• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
25 Қыркүйек, 2013

Инвесторлық қаражаттың денсаулық сақтау жүйесіне қосары қандай?

330 рет
көрсетілді

Жекеменшік капиталды заң тар­мақ­тарына сәйкес денсаулық сақтау жүйе­сіне тарту аталған саланы одан әрі да­мытуға және тұрғындарға көрсетілетін ме­дициналық көмектің сапасын көтеруге қажет.

Тегін медициналық ем бүгінгі денсаулық сақтау жүйесінің басты бір базалық бағыты болып табылады. Әлеуметтік-тұрмыстық маңызы өте жоғары осы салаға мемлекет тарапынан бөлінетін қаржыландыру көлемі де жыл сайын өсіп келеді. Өйткені, әлемдік медицина үнемі алға даму, жылжу үстінде. Соңғы уақытта әлемде диагностика мен ауруларды емдеудің жаңа әдістері мен тәсілдері пайда болуда. Мұның бәріне қыруар қаражат жұмсалатыны түсінікті.

Оған қоса медицина қыз­меткерлерінің мамандығын көтеру, жаңа медициналық қондырғылар сатып алу, ескірген ауруханалар мен емханалар және клини­калар ғимараттарын қайта жаң­ғырту, оларға менеджмент және сапалық бақылау жүйесін енгізу қажеттілігін қайда қоярсыз? Бұл жұмыстардың бәріне қаржы дәне­кер болғанымен, басты мақсат – медицина ұйымдарының қызметін халықаралық стандарттарға сәй­кестендіру. Міне, осындай бүгінгі күннің өзекті мәселесі аймақтық денсаулық сақтау жүйелерінде қалай шешілуде? Ең алдымен айтарымыз, жоғарыда көрсетілген бірқатар мәселелерді реттеу­ге биыл­ғы жылдың төртінші шіл­десінде қабылданған ҚР-ның «Концессиялар» туралы заңы жаңа бір леп әкелгенін басын ашып айтуға тиіспіз. Бұл заңның басты ерекшелігі не­де? Біз осы сауалды Батыс Қазақ­стан облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Хамидолла Ирменовке қойған едік. «Концессия – мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті жүзеге асырудың бір жолы. Концессиялық келісімнің түпкі мәні мемлекеттік меншіктегі нысандарды жеке инвесторлардың уақытша пайдалануына жол ашу. Сонымен бірге, концессионер қаражаты немесе екі жақты ортақ қаржы есебінен инвесторларға жаңа нысандар құрылысын салуға құқық беру. Оның тағы бір ерекшелігі кейін бұл нысандар инвестордың қолында қалмайды. Мемлекетке қайтарылады. Мұның өзі белгілі бір аймақ пен өңірдегі уақытша басқаруға берілген медициналық мекемелер де түптің түбінде мем­лекеттік болып қала береді деген сөз» – деді сала басшысы.

Біздің бүгінгі материалымызды елімізде биылғы жазда қа­был­данған жаңа заңға қатысты мәселеден қозғап отырғанымыздың басты бір сыры – оның мәнін бірқатар батысқазақстандықтар терең түсіне, терең түйсіне алмауында. Соның салдарынан тұрғындардың кейбір бөлігінің арасында: «Алдағы уақытта бір­қатар мемлекеттік ауруханалар мен клиникалар жекеменшіктің қолына өтеді екен. Өз кезегінде олар қызметтеріне жоғары ақы қояды екен» деген алыпқашпа сөз тарағаны да жасырын емес. Дәл осы мәселеге алаңдап, қауіп еткен оқырмандардың бір тобы тілшілер қосынына да хабарласты. Сондықтан оқырмандар тілегін аяқсыз қалдыра алмай, бүгінгі күннің тақырыбына байланысты арнайы мамандармен, мемлекеттік және жекеменшіктегі денсаулық сақтау жүйесі жетекшілерімен ой-пікір алмасқанды жөн көрдік.

