Eurasian Resources Group (ERG) құрамындағы бірқатар кәсіпорындарда еңбек етіп жүрген қызметкерлер бастапқы жарнасыз баспана ала алады. Еуразиялық Топ пен «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арасында осындай келісімшартқа қол қойылды.
Аталған бағдарлама аясында ERG-дің Тұрғын үй бағдарламасы бойынша қызметкерлер Павлодар, Ақсу, Екібастұз бен Қарағанды қалаларында салынған үйлерден баспаналы болуға мүмкіндік туып отыр.
– ERG үшін әлеуметтік қамсыздандыру, соның ішінде қызметкерлерімізге, біздің туған қалаларымыздың тұрғындарына деген қамқорлық назардан тыс қалмайды, ̶ дейді Еуразиялық Топтың басқарма төрағасы Серік Шахажанов.
Бағдарлама шарттарына сай, егер тұрғын үй әлі салынып бітпеген болса, қызметкер «ТҮҚЖБ» АҚ-ында депозит ашып, қазірден бастап өзі қалайтын баспананың 30%-ын жинайды. Ал үй пайдалануға берілген болса, бірден баспаналы болып, үш жыл бойы өзінің депозитінде пәтерінің 30% көлемінде бастапқы жарна жинақтауы керек. Депозитіне 30% жиналған сәттен бастап, ол пәтердің меншік иесі атанбақ. Оның үстіне, бұл сомаға сыйақы мен мемлекеттік сыйақы қатар қосылады. Қызметкер депозитте баспана алуға қажетті қаражаттың 30%-ын жинаған соң, қалған соманы несиеге ала алады. Жинақ пәтер құнының 50%-ына жеткенде, берешектің үстемесі төмендейді. Несие 15 жылға дейінгі мерзімге беріледі.
– ТҮҚЖБ бүгінде қызметкерлері Қазақстандағы 60 000 отбасын асырап отырған алып компаниялар тобымен тығыз әріптестік орнатқанына қуанышты. Осы орайда, біз ERG қызметкерлері тек бұл бағдарламамен шектелмей, бастапқы және бұрын қолданыста болған баспананы сатып алуда «Нұрлы Жер», «Өз үйім», «5-10-20» сынды Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің басқа да бағдарламаларын белсенді пайдаланады деген үміттеміз. ERG қызметкерлеріне барынша сапалы қызмет көрсетіп, алғашқы күннен біздің видеобанкімізді, интернет-банк пен ТҮҚЖБ24 қосымшаларын пайдалана бастауды ұсынамыз, – деді ТҮҚЖБ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.
ERG-дің Тұрғын үй бағдарламасының арқасында 2006 жылдан бері Ақтөбе облысы (Ақтөбе мен Хромтау қ.), Қарағанды облысы (Қарағанды қ.), Қостанай облысы (Рудный қ.) және Павлодар облысындағы (Павлодар, Ақсу мен Екібастұз қ.) 3 мыңға тарта қызметкер баспанамен қамтамасыз етілді.
Айта кетерлігі, Eurasian Resources Group-тың құрамына «Қазақстан алюминийі» АҚ, «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ, «Шұбаркөл көмір» АҚ, «Қазхром»ТҰК» АҚ, Ақсу ферроқорытпа зауыты мен «ЕЭК» АҚ «Шығыс» кіреді.