Жуырда World Athletics Токио Олимпиадасының келесі жылға шегерілуіне және коронавирус пандемиясына байланысты жеңіл атлетикадан халықаралық жарыстардың жаңа күнтізбесін жариялады.
Сонымен қатар халықаралық федерация «спорт падишасы» саналатын спорт түрінің ең маңызды жарысының бірі – «Гауһар лигасының» да жаңа кестесін баршаға таныстырды. Турнир тамызда басталып, қазан айында мәресіне жетеді. Жарыстың шымылдығы тамыздың 14-інде Монакода түрілсе, маусымның соңғы жарысы Қытайда өтеді деп жоспарланған. «Гауһар лигасының» биылғы кезеңдері мына қалаларда ұйымдастырылады. Олар: Гейтшид (16 тамыз), Стокгольм (23 тамыз), Лозанна (2 қыркүйек), Брюссель (4 қыркүйек), Париж (6 қыркүйек), Рим/Неаполь (17 қыркүйек), Шанхай (19 қыркүйек), Юджин (4 қазан) және Доха (9 қазан).
Айта кетейік, Лондон Олимпиадасының чемпионы, қазақстандық жеңілатлет Ольга Рыпакова 2012 және 2017 жылғы «Гауһар лигасында» үш қарғып секіру бойынша екі мәрте жеңімпазы атанған.