«Даму» қорының Ақтөбе облысындағы аймақтық филиалында «Даму-Көмек» бағдарламасы бойынша мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсету жалғасын табуда. Бұл жолы қор екінші топтағы мүгедек кәсіпкер Ғани Сырлыбаевқа кілт жасауға арналған құрал-жабдықты сыйға тартты. Отыз алты жасар Ғани 2001 жылы жол апаты салдарынан мүгедек болып қалған-ды. Алайда, тағдыр артқан қиындыққа мойымаған ол ілгері күнге үмітпен қарап, өмір сүріп келеді. Қайсар жігіт қол-аяғы балғадай жастардың өзі атқара алмайтын шаруаларды дөңгелетіп жүр.

– Өзімнің мамандығым – ұста, бірақ апаттан кейін жұмыссыз қалдым. Үйде бос отырғым келмеді, сондықтан аяқ киім жөндейтін шеберхана ашуды ұйғардым, бұл істе әжептәуір тәжірибем де бар еді. Зейнетақымнан ақша жинап, дүң-гіршек пен құрал-сайман сатып алып, ісімді бастадым, – дейді Ғани.
Ғанидың аяқ киім жөндеумен айналысқанына үш жыл болды. Өзінің тұрақты тұтынушылары да бар, жөндеуден басқа аяқ киім тігумен де айналысады. Ғани Ресейде арнайы мектепте аяқ киім өндіру ісін оқуды армандайды. Кейде аяқ киім жөндеуден басқа кілт жасауға тапсырыстар да түседі екен.
«Даму-Көмек» мүгедек кәсіпкерлерге қолдау көрсету бағдарламасы туралы мен газеттерден оқыдым. Өзімнің кілт жасайтын құрал-жабдықтар сатып алуға қаражатым жетпегендіктен көмек сұрауды ұйғардым. Осындай жақсы адамдар табылғанына ырзамын», дейді ол.
Ғани Сырлыбаевқа демеушілік көмекті «Халал» ЖШС директоры Асхат Сисен көрсетті. Бұл кәсіпорын «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша такси қызметін көрсету үшін көлік сатып алуға жеңілдікпен несие алған болатын.
– Біз мемлекет тарапынан мықты қолдау көрдік, енді өзіміз мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерге көмек беруді ұйғардық. Біздің кәсіпорын жаңа ғана дамып келе жатыр, өкінішке қарай, мұқтаж адамдардың барлығына бірдей көмектесу әзірге қолымыздан келмей тұр, – дейді Асхат Сисен.
Бұны нағыз кәсіпкерліктің әлеуметтік жауапкершілігін түсінудің үлгісі десе де болғандай. Осындай имандылық қадамдары арқылы мүмкіндігі шектеулі жандар өздерін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінеді.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы.