Экономикамызды өрге тартып тұрған – ірі кәсіпорындар. Елімізде 438 мың тіркелген заңды тұлға бар, оның шамамен 25 мыңы – өнеркәсіп, 54 мыңы – құрылыс саласында. Өнеркәсіп саласының үлесі ішкі жалпы өнімнің 34,1%-ы құрайды. Карантин жағдайында олардың көпшілігі жұмысын тоқтатуға, немесе шектеу жағдайында жұмыс істеуге мәжбүр. Осы орайда ұмытылған тәжірибе еске түседі, ол кәсіпорындар мен мекемелердің қосалқы ауыл шаруашылығымен айналысуы.
Сонау сексенінші жылдардың аяғында республикада 982 қосалқы шаруашылық жұмыс істеді. Олар 4,8 мың тоннадан ет және сүт, 1 миллион 44 мың жұмыртқа өндірген. Бұл фактілер қосалқы ауыл шаруашылығының көрсеткіштері ауылдағы кәсіби шаруашылықтардан кем болмағандығын көрсетеді.
Қазіргі карантин мен онан кейінгі постэпидемия жағдайында жұмыстары тоқтап тұрған өндіріс пен әртүрлі мекемелерге осы ұмытылған тәжірибені неге жандандырмасқа. Ол үшін әр қала әкімдігі көрші облыстармен келісіп, бос жатқан жерлерді 10-15 жылға азық-түлік өндіруге жалға беруді шешу тиіс. Мекеменің қолы бос адамдары бұл шаруамен қуана айналысары сөзсіз. Тіпті бірнеше факторлар, төрт қабырғаның ішінде қамалып отыра бермей «бостандыққа» шығу, таза тағам өндіру, оны пайдалану және тегін фитнестің өзі жеткілікті.
Ендігі бір көлеңкеде қалып жүрген мүмкіндік – бұл қала аумағында орналасқан саябақтар, бау-бақша серіктестіктері. Еліміздегі үш мегаполис пен басқа да қалаларда мұндай спутниктер жеткілікті. Сондықтан үлкен елді мекендерде үй шаруашылығы, қосалқы шаруашылық, бау-бақшаны дамытуды қолға алу керек. Ғалымдардың айтуына қарағанда, алты сотық жерде 350 кило картоп және басқа да көкөніс, 250 кило алма мен алмұрт, 340 кило жеміс-жидек, жалпы көлемі бір тонна болатын, ешқандай химиялық қоспасы жоқ өнім шығаруға болады екен. Жалпы, Қазақстан бойынша ауылдағы қосалқы шаруашылықтарда барлық көкөністердің 56,8% шығарылатынын, олардың мемлекет шеңберінде бағаның тұрақтануына көп әсері бар екендігін ескерсек, бұл саланың азық-түлік қауіпсіздігін сақтаудағы рөлі айтпаса да түсінікті.
Қолда бардың қадірі жоқ. Саяжайда жұмыс істеу өте пайдалы. Мысалы, Нидерланд ғалымдары өз бақшасында жұмыс істейтін 60 жастан асқан адамдардың қаладағы үйінде қамалған құрдастарына қарағанда денсаулығы жақсы болатындығын дәлелдеген. Таза ауада тек жарты сағат қимылдағанның өзі ағзаның энергетикалық ресурсын сақтайтын кортизол атты стресс гормонын екі есе азайтатын көрінеді, балалардың аллергиямен ауруы да бәсеңдейді.
Жапондықтар Қиыр Шығыстағы саяжайларда бір жеті жұмыс істеп, денсаулығын жақсартуға 2000 АҚШ долларын төлейді екен. Ал Түркия, Корея және басқа елдердің бізде жұмыс істейтін адамдары қазақстандықтардың мүмкіндіктеріне қызғанышпен қарайды, өйткені олар өз елдерінде, қала сыртында біздегідей мүмкіндікті тек түстерінде көреді.
Еліміздегі бау-бақша серіктестіктерінің саны қанша екен деп интернетті шарладым, бірақ қажетті дерек таппадым. Тек Алматы қаласы бойынша Наурызбай ауданында 113 бау-бақша серіктестігінде – 10572 жер телімі, ондағы 8555 үйде – 5774 адам тұратынын білдім. Яғни жекеменшіктегі жер телімінің жартысы мен үйлердің төрттен бірі бос деген сөз. Бұл азық-түлік тауарларын шығарудың үлкен мүмкіндігі. Бірақ әкімдіктер тарапынан ондағы өндірілетін өнімді сатып алу, сақтауға көмек жоқ, коммуникация әр адамның мойнында. Елімізде орналасқан кейбір саяжай массивтері тіпті аудан орталығынан да үлкен болып келеді, онда қыста да адамдар тұрады. Бірақ ол жерде мектеп, балабақша, емханалар, халыққа қызмет көрсететін басқа да мекемелер жоқ.
Жалпы саяжайларды пайдалану туралы Ресей мемлекеті соңғы 25 жылда екі рет заң шығарған екен, ал Қазақстанда ондай арнайы заң да жоқ.
Бір сөзбен айтқанда, мегаполистер мен басқа қалаларда үй шаруашылығын дамытып, органикалық таза өнім өндіріп, халықты жұмыспен қамту мәселесі маңызды екенін түсінетін мезгіл жеткен сияқты.
Қазір карантин кезінде тұрғындарға қаладан шығуға рұқсат беріле бастағанымен, жүріп-тұруда әлі де шектеулер бар. Басқа да көптеген мәселелер, атап айтқанда көшет, тұқым, залалсыздандыру тауарларын сатуды ұйымдастыру, саяжайдағы адамдарды тамақпен қамту, егде кісілерге дәрігерлік көмек сияқты жұмыстар әлі шешімін тапқан жоқ.
Көктемнің әр күні – жылға азық, сондықтан ел экономикасы мен игілігіне жұмыс істейтін осы бір салаға үкімет тарапынан, әсіресе әкімдіктердің тарапынан назар аударылғаны дұрыс болады.