Алматы қаласында шығармашыл және ғылыми интеллигенция өкілдерінің қатысуымен «Нұр Отан» партиясының жаңа Саяси доктринасының жобасы талқыға салынды. Оған «Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек қатысып, жиылған зиялы қауым өкілдерінің ұсыныс-пікірлеріне ден қойды.
Алматы қаласында шығармашыл және ғылыми интеллигенция өкілдерінің қатысуымен «Нұр Отан» партиясының жаңа Саяси доктринасының жобасы талқыға салынды. Оған «Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек қатысып, жиылған зиялы қауым өкілдерінің ұсыныс-пікірлеріне ден қойды.
Достық үйінің мәжіліс залында өткен алқалы жиынға партия белсенділерімен қатар, Мәдениет және ақпарат вице-министрі Арман Қырықбаев, Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстан Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы, «Нұр Отан» партиясы жанындағы Мәдениет пен өнерді дамыту мәселелеріне арналған «Мирас» қоғамдық кеңесінің төрағасы Қуаныш Сұлтанов, Ұлттық ғылым академиясының төрағасы Мұрат Жұрынов, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының директоры Төлеген Мұхамеджанов, Парламент Сенатының депутаты, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин, Қазақстан Композиторлар одағының төрайымы Балнұр Қыдырбек, жазушы-драматург, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әкім Тарази және Алматы қаласында орналасқан жоғары оқу орындарының, бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары қатысты.
Алқалы жиынның жүргізушілігін қолына алған Қ.Сұлтанов партияның XV съезі қарсаңында еліміздің әрбір өңірі мен аймақтарында аталған Доктринаны таныстыру және талқылау жұмыстарының жүргізіліп жатқанын, оның сыртында съезд алдындағы дайындық мейлінше пысықталуда екенін жеткізді.
Өз кезегінде Б.Байбек партия ұсынып отырған Доктринаның ұстанған бағыты мен сүйенер құндылықтарына тоқтала отырып, «Партияның жаңа Доктринасы – уақыт талабы» деп аталатын шағын баяндама жасады. Онда Б.Байбек жыл басынан бері атқарылған істердің ретімен таныстырып, партия жанынан құрылған жұмыс тобының әзірлеген Доктрина жобасы жайлы, оның қоғамдағы рөлі мен маңызы туралы айтып өтті. Б.Байбектің айтуынша, өткен аптада «Нұр Отан» партиясының мүшелері болып табылатын үкіметтің 15 мүшесі, 80-нен аса депутат ел ішінде жүргізген саяси Доктринаны таныстыру және талқылау жұмыстарын қорытындылаған.
Партия Төрағасының бірінші орынбасары Саяси доктринаны талқылау барысында жер-жерлерде «Нұр Отан» партиясының халықты қабылдау бөлмелері ашылып, лек-лек болып жиналған халықтың қажеттілігімен етене танысқанын, бұл құжат ел көкейіндегі мәселелерді мейлінше толық қамтитын жоба ретінде құпталып отырғанын тілге тиек етті. Мұнан өзге, Б.Байбек жуырда Астана қаласында өткен зиялы қауым өкілдерімен кездесу барысында Саяси доктринаға енгізілуі тиіс бірқатар толықтырулардың ретімен де таныстырып өтті. Астана кездесуінде Доктрина жобасының қазақ тіліндегі нұсқасы мен ұлттық құндылықтарға, отандық өнер мен әдебиетке, тіл мен ділге қатысты орынды пікір-ұсыныстардың қаралғанын, сол себепті бір топ қазақ зиялыларынан тұратын («Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының президенті Сауытбек Абдрахманов жетекшілік ететін) арнайы жұмыс тобының құрылғанын айта келіп, партияның ұсынып отырған Саяси доктринасында бірлік пен келісімнен кейінгі орында экономика мен саясаттан бұрын төл мәдениет пен руханият мәселесі қозғалып отырғандығын, сондықтан да елдік мәселе қозғалғанда зиялы қауым өкілдерінің рөлі ерекше екендігін баса айтты.
«Доктрина – мемлекеттің қазынасы мен ұлттық құндылықтардың сақталуына қызмет ететін басты құжат және партия мүшелері мен билік тізгініне ие болған саяси қайраткерлер ұстанатын негізгі құрал. Партияның әрбір мүшесі Доктринаға сүйеніп елге қызмет етуі тиіс», деп өз сөзін қорытындылады «Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек.
Қанат ЕСКЕНДІР,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.