Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төтенше жағдай режімін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысында сөйлеген сөзінде ауыл шаруашылығын қолдау ісіне айрықша мән берілді.
«Азық-түлік қауіпсіздігін сақтау – мемлекет қауіпсіздігінің басты міндеті. Мұны қалыптасқан ахуал анық аңғартты. Сондықтан біз ауыл шаруашылығы саласына барынша қолдау көрсете береміз», деді Президент.
Рас, ауыл шаруашылығын қолдау ісіне бұрыннан мән беріліп келеді. Бірақ ел Президентінің бұл жолғы сөзінде бірқатар тың бастамалар көтерілді. Қандай бастамалар? Соған келейік:
«Біз алдын ала сатып алу шараларын қолға алдық. Бұған қосымша оффтейк-келісім-шарттарын енгізіп, «ҚазАгро» несиесі бойынша қарызды қайта құрылымдаймыз. Осы арқылы қаржыландыру мүмкіндігін кеңейтеміз. Қазақстанда 1 миллион 700 мыңдай жеке қосалқы шаруашылық бар. Бірақ олардың өнімі сауда орындары арқылы ресми түрде сатылмайды және өңдеу кәсіпорындарына жеткізілмейді. Мемлекетке бұдан салық түсіп жатқан жоқ. Онда жұмыс істейтіндер әлеуметтік тұрғыдан қорғалмаған», деді Президент.
Бұл жерде Мемлекет басшысы ауылда тұратын қарапайым халықты, өздерінің үй қасындағы қосалқы шаруашылықтарына, яғни қолындағы оншақты ірі қара, қырық-елу қойына сүйеніп тірлік кешіп жатқан қалың бұқара көпшілікті айтып отыр. Саясаттың ендігі бір арнасы солардың жағдайын жақсарту мәселесіне қарай бет бұрады.
Коллажды жасаған Қонысбпай Шежімбай, EQ
Айта кету керек, ауылдағы үй қасындағы жеке қосалқы шаруашылықтар жағдайын жақсартуға осы уақытқа дейін дұрыс көңіл бөліне қойған жоқ. Мемлекеттің қаржылай қолдауы көбінесе ірі шаруашылық құрылымдарына – акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерге көрсетіліп келді. Ауыл шаруашылығы саласындағы субсидиялар да солардың еншісіне тиіп отырды. Соған қарамастан бұл ірі құрылымдар айтарлықтай дамып кете алмады. Әсіресе мал шаруашылығында осылай болды. Малдың басым бөлігі, атап айтқанда 70-80 пайызы бұрынғыдай үй қасындағы жеке қосалқы шаруашылықтардың қолында тұр.
Қала базарларын әлі күнге дейін етпен қамтып келе жатқан, қала халқының қыстық соғымын әзірлеп беріп, құрт-ірімшік жіберіп отырған да солар. Міне, қосалқы шаруашылықтарды мемлекеттік қолдауға келгенде «олар ұйымдаспаған шаруашылықтар ғой, мемлекеттің есебінде де жоқ дүние, оларға қалай қолдау көрсетпекпіз?» дегендей жүрдім-бардым әңгімелер айтылып, шығарып салма жауаптар берілетін.
Рас, осыдан үш-төрт жыл бұрын жеке қосалқы шаруашылықтарды дамыту мақсатында ауыл шаруашылығын кооперативтендіру ісі қолға алынған еді. Мұндағы мақсат қосалқы шаруашылықтардың басын біріктіру, яғни бір ауылдағы бірнеше үйдің басын қосып, неғұрлым іріленген кооперативтер құрып, мемлекеттің қаржылай қолдауын сол кооперативтер арқылы жеткізу болды. Бірақ осы істің өзі сиырқұйымшақтанып кетті.
Енді Президент осы істі жаңа қырынан қолға алғанды жөн көрген секілді. Соның бір жолы – жоғарыда Мемлекет басшысының сөзінде айтылып кеткендей «оффтейк-келісімшарт енгізіп, «ҚазАгро» несиесі бойынша қарызды қайта құрылымдау және осы арқылы қаржыландыру мүмкіндігін кеңейту.