Журналистік зерттеу­лер мен түйіндеулер мұндай алаң­даушылықтар қажетті ақпа­раттардың жеткіліксіздігінен орын алғанын көрсетеді. Керісінше, елімізде қанат қаққан бұл бастама қазақстандықтардың жаңа сапалы медициналық көмек алуы үшін жасалып отырғанына көз жеткіздік. Ал, кейбір тұрғындар қауіп еткендей медицина меке­мелерін жекеменшіктің қолына беру жөніндегі мәселе Денсаулық сақ­тау министрлігінде мүлдем қоз­ғалмағанын да анықтадық. Рас, мұндай үлгідегі жекеменшік меди­циналық мекемелер республика аймақтарында баламалы негізде біраз жылдардан бері қызмет жасап жүр. Алайда олардың өзі тегін медициналық кепілді қызметтің көлемінде жұмыс атқарып келе­ді. Тіпті, Орал өңірінде сапалы медициналық көмек беру ар­қы­лы «үздік жекеменшік клиника» атанып, тұрғындардың сеніміне ие болған медициналық орталықтар да бар. Сәл кейінірек оған кеңірек тоқталмақпыз. Ең бас­тысы, бұл арада жекеменшік капиталды заң тармақтарына сәйкес денсаулық сақтау жүйесіне тарту – аталған саланы одан әрі дамытуға және тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын көтеруге қажет екенін түсіну өте өзекті демекпіз.

Иә, отандық медицинада мемлекеттік-жекеменшік серік­тестікті дамыту бүгінгі уақыт пен сұраныс тарапынан туындағаны кәміл. Әрі мұның өзі ж ер астынан жік шыға қалған, аяғы тік шыға қалған мәселе емес екені де аян. Бұл жөнінде алғашқы аттаныс арнайы бағдарлама шеңберінде өткен жылы жасалғаны да есімізде. Ал, егер рентабельділігі төмен, шұ­ғыл жаңғырту мен күрделі жөндеуді қажет ететін белгілі бір мемлекеттік медициналық мекемелер инвесторлық қаражаттың көмегіне арқа сүйейтін болса, оған үрке қараудың ешқандай жөні жоқ. Яғни, іске қосылады деп күтілген жаңа тетік жағдайында кез келген денсаулық сақтау ұйымдары мемлекеттік тапсырыс­тарды орындауды одан әрі жалғастыра түспек. Сонымен бірге, медициналық қызмет көрсету үрдісі мүлдем өзгермейді. Бұрынғыша қала береді. Ең бас­тысы, кепілді медициналық көмек көрсету тәртібіне ешқандай нұқсан келмейді. Мұндайда тек көрсетілген медициналық қызметтің тиімділігі мен сапасы артуын ғана күтуге болады дейді сала мамандары.

Мемлекеттік-жекеменшік серік­тестік туралы әңгіме қозғалған кезде елімізде бұған дейін жақсы нәтижемен медициналық көмек көрсетіп келген жекеменшік медицина мекемелерінің іс-тәжірибесін де ұмыт қалдыруға болмас еді. Солардың бірі Орал қаласындағы «Медицина орталығы» ЖШС көп салалы типтік үлгідегі ауруханасы. Мұндағы стационарлық емдеу жүйесі 200 кереуетке ла­йықталса, емханада бір ауысымда 200 адам дәрігерге көріне алады. Орталықтағы бүгінгі за­манғы жоғары технологиялық медициналық құрал-жабдықтар сапалы диагностикалық зерттеулер мен емдеуге мүмкіндік береді. Бұл мекеменің басты әлеуеті – жоғары деңгейдегі білікті медицина мамандары. Мұндағы дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлерінің түгелге жуығы жоғары және бірінші категориядағы бесаспап мамандар.

– Біздің көп салалы ауруха­на тұрғындарға тегін және ақы­лы негізде қызмет көрсетеді. Кли­никаға емделгісі келетін тұрғындар портал бойынша тегін келіп түседі. Стационарлық емдеу тұрғындардың емханалардан алған жолдамалары арқылы қолжетімді түрде іске асырылады. Жеке клиниканың 13 жылдық тәжірибесі көптеген оң сараптамалар мен талдаулар жасауға мүмкіндік береді. Атап айтқанда бізде тегін кепілді медициналық көмек шеңберіндегі мемлекеттік тапсырыс ақысы таза мемлекеттік клиникалармен салыстырғанда мемлекет үшін 40 пайызға арзанға түседі, – деді газет тілшісіне «Ме­дициналық орталық» ЖШС-нің директоры Рафхат Истаев.

