• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 25 Мамыр, 2020

Al-Jazeera: АҚШ жаңа санкция жариялады

174 рет
көрсетілді

АҚШ бірнеше иран­дық шенеунікке адам құқықтарын бұзды деген айыппен санкция жариялады.

Өткен сәрсенбіде АҚШ Иранның бірнеше жоғары лауазымды азаматына қарсы санкция жариялағанын хабарлаған еді. Олардың ішінде Ішкі істер министрімен бірге тағы 8 адам бар. АҚШ мұндай әрекетке Ирандағы адам құқықтарының бұзылуы итермеледі дейді. Ал Иран жағы болса аталған айыппен келіспей отыр. Керісінше мұны Вашингтонның бұған дейінгі нәтижесіз санкцияларының белгісі деп мәлімдеді. Иранның Сыртқы істер министрі Аббас Мусави «Вашингтонның ирандық шенділерге қатысты нәтижесіз әрі жиі қайталанатын соқыр санкциялары – АҚШ әкімшілігінің әлсіздігінің айғағы» деді телеарналардағы мәлімдемесінде.

АҚШ Қаржы министрлігі Иранның Ішкі істер министрі Абдолреза Рахмани-Фазли өткен жылдың қараша айындағы үкіметке қарсы көтеріліс кезінде құқық қорғау органдарына күш көрсетуге рұқсат бергенін, нәтижесінде наразылардың қаза тапқанын айтты. Қайтыс болғандардың ішінде кәмелетке толмаған 23 азамат бар екен.

Естеріңізде болса, 15 қарашада жүз­деген жұмысшы мен жас үкіметтің жанар­май бағасын қымбаттату шешіміне наразылық білдіріп, алаңға шыққан еді. Кейін бас көтерулер саяси кейіпке еніп, халық шенеуніктердің суреттерін өртеп, рухани көшбасшылардың қызметтен кетуін талап етті. Иран көшбасшысы Али Хоссейни Хаменей елдегі жағдайды «Иранның жаулары ұйымдастырған қастандық» деп мәлімдеді.  

Қаңтар айында елдегі оппозициялық сайт күздегі наразылықтардың кезінде кем дегенде 631 адамның өлтірілгенін хабарлады, ал Лондондағы Amnesty International үкіметтік емес ұйымы құрбандардың саны 300-дің шамасында деп жазды. Екі дереккөздің де ақпаратын Иран билігі жоққа шығарды. Алайда наразылыққа қатысқан ондаған адамның ұзақ мерзімге қамауға алынғаны белгілі. 

БҰҰ және басқа мемлекеттердің пандемия кезінде санкцияны тоқтатуға қатысты ескертулеріне қарамастан, АҚШ жаңа шектеулер енгізуін қояр емес. Вашингтон мен Тегеран арасындағы шиеленіс АҚШ президенті Дональд Трамптың халықаралық державалар арасындағы Иран ядролық келісімінен өз еркімен шығып кетуінен кейін ушыға түскен болатын. Одан кейін президент Иранның жоғары лауазымды азаматтары мен бірнеше ұйымына қарсы санкциялардың бірнеше раундын жариялау арқылы Тегеранға экономикалық қысым көрсету науқанын бастап кетті. «Мейлінше жоғары қысым» деп аталып кеткен стратегия дипломатиялық, экономикалық, әскери қысымдардан тұрады. Ол Иранның аймақтағы беделін төмендетуге, сонымен бірге елдің ядролық әлеуетіне, ракеталық бағдарламасына нұқсан келтіруге бағытталған.