• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
27 Қыркүйек, 2013

«Томпақ» қазақ киноөнеріндегі жаңашылдыққа басталған соқпақтың басы

1240 рет
көрсетілді

Жақында «Балапан» телеарнасының тапсырысы бойынша Қазақстан аниматорлары ассоциациясы мен «Сақ» киностудиясы бірлесіп түсірген қиял-ғажайып жанрындағы «Томпақ» (режиссері Батырхан Дәуренбеков) атты балаларға арналған сериалдың тұсауы кесілді. Балаларға арналған базарлықтың қуанышына фильм қаһармандарымен бірге «Балапан» телеарнасының директоры Ләйлә Сұлтанқызы мен кинотанушы Гүлнәр Амангелдіқызы қатысты.

Жақында «Балапан» телеарнасының тапсырысы бойынша Қазақстан аниматорлары ассоциациясы мен «Сақ» киностудиясы бірлесіп түсірген қиял-ғажайып жанрындағы «Томпақ» (режиссері Батырхан Дәуренбеков) атты балаларға арналған сериалдың тұсауы кесілді. Балаларға арналған базарлықтың қуанышына фильм қаһармандарымен бірге «Балапан» телеарнасының директоры Ләйлә Сұлтанқызы мен кинотанушы Гүлнәр Амангелдіқызы қатысты.

Фильмнің басты кейіпкерлері – Тасболат, Есет, Берік атты үш дос және олардың «оппоненті» Жасмин атты қыз. Төртеуі де бір сыныпта оқиды. Үш дос кемесі кометаға соғысып апатқа ұшыраған бөгдепланеталық тіршілік иесі «Томпақпен» танысу арқылы оның бойындағы ерекше тылсым күштің арқасында оқуда, спортта үлкен жетістіктерге жете бастаса, пысықай Жасмин олардың бұл әрекетін дұрыс көрмейді. Фильмдегі шиеленіс те осыдан басталады.

Режиссер Б.Дәуренбековтің жаңа­шылдығы – түсіру барысында кино кейіпкерлері: анимациялық персонаж бен әртістердің арасындағы тартысты шынайы үйлестіре білген. Мұны қазақ киноөнеріндегі үлкен жаңалық десе де болады. Режиссер, сондай-ақ, сериалда қазақ күресінің атасы Қажымұқан, қазақ елінің ежелгі мәдени бесігінің бірі Отырар және қасиетті Қазығұрт тауы туралы да қызықты тарихи деректерге де орын беруді ұмытпапты. 12 бөлімнен тұратын фильмнің бала тәрбиесіне, олардың отансүйгіш ұлан ретінде қалыптасуына әсері зор екенін сезіне отырып, режиссермен әңгімелесуді жөн көрген едік.

– Батырхан, жаңа жобаңыздың тұсаукесерімен құттықтай отырып, фильм туралы өз аузыңыздан естігіміз келеді?

– Фильм балаларға арналған. Меніңше, ата-аналарға да көруге болады. Оқиға желісі, негізінен, ауылда тұратын сыныптас үш баланың басынан кешкен қызықты оқиғаға құрылған. Бір күні ауылдың қасына «ұшатын табақ» кеп құлайды. «Табақ» ішінде өздері секілді, бірақ бөгдепланеталық бала бар екен. Міне, кішкентай жер иелері мен бөгдепланеталық баланың осы арадан басталатын жақын таныс-білістігі басқа да көптеген оқиғаларға арқау болады. Жалпы, оқиғалар желісін көрермендердің өздері көргені дұрыс болар. Мақсатымызға келсек, бүгінгі көрермендерге ауыл балаларының өмірін көрсете отырып, оларды жақсылық пен жамандықты ажырата білуге, мейірімділік пен адалдықты дәріптеуге, өз елі мен жерін шын сүюге баулу. Әрине, фильмде мұның бәрінің адам жалықтырар «үгіт парақшасы» емес, қызықты, көңілді оқи­ғалармен өрілуін қамтамасыз еттік.

– Шығармашылық топ жөнінде толығырақ айтсаңыз?

