• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
24 Қыркүйек, 2013

Алматыда үшінші Еуразия ойындары мәреге жетті

290 рет
көрсетілді

Алматыда жастар арасындағы үшінші Еуразия ойындары өзінің мәресіне жетті. Байрақты бәсекеге осы ендікке орналасқан бес елдің болашақтарына үлкен үміт күттіретін жас спортшылары қатысты.

Алатаудың баурайындағы әсем қаланың ең жақсы спорт алаңдары мен сарайларында қыркүйектің 16-20-ы аралығындағы бес күн бойына тартысты сайыстар болып өтті. Қорытындысында Ресей саңлақтары командалық есепте бірінші орынға ие болды. Олардың қоржынына 135 алтын, 73 күміс және 28 қола, жиынтығы 236 медаль түсті. Екінші орынға табан тіреген Қазақстан оғландары 71 алтын, 86 күміс және 41 қола, барлығы 198 медальге қол жеткізді. Үшінші орынға 7 алтын, 18 күміс және 25 қола медаль қорын жинаған Беларусь елінің жасағы жайғасты. Әрбірі 3 алтын жүлдеден алып қайтқан Қырғызстан мен Тәжікстан құрамалары тиісінше бұдан кейінгі 4-5 орындарға орналасты.

Бес елден келген жас спортшылар сайыстың 8 түрі бойынша мықтыларды анықтады. Жарыс жолына бірінші болып боксшы қыздар шықты. Ондағы 13 салмақ дәрежесінің 4-інде Қазақстан қыздары (Махабат Әбдіманапова, 48 кг; Айдана Балтабаева, 50 кг; Марина Агапова, 57 кг; Ақерке Омарқұлова, 60 кг) алтыннан алқа тақты. Ал жас жігіттеріміз қазақ күресінен бір салмақ бойынша ғана (81 кг) Тәжікстан тарланына жол беріп, қалған салмақтарда алтын медальдарды түгел өздерінде қалдырды. Бұл жоғары салмақты жүлделер Нұрдәулет Алтынбеков, Райымбек Рантаев, Әбдірашид Рахманберді, Қасымбек Төленбай, Аязбек Шүкір және Ақжігіт Оралов сынды боз кілем шеберлеріне бұйырды. Спорттық гимнастикадан екі бірінші орынға қол жетті. Атап айтқанда, бөренеде өнер көрсетуде Таңшолпан Кенжақын, бағанда ойнауда Милад Карими алдарына жан салмады. Көркем гимнастикадан біздің үлесімізге жалғыз алтын медаль тиді. Оны жасөспірім қыздарымыз топтық жаттығуда алды. Ал ауыр атлетикада саңлақтар екі салмақ бойынша ғана күш сынасты. Соның бірінің алтын медалі 94 килодан жоғары салмақта озып шыққан Селимхан Абубакаровтың мойына ілінді.

Аламанның соңғы күндері еркін күрес керуен керді. Қазақстандық жампоздардың мұндағы үлкен табыстары 4 алтын медальмен өлшенді. Бұларды бізге Аббас Тәжіханов, Ербол Ділмағамбетов, Мұхамед Қуатбек және Үсен Дайыр әперді. Өкінішке орай, жаттығуларының саны барынша көп жеңіл атлетикадағы жеткен жетістіктеріміз оншалықты қомақты бола қоймады. Біздің бұлай деуімізге мұндағы 16 түрлі сайыстан бар-жоғы 2 алтын медаль ғана алғанымыз себеп болып отыр. Оларды 3000 метрге жүгірген Думан Ғабдыалиев пен 4х400 эстафетасында сайысқан төрттігіміз жеңіп алды. Сол сияқты жүзуден бірде-бір жоғары жүлдеге қол жетпеді.

Дегенмен, бұл аламанда басты мақсаттың тек жоғары орындар алудың болмағанын да айта кетуіміз керек. Ол ең алдымен жас спортшыларды келешектегі үлкен сындарға дайындаудың кезекті кезеңі ретінде қызмет етті. Сондықтан да оған қатысушылардың барлығы да ұтысқа ие болды.

Руслан Игілік.

Соңғы жаңалықтар