• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 14 Мамыр, 2020

60 жылдағы алғашқы жөндеу

200 рет
көрсетілді

Степногорск қаласына қарасты Бестөбе ауылының тұрғындары үшін жағымды жаңалық орын алды. Қазір өңірде «Ақсу-Бестөбе-Изобильное» бағытындағы 86 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Жобаны жүзеге асыру үш жылға жоспарланған. Қаржы республикалық және жергілікті бюджеттен бөлініп отыр. Қазіргі таңда жұмыс көлемінің  80 проценті орындалды.  «Ақсу-Бестөбе-Изобильное» бағытындағы автожол 60 жыл бойы жөндеу көрмеген болатын. Жобалық-сметалық құжаттаманы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында «Қазақалтын» компаниясы әзірлеген. 2018 жылы «Көкшетау жолдары» кәсіпорны құрылыс жұмыстарын бастаған еді. Қазір Ақсу мен Бестөбе арасындағы 70 шақырым жолға жамылғы төсеу жұмыстары аяқталды.

–Бір айдан соң бұл бағытта да жаңа жол пайдалануға беріледі. Енді жөнделетін 16 шақырымы қалды,–дейді Бестөбе кентінің әкімі Мұсылманбек Исмағұлов.  

Бестөбе кентінде 7 мыңға тарта тұрғын бар. Оның 60 процентіі жұмыспен қамтылғандар. Өңір экономикасына басымдық берілген бағыттарының бірі – шағын және орта бизнес. Бұл ретте жолдың қалыпқа келтірілуі аймақ үшін экономикалық магистраль қызметін атқарады.  

–Жол жоқта қатты қиналатын едік. Қазір барлығы қалыпқа келтірілді. Қазір ауылдарға көп көңіл бөлініп отыр. Енді адамдар ауылдан көшіп кетуін тоқтатады деп ойлаймын,–дейді Бестөбе кентінің тұрғыны Серік Әйіпов.  

Бестөбеде түйіні тарқамаған мәселелер қатарында: елдімекен ішілік жолдарды жөндеу, 36 көшені жарықтандыру, мұғалімдер мен медицина мамандарын тарту және мал азығы, жайылым жерлерінің жетіспеушілігі бар. Тұрғындар бұл мәселелер де шешім табады деген сенімде.