Жекеменшік клиника жетекшісі айтқан бұл дерек журналистік қызығушылығымызды оятты да, оның арғы астарына үңілуге тырыстық. Мұның мәнісі мынада болып шықты. Мемлекеттік тапсырыс төлемі жеке клиникаларда тек бір ғана тарификатор арқылы төленіп, бұдан біраз мемлекет қаржысы үнемделеді екен. Айталық терапевтік емдеу түрлері мен оталарға белгіленген тарифтер бойынша ғана ақы алынады. Сондай-ақ, мемлекеттік емдеу мекемелеріне жөндеу жүр­гізу үшін бюджеттен қосымша қаражат бөлінсе, жеке клиника жағдайында бұл инвестордың өз ісі болып табылады.

Тағы бір айтарымыз, бюд­жеттік қаражат медициналық қондырғылар мен аппараттар алуға, көлік қызметімен қамтуға да жұмсалады. Мұның сыртында мамандардың біліктілігін көтеруге де қыруар қаражат бөлінеді. Осы қосымша шығындар мемлекет есебінен төленетін тиісті кепілді медициналық көмектің өзіндік құнын арттырып жіберетіні айтпаса да белгілі. Биылғы жазда күшіне кірген «Концессиялар» туралы ҚР заңы шеңберінде мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті дамы­тудың экономикалық тұрғыдан алғандағы тиімділігі де осында болса керек.

Сөз жоқ, мемлекеттік тапсы­рыстың орындалуы концессия жағдайында да аса жауапты әрі міндетті іс. Меншіктің қандай түрі болғанына қарамастан, ме­дициналық ведомстволар жоғары біліктілік талаптарына жауап беруі тиіс. Бұл өз кезегінде аккредиттеу, медициналық қызметті жүргізу ісі, халықаралық стан­дарттарға сәйкес келуі, оның тиіс­ті лицензиялары болуы, сапа менеджменті жүйесі бойынша жұмыс істеуі деген сөз. Осындай өлшемдерге Орал қаласындағы «Медицина орталығы» ЖШС секілді мемлекеттік-жекеменшік серіктестікке негізделген емдеу мекемелері толық сәйкес келетіні анық.

Ал, бүгінгі әңгімеміздің арқа­уына айналған жеке инвестициялар осы айтылған көрсеткіштерді тек тереңдете түспек. Сондай-ақ кепілді тегін медициналық кө­мек көлемі жеке клиникаларда да Денсаулық сақтау ми­нистрлігінің ұдайы назары мен еншісінде қала бермек. Сонымен бірге, жергілікті ведомство жетек­шілерінің мәлімдеуінше, сенімді түрде басқаруға уақытша берілген медициналық мекемелер мерзімі келгенде қайтадан мемлекеттік нысандар қатарына кірмек. Бұл жөнінде жоғарыда да айтып өткен едік. Ендеше, тұрғындардың денсау лық сақ­тау жүйесінде алдағы болатын өзгерістерге байланысты меди­циналық көмек ақылы болады екен деп алаңдауларына еш негіз жоқ. Керісінше бұдан медициналық қызмет өзінің жаңа өрісін таба алады.

– Бұл жалпы әлемдік меди­цина тәжірибесінде өзін-өзі толығымен ақтаған тәсіл. Кон­цессия тәртібінде инвесторлар белгілі бір салықтық және не­сие­лік жеңілдіктер ала алады,– дейді Ақжайықтағы денсаулық сақтау ведомствосының басшысы Х.Ирменов.

Түйіп айтқанда, мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктің жаңа жолы мен тәсілі, яғни инвесторларды медициналық қызмет көрсету ісіне тарту – денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігі мен сапасын жоғары деңгейге көтереді деуге толық негіз бар. Мұның бәрі республика азаматтарының мүдделері және биік талаптарымен үндесе алатыны да басы ашық ақиқат.

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан».

Батыс Қазақстан облысы.

Соңғы жаңалықтар