• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 13 Мамыр, 2020

Ақмолада балабақшалардың жұмысы қайта жандануда

392 рет
көрсетілді

Аймақтағы мектепке дейінгі мекемелердің бірқатары 13-ші мамырдан бастап жұмысын бастады. 

Облыста мектепке дейінгі 262 ұйым бар. Сонымен қатар мектеп жанында 353 шағын орталық жұмыс істеген. Төтенше жағдайдың аяқталуына байланысты 13-ші мамырдан бастап 151 балабақшада кезекші топтар өз жұмысын бастады. Дегенмен барлық санитарлық нормалар қатаң сақталуы шарт.

– Облыстық білім басқармасымен бірлесіп өңірдегі мектепке дейінгі 151 мекеменің тізімін жасадық. Әзірше әрбір топ бойынша бала саны 15-тен аспауы тиіс. Сондай-ақ балабақшаға баратын балалардың денсаулығы туралы анықтамасы болуы шарт, – дейді облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің бөлім жетекшісі Зәуреш Хабдуллина.  

Балабақшаларға бірінші кезекте ата-аналары жұмысқа баратын және үйде жалғыз қала алмайтын балалар қабылданады. Медицина қызметкері күніне екі рет топтарды аралап, балалардың жағдайын бақылап отырады. Ал балабақшаға бармаған балғындардың орны сақталады және олар нормаға сай тіркеуде тұрады.

– Коронавирус тіркелген аудандардағы балабақшалар жұмыс істемейді. Ол Целиноград ауданы түгел, Ақкөл, Егіндікөл және Шортанды ауданындағы Бозайғыр ауылы, Аршалы ауданындағы Аршалы ауылындағы балабақшалар жұмысын әлі бастамайды, – дейді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ботагөз Дүйсенова.

Елдегі төтенше жағдай аяқталғанымен, карантин режимі жалғаса береді. Сол себепті эпидемиолог мамандар тұрғындарды санитарлық талаптарды қатаң сақтауға шақырады.