Оффтейк-келісімшарты ұзақ мерзімге жасалады. Тараптардың бір жағы екінші жақ шығаратын өнімді ұзақ мерзім бойы сатып алуға келісімшарт арқылы уәде береді. Бұл жағдай екінші жақтың өнімді шығаруға деген құлшынысын арттырады және күні ертең мұның арты қалай болып кетеді екен деп қобалжымай, батыл қимылдауына мүмкіндік береді. Тұрақтылығы мен сенімділігіне байланысты оффтейк-келісімшарт екінші деңгейдегі банктерден кредит алу үшін кепілдік ретінде де ұсынылуы мүмкін. Себебі банктер оған сеніммен қарайды.
Еліміздің аграрлық секторында осы уақытқа дейін оффтейк-келісімшарттары жасалған емес. Ол осыдан бірер жыл бұрын машина жасау саласында қолға алына бастады. Енді ауыл шаруашылығына да енгізілетіні Президент сөзі арқылы мәлім болып отыр.
Екіншіден, Мемлекет басшысы: «Үкіметке «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, ауылдағы кооперациялық желіні дамыту үшін «Егіс алқабынан – дүкен сөресіне дейін» атты пилоттық жобаны бірнеше өңірде бастауды тапсырамын. Содан кейін оның ауқымын кеңейтіп, 2021 жылдың ортасына қарай толыққанды бағдарлама әзірлеуге болады. Осы бағдарламаны жүзеге асыру кезінде «ҚазАгро» арқылы жылдық мөлшерлемесі 6 пайыз болатын жеңілдетілген шағын несие беріледі», деп ұсақ шаруашылықтардың өндіретін өнімдерін сатып алу, оларды өңдеп, дайын тауарға айналдыру және тұтынушыларға дейін жеткізу ісі кешенді түрде қолға алынатынын аңғартты. Әрине агроөнеркәсіп кешені үшін мұның да тың шаруа екендігі анық. Ендеше жоба қалай жүзеге асатынын анықтау үшін ең алдымен осы істі қолға алатын бизнес бірлестігі «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметовтің сөзіне назар салайық:
«Төтенше жағдай режімін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысында Мемлекет басшысы Үкімет пен «Атамекен» ұлттық палатасына бірнеше өңірде «Егіс алқабынан – дүкен сөресіне дейін» пилоттық жобасын іске асыруды, осы үшін ауылдан басталатын кооперациялық тізбекті құруды тапсырды. Мұны біз тұрғын халқымен қоса өзін өзі жұмыспен қамтығандар саны көп ірі және тығыз шоғырланған өңірлерден бастауды жоспарлап отырмыз. Бұлар – Алматы, Түркістан және Жамбыл облыстары. Күзге дейін осы өңірлерде пилоттық жоба аясында жылдық мөлшерлемесі 6 пайыз болатын шағын несиелендіру ісі жүргізілмек».
А.Мырзахметов айтқандай, осы уақытқа дейін ауыл тұрғындарын несиелеудің басты проблемасы олардың қолында кепілге салар мүліктің болмауынан туындады. Міне, сол себеп ұзақ мерзімге берілетін арзан қаражат үй шаруашылықтары үшін қолжетімсіз болып келді. Енді бұл мәселе мемлекеттің кепілдендіруі арқылы шешілетін болады.
Сонымен қатар бұл бағдарлама ұсақ шаруашылықтар өндіретін өнімдерді экономикалық айналымға енгізу үшін жеңілдікпен қаржыландырумен қатар, шаруаларды оқытуды, кооперация арқылы жаңа техника мен тұқым сатып алуларына жағдай туғызуды, ең бастысы – өндірген өнімдерін өткізу ісін ұйымдастыруды көздейді. Жеке шаруашылықтар өнімін өткізу рыноктарына жеткізе алатындай болуы үшін ірі бөлшек сауда желілерінің стандарттары зерттеліп, ортақ стандарттар әзірленеді, басқа да жұмыстар жүргізіледі.
Көріп отырғанымыздай, ауыл шаруашылығын қолдауға қатысты бірқатар тың идеяның қолға алынатындығы мәлім болып отыр. Әрине іргелі шаруашылықтарды қолдау да бұрынғыдай жалғаса берер. Түптеп келгенде, мұның бәрі 2 миллионға жуық ауыл халқының табысын көбейтуге, отандық аграрлық сектор кәсіпорындарының жүктемесін 53 пайыздан 70 пайызға дейін арттыруға және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің импортын азайтуға мүмкіндік туғызатыны анық.