• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Спорт 13 Мамыр, 2020

Балғын боксшылар жаттығу үстінде

526 рет
көрсетілді

Карантин кезінде спорттық бабын босаңсытып алған боксшы балалар таза ауаға шығып, жаттығу жұмыстарын жүйелі жүргізіп жатыр. Тәжірибелі жаттықтырушы, спорт шебері Ғайдар Сатанов шәкірттерін қашықтыққа арналған бағдарламаға сай дайындау үстінде.

«Центральный» шағын ауданындағы бір-біріне жапсарласа салынған спорттық алаң сол төңіректің тұрғындарына толы. Олардың жас мөлшері де әртүрлі. Солардың арасынан кешегі кеңес одағы кезінде бокстан Көкшетау облысының намысын лайықты қорғаған алпыстың асқарындағы Ғалымжан Айбасов, Ерғали Ескендіров, Ерік Жүсіповтерді көріп, көңіліміз марқайып қалды.

– Карантин режимі аз-кем жеңілдетілгеннен кейін отбасымызбен осы спорт алаңына келіп, таңғы жаттығулар жасап жүрміз. Немерелеріммен жасты балғын боксшылардың дайындығын көріп, осыдан жарты ғасыр бұрынғы шаршы алаңдағы шайқастарымды көз алдыма елестетемін. Спортшы үшін қандай жағдайда болмасын бабында болу қажет. Мына балалардан сол қасиетті көріп қуанамын, –  дейді бокс ардагері Ғалымжан Айбасов.

Шағын ғана топпен жаттығу жүргізіп жатқан бокс бапкерін әңгімеге тарттық.

– Күн жылынғалы осы төңіректе тұратын бірнеше баланы жаттығуға шақырдым. Олармен карантин ережесіне сай арнайы бағдарламамен жұмыс істеймін. Физикалық дайындыққа ерекше мән береміз. Бокстың өзге де әдістерін үйретіп жатырмын. Ара қашықтықты қатаң сақтаймыз, – дейді бапкер Ғайдар Сатанов.

Таза ауада дайындық жасап жатқан жасөспірім боксшылардың арасында қала, облыс чемпионы атанып үлгерген өреңдер де аз емес.

Біраз  уақыт бокс залына бармаған балғындардың таза ауада жаттығуы олардың бойын сергітіп, шеберліктерін ширата түсуде. Жаттығудан соң өреңдер бокс ардагері Ғалымжан Айбасов аталарымен емен жарқын әңгімелесіп, батасын алды.

 

Көкшетау қаласы.