Жаз шыға петропавлдық полицейлердің мазасын алатын тағы бір ұрлық өрістейді. Ол - велосипед ұрлығымен байланысты қылмыстар. Олардың алдын алу бойынша жүйелі жұмыс жүргізуге тура келеді. Бұл жұмысқа биылдан бастап жедел уәкілдер мен учаскелік инспекторлардан басқа еріктілер де белсенді қатысуға ниет білдіріп отыр.
Олардың белсенділіктері жұмыстың нәтижелі болатынына сенім ұялатады. Осыған сәйкес Петропавл қаласының Полиция басқармасы бірінші полиция бөлімінің қызметкерлері арнайы алгоритм бойынша бірлескен рейд жүргізді. Полицейлер велосипедшілермен және өтіп бара жатқан тұрғындармен әңгіме жүргізсе, еріктілер жадынамалар мен буклеттер таратты. СҚО бойынша іздестіру жасағының жетекшісі Евгений Соловьевтің айтуынша, өңірдегі іздестіру-құтқару жасағынан оннан астам ерікті тартылып, бір-екі сағат ішінде бірнеше тұрғын үйді аралап шыққан.
Петропавл қалалық Бірінші полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Балабек Жахиннің айтуынша, жұмыс тиімділігін арттыру мақсатында полицейлер түсіндіру жұмысында түрлі ықпал ету әдістерін пайдаланады. Велосипед ұрлығының алдын алу жұмысынан басқа учаскелік инспекторлар кіреберістер мен пәтерлердегі ұрлықтан сақтану жолдарын да түсіндіреді. Бұл жұмысқа еріктілермен қатар ПИК төрағалары да кіріскен.
Осы күндері қалалық Полиция басқармасының патрульдік полиция батальоны қызметкерлері түсіндіру акциясын өткізді. Инспекторлар жаяу жүргіншілер мен велосипедшілерді тоқтатып, қала көшелерімен дұрыс жүру, жаяу жүргіншілер жолақтары мен қиылыстардан өту ережелерін түсіндіріп, әңгіме соңында әрқайсысына бетперде де табыстады.
Петропавл