– Сценарийін Бақытжан Құл­жабай деген азамат екеуміз жазып шықтық. Өзіміз ауылда өскендіктен шынайылықты басты мақсат етіп алдық. Фильмнің директоры ретінде барлық ұйымдастыру жұмыс­тарын Нұриддин Паттеев қолға алса, суретшілер Бегім Қаламұлы мен Азамат Ерназаров шеберлікпен жұмыс жасай білді. Бұл шығармашылық топ бүгінде халық сүйіспеншілігіне бөленген «Қошқар мен теке», «Момын мен қарақшы» мультфильмдерін де дүниеге әкелген. Әрине, операторлар мен жарық түсіруші, гримдеушілердің де қосқан үлесін жоққа шығара алмаймыз. Әзіл-оспақ айтудан алдына жан салмайтын белгілі әртістер Жүсіп Ақшораев пен Жұлдызай Дүйсенбиеваның «жұбы» да фильмді ажарландыра түсті десек болады.

– «Томпақ» телесериалы режиссер ретінде сізге несімен жақын?

– Шүкіршілік, елімізде балаларға арналған кино және анимация өнімдерін өндіру енді-енді жолға қойыла бастады. «Балапан» телеарнасы да ашылып отыр. Бұл өз алдына бөлек әңгіме. Ал бұл фильм маған несімен жақын дегенге келсек, «Томпақ» – қазақ кино­сындағы жаңашылдыққа басталған алғашқы соқпақ. Өйткені, үлкен форматтағы фильмнің оқи­ғалары видео мен анимацияға қатар құрылған. Жоғарыда айтқан белгілі әртістерді айтпағанда, Тасболат (Арман Қасымбеков), Берік (Рахым Ахмедов), Есет (Олжас Омаров) және Жасминмен (Жасмин Дәуренбекова) байланыстағы басты кейіпкер «Томпақ» фильмнің басынан аяғына дейін анимациялық бейнеде болады. Жалпы сериал 12 сериядан тұрады. Әр сериясы 30 минуттан.

– Сәтті шықты деп айта аласыз ба?

– Айта аламын. Өйткені, өнер адамы өзінің шығармашылық тұр­ғыдан өсуі үшін өзіне-өзі ешқа­шан көңілі толмай жүруі керек. Кемшіліктерімізді де білеміз. Осы фильмді жасау барысында қиын­дықтар да болды. Оның үстіне бөлінген қаржы да көп болған жоқ. Бірақ біз бір сәттік қомақты қаржыны емес, жобаның нәтижелі болуына барымызды салдық. Сондықтан бізге қолдау көрсеткен «Балапан» телеарнасының дирекциясы мен ұжымына ризашылығымызды білдіреміз.

– Фильмнің аты жөнінде. Өйткені, мен журналист ре­тінде бірде «Тола­ғай» деген балабақшадан фоторепортаж жазып, атын «Толағайдың томпақ­тары» деп қойған едім. Сол тақы­рып газет сайтында кәдімгідей «әңгіме» болды. Біреулер, тіпті, «балабақшаға өңкей «томпақтар» ғана емес, сонымен бірге арық, әл­жуаз балалар да барады ғой деп «сы­нады». «Томпақ» деген ат үшін сіз­­дерді де «төмпештеп» жатқандар жоқ па?

– «Қарға баласын – әппағым, кірпі баласын – жұмсағым» дейді. Ат қойғыш қазақ та сүйкімді балаларды «томпақ», «томпағым» деп жатады. Яғни «томпақ» халқымыздың жылы да жақсы сөздерінің бірі. Бөгде планетаның баласын да жақын тартып, достары солай атап кетсе несі жаман. Ал шын аты-жөнін фильмді тамашалай отырып білсін білгісі келгендер.

– Фильмді түсіру барысында айта жүрер қызықты оқиғаларға тап болдыңыздар ма?

– Фильмнің 1-ші бөлімінде бала­лардың браконьерлерді ұстауға көмек беретін сәті бар. Сценарий бойынша «браконьерлер» көлге ау салып жүрген. Осы кезде қамыстың арасынан моторлы қайықпен біздің «инспектор» шыға келуі керек еді, бірақ басқа жақтан бір моторлы қайық зу етіп келе қалды да ай-шайға қаратпай, киношыларға дүрсе қоя берді. Өйткені, бұл келіп тұрған нағыз инспектордың өзі болатын. Оның ашуы кинокамераларымызды, арнайы техникаларымызды көргеннен кейін ғана басылды.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан».

Тараз-Шымкент-Тараз.

Соңғы жаңалықтар