет салуды таудың бұлағынан, көлдің құрағынан, анамның киізінен, қошқардың мүйізінен үйрендім», деген танымды сөзі тасқа басқандай артында қалды. Ал, Тілеуберді ше? Сырдың сағасында, қамыстың арасында жүргенде, өзі өсіп-өнген Отырар өңірінің кестелі келбеті тартып тұрды-ау?! Оның ұстазы – Оңтүстіктің табиғаты.
Балалық шағының бір оқиғасын айта кетейін. Сырдың суына шомылып жүрген балалар: «Әй, сары бала, өзеннің арғы бетіндегі жағалауға біреулер керемет сурет салып кетіпті?!» деп алдайды. Сурет десе алдындағы асын жерге қоятын Тілеуберді балақай соны көріп келем деп, Сырдың иіріміне кетіп қала жаздаған. Бір қайықшылар тор лақтырып құтқарып қалған. Көрер жарығы бар екен, алда-жалда ағып кеткенде Ордабасыдағы Қажымұқан атасының бұлшық еті білеу-білеу тұлғасын кім мүсіндер еді? Сонда Тілеуберді 20 жастағы жігіт еді ғой. Тәспідей тізіп қайтейін, алты алаштың аузында жүрген тұлғаларымыз Абылай хан, Төле би, Әл-Фараби, Қазыбек би, Әйтеке би, Мұңлық-Зарлық, Керей мен Жәнібек, Қарасай батыр, Махамбет, Исатай, Кейкі батыр, Күләш Байсейітова, Ахмет Жұбанов, Төлеген Тәжібаев, Мұхамеджан Тынышбаев, Ыбырай Алтынсарин, Дінмұхамед Қонаев, Алатау алыбы Сүйінбай, Жамбыл ата, Бауыржан Момышұлы, Мәншүк Мәметова, Шоқан Уәлиханов, Сұлтанбек Қожанов, Әнуар Молдабеков, Әсет Бейсеуов, Шәмші Қалдаяқовтың мүсіндерін кім қашар еді?
Күндердің күнінде қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековке мұңын шақты.
– Жас шағымда Мәскеудің көркемсурет институтына немесе Ленинградтағы Суретшілер академиясына бара алмадым, – дегенде, Өзағаң:
– Сенің сол жаққа барып, оқуға түспегенің жақсы болған. Есесіне, сен ауылдың академиясын бітірдің. Сенен ауылдың исі аңқып тұр! – деп баға берген. Үлкен баға. Әділ баға.
Аса дарынды ақын ағасы Қадыр Мырза Әлінің өнерін бағалаған пікірі де өзгеше. «Тілеубердінің қолтаңбасынан ұлтымыздың рухын, бедерінен бет-бейнесін көремін», деді ол.
Біртуар композитор Шәмші Қалдаяқовпен көп араласты. Сырласты. Мұңдасты. Шәмші ағасы «Екеуміз самородокпыз!» дейді екен. Қонаққа барғанда: «Қажымұқанның авторы!» деп төрге шығарады. Құрдасындай көрді. Не үшін? Өнер үшін. Елгезектігі үшін. Қарапайымдылығы үшін қадірлеген.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, республика Суретшілер одағының мүшесі, мүсін өнерінің хас шебері Тілеуберді Бинаштың шығармашылығы мен қоғамдық қызметі туралы қысқаша мәлімет бере кеткен жөн.
Кеңес Одағы кезінде, 1977 жылы қазақ халқының даңқты балуаны, күш атасы Қажымұқанның ескерткішін сомдады. Бұл еңбегі үшін «Қажымұқан ескерткішінің тұңғыш авторы» атанды. Еліміздің аса көрнекті саяси қайраткері Д.Қонаев және көптеген мәдениет, өнер шеберлері «қаршад ай бала» жасаған Қажымұқанның ескерткішін өте жоғары бағалады. Бұл жөнінде одақтық «Известия» газетінде арнайы мақала жарияланып, «Время» телебағдарламасынан көрсетілді.
Ол, сондай-ақ, Қажымұқанның тұңғыш мұражайының ашылуына да себепші болып, осы мұражайдың қалыптасуына көп еңбек сіңірді.
Әйгілі ұлт жанашыры, көрнекті қайраткер Өзбекәлі Жәнібековтің тікелей қолдауымен Қазақстанда тұңғыш рет «Мирас» қолөнер шеберханасын ашуға белсене қатысты. Оның жасаған көптеген мүсіндері осы шеберхананың төрінен орын алды. Бұл жөнінде АҚШ-тың атақты Би-Би-Си телекомпаниясы арнайы ақпарат берді.
1992 жылы қоғам қайраткері, ұлт мәдениетінің үлкен қолдаушысы Мұхтар Құл-Мұхаммедтің кеңес беруімен атақты Абылай ханның тұңғыш мүсінін қашады.
Бұдан біраз кейін Парламент Сенатының бұрынғы депутаты, мемлекет және қоғам қайраткері, көрнекті ғалым Әділ Ахметовтің қолдауымен Алматы қаласына Абылай ханның тұңғыш мүсіні орнатылды. Бұл жайында Әдекең ол былай деп толғанғаны бар еді.
Мен тарихқа шегініс жасап бір әңгіме айтайын. Қазақ Мемлекеттік халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің ректоры болатынмын. Осы оқу орнына қазақтың белгілі бір тұлғасының атын беру туралы идея пайда болды да, университетке Абылай хан атын берсек дұрыс болар деп шештік. Абылай хан да кезінде шетелдермен дипломатиялық қарым-қатынастар жүргізген қазақтың көрнекті хандарының бірі. «Сол тұлғаның атын берсек қалай болады?» деп министрге ұсыныс жасадым. Ол қолдау тапты. Абылай ханның аты Қазақ мемлекеттік халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетіне берілді.
Енді университеттің алдында Абылай ханның мүсіні тұрса деген ой туды. Содан, осыны іске асыруға бел байлап, мүсінші іздей бастадым. Сол кезде Тілеуберді Бинашқа кездестім. Қарап отырсам, біраз іс тындырып қойған, тәжірибе жинақтаған. Жауырыны жерге тимеген, қазақтың палуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлының мүсінін кеңестік заманда тұңғыш жасаған мүсінші екен. Осылайша, тәуелсіздікке қол жеткізген тұста біздің университеттің алдында Қазақстандағы тұңғыш Абылай хан ескерткіші бой көтерді. Абылай ханның мүсінін мұның алдында арнайы құрылған комиссия мүшелері, атап айтсақ, Абылай ханның ұрпағы – Шота Уәлихан, көк байрағымыздың авторы – Шәкен Ниязбеков, белгілі сәулетші Тоқтар Ерәлиевтер келіп көріп, үлкен ризашылықпен бірауыздан қабылдаған болатын.
Ғалым сөзіне қосып-аларымыз жоқ, бірақ Тілеуберді туралы айтар әңгіме әлі де жетерлік. Әлемге әйгілі мүсінші Микеланджелоның: «Жасаған мүсініңді қырдың басынан төмен қарай домалатып көр, қай жері артық – соның бәрі сынып, ұшып кетеді. Қалғаны – шедевр», деген сөзі бар.
Өзіміз күнде көріп жүрген Алматыдағы Абай ескерткішінің дүниеге келу тарихы да осындай танымды Һәм тағылымды жайттарға толы. Тіпті, кезінде социалистік көзқараспен: «Абай ескерткіші Лениннің ескерткішінен жоғары тұруы, тиіс емес» деген де әңгімелер айтылған. Оны айтасыз, Абайдың ескерткіші, әуеліде, екінші Алматы темір жол бекетінің алдына орнатылатын болып шешіліп те қойған-ды. Кім білсін, сол кезеңде еліміздің идеология саласына жетекшілік жасап жүрген мемлекет және қоғам қайраткері, белгілі ғалым, мәдениетіміз бен әдебиетіміздің жанашыры, өнер қамқоршысы, өмірден қарапайым да ірі қазақ болып өткен Нұртас Оңдасынов сонау Қостанай жерінен 17 жастағы қазақтың жел мен күнге тотыққан қара баласын Алматыға алдырмағанда, сол шешім күшінде қалған да болар ма еді... Жұдырықтай ғана сол қара бала Алматыдағы әйгілі Абай ескерткішінің болашақ авторы – Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның халық суретшісі, мүсінші, профессор Хакімжан Наурызбаев болатын. Қазақтың тұңғыш мүсіншісі Қазақстанның мәдениет қайраткері, ақын, «Алматы ақшамы» газеті бас редакторының бірінші орынбасары Әнуарбек Әуелбекке берген өзінің соңғы сұхбатында Мұхтар Әуезовпен екеуара өрбіген әңгімені тілге тиек етіпті. Ауыл шаруашылығы институтының алакөлеңке бір бөлмесінде жасаған Абай ескерткіші туралы ол: «Бір күні жасаған жұмысымды сыртқа шығардық. Мұхаң көріп, қатты кейіді. «Мен сені адам деп жүрсем!.. Осындай да бола ма екен, мұнда Абай жоқ», деп жер-жебіріме жетті. Айтпаған сөзі қалмады, қатты ұрысты. Ол кісі өзі ренжісе де бар көңілімен құлазитын, қуанса да, бала сияқты шын көңілімен ақтарылатын. Мен бір жұма жылап жаттым.
Енді не істеймін? Ойлануға тура келді. Шынымды айтсам, қатты ашуландым да жасаған ескерткішімді аямай балталап быт-шытын шығардым. Сөйтіп жүріп, бітірдім ескерткішт