Қайырымдылық пен қамқорлық – қазақтың қанында бар қасиет. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білген волентерлер жұдырықтай жұмылып, ел-жұртының жанынан табылуда. Арыстағы ауыр күндерде алғы шепте жүрген олар төтенше жағдай кезінде де белсенді қызмет атқарды. Енді міне, Түркістан өңірінде топан су зардабын шеккен ағайындарға көмек қолын созып, жақсы істердің басы-қасында жүр.
Маңғыстау облысында төтенше жағдай кезінде волонтерлер корпусы атқарған жұмыс алуан. Алдымен құрамында 15 волонтер бар жедел қызмет көрсететін волонтерлік штаб құрылып, өз жұмысын үш бағытта жүргізуді қолға алды.
Жалпы, волонтерлік топтар мен қайырымдылық ұйымдар облыс тұрғындарына коронавирустан қорғану, төтенше жағдай режіміндегі қауіпсіздік шараларын сақтау, карантинде қиын жағдайға тап болған әлеуметтік жағынан осал топтағы азаматтарға қолдау көрсету бағытында ауқымды жұмыс атқаруда.
Бірінші, ақпараттық жұмыс бағытында азаматтарды төтенше жағдай кезіндегі қауіпсіздік ережелері мен іс-қимылдар, коронавирустан қорғану туралы ақпараттандыру, қала тұрғындарына арналған ақпараттық инфографика әзірлеу және оны тарату, яғни бетперде тігушілер туралы, жеткізу қызметі бар мейрамханалар мен дәріханалар туралы ақпарат беру жолға қойылды. Ақтау қаласы тұрғындарына мыңнан аса жадынама таратылып, аялдамалар мен ақпараттық тумбаларға, тұрғындар көп шоғырланған орындарда 300-ге жуық ақпараттық парақшалар жапсырылды. Екінші, бағыт бойынша жиырма күн ішінде маңғыстаулық волонтерлер корпусы 17 азаматқа адрестік көмек көрсетіп үлгерді.
– Өңірде арнайы шектеулер қойылғандықтан, үй карантинінде жатқан азаматтармен байланыс орнатылды. Сонымен қатар коронавирусқа қатысты сауалдар бойынша байланыс орталығының операторларында байланыс нөміріміз бар. Бізбен байланысқан мәселелердің өзектілігіне байланысты азаматтарды аудан және қала call-орталықтарымен байланыстырудамыз. Волонтерлер Nur Otan партиясының «Birgemiz» акциясында көрсетіліп жатқан әлеуметтік көмекті азаматтарға жеткізу жұмысына жұмылдырылған. Бүгінде біздің волонтерлердің көмегімен 944 азаматқа әлеуметтік көмек көрсетілді.
Айта кету керек, барлық жұмысымыз жергілікті әкімдік келісімімен ғана, карантин ережесі сақталып жүргізілуде. Барлық бастамашыл топты ортақ ережені қатаң сақтауға шақырамыз, дейді Маңғыстау облысы жастар ресурстық орталығының басшысы Абылай Фазылбекұлы.
Өңірде сәуір айынан бастап Ахмет Байтұрсынұлы атындағы білім академиясының ұйымдастыруымен «Біргеміз: Білім» жобасы бағыттарының бірі – ауылдық жердегі әлеуметтік жағынан осал топқа жататын бітіруші түлектерге арналған ҰБТ-ға дайындық курсы бастау алды. Маңғыстау облысында жүзеге асырылатын «Біргеміз: Білім» жобасына волонтерлік қолдау көрсету мақсатындағы курсқа облыс көлемінде 200 оқушы іріктеліп алынды. Алдағы уақытта оқушылар кәсіби мамандардың көмегімен міндетті және бейіндік, яғни оқушы таңдаған пәндерден видеосабақ алатын болады.
Аталған жобаны жүзеге асыруға Волонтерлер корпусының 20 волонтері атсалысады. Олар оқушылардың үй тапсырмасын уақтылы орындауын қадағалайды, менторлық қолдау көрсетеді әрі бос уақытын тиімді өткізуге бағытталған жұмыстарды атқарады.
Ақтаудағы негізгі қайырымдылық іс-шараларды ұйымдастырушы – «Біз адамбыз – біз біргеміз» қоры «Алтын Food» супермаркеттер желісі, «Forte Bank» АҚ МОФ, «МұнайТелеком» АҚ және т.б. өндіріс және бизнес субъектілерінің қолдауымен күнделікті 35 дәрігерді түскі аспен, әр сенбі сайын мекен-жайы анықталмаған 70 азаматты ыстық тағаммен қамтамасыз етіп, Ақтау қаласы мен Сайын ауылының 249 отбасына әлеуметтік көмек көрсетуде. Игі істен «Атадан мирас» қоғамдық қоры да тыс қалған жоқ, олар қала волонтерлерімен бірігіп 320 мұқтаж отбасыны бір айлық азық-түлікпен қамтамасыз етті.
Ал «Клуб добряков» тобы жалғызбасты, мүмкіндігі шектеулі және көп балалы отбасы санатына жататын 230 азаматқа әлеуметтік көмек көрсетіп, карантиндік зонада қызмет етіп жүрген полиция қызметкерлерін ыстық тағаммен қамтамасыз етіп отыр. Сондай-ақ «Ақтау қайырымды жандары» тобы 30 отбасыға әлеуметтік көмек, 6 отбасыға қаржылай көрсетті.
«Қоғамдық келісім» мекемесінің волонтерлері, кәсіпкерлер мен этномәдени бірлестіктер 40 отбасына азық-түлік, гигиеналық құралдармен қамтамасыз етсе, Маңғыстау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі әскери қызметкерлерге 300 бетперде, «Чосон» этномәдени бірлестігі 100 бетперде үлестірді.
«Атамекен» ҰКП іскер әйелдер кеңесі 48 отбасыға азық-түлік, көп реттік қолданылатын бетперде мен медициналық жабдықтар табыс етті.
Өңірдегі аудандық және қалалық жастар ресурстық орталығының бастамасымен 49700 көпреттік бетперде тігіліп, әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарға таратылды.
Қиын кезде де ел арасынан табылып, оларға қолдау көрсетіп жүрген еріктілердің еңбегі ерен. Індетпен күресті аяқтамай жатып Түркістан өңіріне гуманитарлық көмек ұйымдастыруды бастап кеткен олардың әр күні қауырт.
Маңғыстау облысы