• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
24 Қыркүйек, 2013

Үйренерлік үздік үлгі

292 рет
көрсетілді

Әуелі кітаптың дүниеге келуіне қандай оқиға себеп болғанын айтайын. Негізінде «Дінтұтқа» жинағының идеясы аспанда, былайша айтқанда Жаратқан Иемізге біртабан жақын жерде туған... Оның жайы былай.

Әуелі кітаптың дүниеге келуіне қандай оқиға себеп болғанын айтайын. Негізінде «Дінтұтқа» жинағының идеясы аспанда, былайша айтқанда Жаратқан Иемізге біртабан жақын жерде туған... Оның жайы былай.

Биылғы маусым айында Сенат Төрағасының Ресей Фе­дерациясына ресми сапарын көрсетуге Мәскеуге ұшқан едік. Ұшақ аспанға көтерілгеннен кейін шамамен бір сағаттай уақыт өткенде Қайрат Әбдіразақұлы мені өзіне шақырып, арнайы сөйлескен. Төрағаның әңгімесінде әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің бірінші съезінің он жылдығына дайындықтың барысы да сөз етілді. «Егемен Қазақстанның» ел­дің өміріндегі белгілі бір белес­терге арнап, қомақты жинақтар шығарып жүргенін білемін, бәрін де алып, оқып келемін. Газет дін туралы да жүйелі, жақсы жазып жүр ғой. Осы тақырыптағы жарияланымдардың басын қосса бір үлкен жинақ шығып қалар деймін. Сондай кітапты бірер ай көлемінде құрастырып бере алар ма едіңіздер?», деген еді Қайрат Әбдіразақұлы. Бұл іске біз құлшына кірістік. Еліміздің, Елбасымыздың әлемдегі дінаралық үнқатысуды қамтамасыз етудегі ерекше орнын көрсететін арнаулы кітап дайындауды біз съездің он жылдығына өзіміздің қосар үлесіміз әрі ел газеті ретіндегі бір парызымыз деп білдік.

Тәуелсіздіктің табалдырығында тұрған тұста біздің жас мем­ле­кетіміздің болашағы туралы болжам жасап, бал ашқандар аз бол­маған. Солардың арасында Қазақстанды алысқа бармай-ақ ара-дара күйге түседі, бір жағы­нан көпұлттылығы, екінші жа­ғы­нан көптілділігі, үшінші жа­ғы­нан көпдінділігі іштен ірітпей қоймайды, деп сәуегейсігендердің саны да аз емес еді. Содан бер­гі Елбасы бастап, ел қостап, ел­дік­тің ерен сапарына шыққан жиырма жылдан астам уақытта Қазақстан ол болжамдардың бәрі­нің күлін көкке ұшырды. Президент Нұрсұлтан Назарбаев еге­мендігіміздің елең-алаңында-ақ: «Дін – халық даналығының, мәдениеті мен салт-дәстүрлерінің шырақшысы» деп жариялап, діннің ұстараның жүзіндей нәзік нәрсе екенін, бұл салада жаза басуға болмайтынын, өйткені, адамның санасында діни және ұлттық сезімдер әрдайым тығыз астасып жататынын ескертті. Барлық діндерге бірдей қарап, кез келген діннің жоғарғы мағынасы адам мен адамзатты жоғалтып алған жетілу жолына қайтару болып табылады деп санап, конфессияаралық ке­лісімге келудің жолдарын көрсетті. Дін бостандығы толық қам­тамасыз етіліп, жүздеген ме­шіттер, шіркеулер, синагогалар, костельдер салынды, оларға ағыл­ған жас пен кәрі дінді адамзат қоғамындағы аса күрделі де ма­ңызды әлеуметтік-мәдени инс­ти­тут, ерекше қоғамдық сана және әлеуметтік құбылыс ретінде қарауды үйренді, дін атаулының бас­ты мақсаты адамның рухани жетілуі деп білді, сөйтіп мұның өзі қоғамның парасаттылық тұрғыдан тазара түсуіне жол ашты.

Елбасының ерен еңбегінің, сараб­дал саясатының арқасында бір кезде білгішсінгендер бұлардың әр діні әр жаққа тартқылап, әрі-сәрі күй кешеді, халқының басы бірікпейді деген мемлекет көп ұзамай-ақ дінаралық татулықтың мекеніне ғана емес, үйренерлік үздік үлгісіне де айналды.

Нұрсұлтан Назарбаев өзі басқаратын мемлекетте дінаралық келісімге қол жеткізумен тоқтап қалған жоқ. «Біздің бәрімізді хаққа бастайтын жол біреу. Сондықтан да діндер арасындағы әлдеқайда белсенді үн қатысудың уақыты жетті» деп, нақты іске кірісті. Дін басшыларының миссиясы адамдарға өз сенімін бір жақты бұрмалаусыз, түсінбеушіліктен, әсіресе өшпенділік пен ашу-ызадан ада, таза күйінде жеткізу еке­нін бүкіл әлемге әйгілей түсу үшін жаңашыл әрі батыл қа­дам жасады: Қазақстан елордасында Әлемдік және дәстүрлі дін­дер көшбасшыларының съезін ша­қыруды ұсынды. Саясаттың сан түрлі себептеріне байланыс­ты келісімге келу, қол алысу, уағда байласу тұрмақ, бір-бі­рін көрместей болып кетуге жақындаған діндердің де басшыла­ры Арқа төріндегі Астанада бір шаңырақтың астында бас қосып, бір тілекке тоқтады, сөйтіп, Қа­зақстан Президентінің өз сөзі­мен айтқанда, «саяси жолмен реттеу әдістері нәтиже бермеген жерде Құдай Сөзі жарастыру мен үміттің жалғыз құралы болып қалатыны» дәлелденді.

Жинақтың аты жөнінде бір ауыз сөз. Сенатор Нұр­лан Оразалин «Дінтұтқаны» б ұрын-соңды кездеспеген сөз деді. Дәл осы күйінде бұрын қол­­данылмағаны рас. Бірақ «Ай астында Айға таңсық ештеңе жоқ» дегендей, бұл сөздің де өзінің бастауы бар. Осыдан біраз жыл бұрын Мырзатай Жолдасбеков, Ақселеу Сейдімбек, Қойшығара Сал­ғараұлы үшеуі бірлесіп «Елтұтқа» деген кітап шығарған. Кі­тапта Қазақ еліне тұтқа болған тұлғалар туралы шағын-шағын мақалалар топтастырылған. Бү­гін­де Қазақстан Республикасы әлемдік және дәстүрлі діндер­дің көшбасшылары бас қоса­тын, маңызды мәселелерді тал­қы­лайтын, ортақ ұстанымға тоқтайтын дінге тұтқа елге айналды. Кітап аты солай қойылған.

Тұсаукесердің түйінді сөзін әлем діндерінің тарихында орны ерекше тұлға – Рим Папасы Иоанн Павел ІІ-шінің Қазақстанға келгенде сөйлеген жүрекжарды сөздерімен бітіруді орынды көріп отырмын. Рим Папасы Астанада былай деген еді:

«Қазақ халқы, сенi елдi шынайы прогресс тұрғысынан, ынты­мақ­тастық пен бейбiтшiлiк рухында құрудың жауапты мiндетi күтiп тұр. Қазақстан, азапқа түсушiлер мен дiни нанымдағылар жерi, айдалғандар мен қаһармандар жерi, ойшылдар мен суреткерлер жерi, ештеңеден тайынба! Егер сенiң денеңе түсiрiлген жара­қат­тың iзi терең де сан түрлi болып қалса, егер материалдық және рухани қалыпқа келтiру iсiн­де қиыншылықтар мен кедер­гi­лер пайда болса – ұлы Абай Құ­нан­байдың: «Адамшылықтың алды – махаббат, ғаделет сезiм. Ол – Жаратқан тәңiрiнiң iсi» (Қы­рық бесiншi сөз) (ұлы ақынның бұл пiкiрiн де Рим Папасы қазақ тiлiн­де айтты) деген сөздерi сен үшiн дәру әрi ынталандырғыш болсын.

Махаббат пен әдiлет! Адам­дардың қадамын бағыттап отырған Құдiретi күштi Құдай сенiң, Қазақстанның ұлан-байтақ жерi, әр қадамыңа осынау жұлдыздардың жарығын түсiрсiн!

Астанаға келуiмдi бастаған кезде менiң жүрегiмдi кернеген сезiмдер осындай. Сiздердiң ұлттық туларыңыздың түсiне қарай отырып, сiздер үшiн, қымбатты қазақтар, мен Құдiретi күштi Құдайдан көк түс символы болып табылатын берiктiк пен ашықтықты, ондағы алтын түс бейнелейтiн береке мен бейбiтшiлiктi тiлеймiн.

Саған, Қазақстан, және сенiң барлық тұрғындарыңа Құдайым рақымын түсiрiп, сенiң болашағыңа келiсiм мен бейбiтшiлiктiң нұрын төксiн!».

Айтқаны келсін дейміз.

Сауытбек АБДРАХМАНОВ,

«Егемен Қазақстан» республикалық газеті»

акционерлік қоғамының президенті.

Соңғы жаңалықтар