Жаңаөзенде жуық арада жасалуы тиіс жұмыстар аз емес. Маңғыстау облысының әкімі С.Трұмов мұнайлы қалаға іссапары барысында қаланың бірқатар нысандарында болып, «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында іске асырылып жатқан инфрақұрылымдық жобалардың сапасын бақылап қаланың абаттандыру жұмыстарымен танысты.
Жаңаөзендегі әйгілі желаяқ, «Ақмышта туып, АҚШ-та жүлде алған» Әмин Тұяқов атындағы орталық стадион 2008 жылы пайдалануға берілген болатын. Алайда, он екі жылдан астам уақыт бойы жаңаөзендік сапортсүйер қауымның құтты ордасына айналып, оларға сапалы қызмет көрсетіп келе жатқан стадионға ашылғалы бері күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Биыл аталған спорт кешеніне «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында 200 млн теңге қаражат қарастырылып, стадиондағы 3000 орындық жаңаланып, халықаралық стандартқа сай төсеніш төселеді. Кешеннің 1250 метр аумағы тастан қашалған қоршаумен қоршалып, айналасына 57 қуатты жарықшамдар орнатылып, жарық диодты шамдармен жарықтандырылады және периметрі бойынша 3900 шаршы метр жүгіру жолы салынады. Орталық стадиондағы жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін Жаңаөзендегі стадион облыстық «Каспий» футбол клубының резервтік алаңы болмақ. Яғни, жөндеуден өткен алаңның бағы басқаша жанады – онда халықаралық дәрежеде футбол ойыны өткізіледі деп жоспарлануда. Бүгінде құрылыс алаңында «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы бойынша 50 адам жұмыс жасауда. Жаңғырған алаңның халықпен қауышар кезі де алыс емес – биылғы жылдың қазан айы.
Жаңаөзен қаласындағы қолға алынған істердің бірі – орталық саябағын абаттандыру және «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында қалаішілік автокөлік жолдарының орташа жөндеу жұмыстары. Бүгінде орталық саябақта су бұрқағын жөндеу және кіші архитектуралық формаларды орнату жұмыстары жүргізілуде. Ал қалаішілік 54 шақырым жол жөнделіп, автокөлік тас жолын салу жұмыстары да жоспарда. Сондай-ақ 220 оқушыға арналған және 110 орындық жатақханасы бар, ағымдағы жылдың тамыз айында оқушылар игілігіне тапсырылатын Жаңаөзен Білім-Инновация лицей-нтернаты да қаланың әлеуметтік саласына қосылар жаңа күш болмақ.
Жаңаөзендегі жаңалықтың бірі – бұрынғы туберкулез ауруханасының орнына жедел жәрдем бөлімі ғимаратын салу. Қайта құрылымдау жобасы «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында қайта қаржыландыруға ұсынылған. Жоба жүзеге асқанда Жаңаөзен қаласынан бөлек, Қарақия ауданына қарасты Бостан, Сенек, Құланды ауылдары тұрғындарының сұранысы толықтай орындалып, медициналық көмек ала алатын болады.
Жаңаөзен қаласының тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз етіп, кәріз қызметі және қаланың абаттандыру жұмыстарымен айналысатын «ӨзенИнвест» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны қала өмірінде ерекше мәнге ие. Мемлекеттік автомобиль жолдарын күтіп ұстау, спорттық-сауықтыру объектілерін, мәдениет және демалыс саябақтарын күтіп ұстау, мемлекеттік меншіктегі су шаруашылығы жүйелері мен құрылыс жайларын күтіп ұстау, пайдалану, жөндеу және реконструкциялау, сондай-ақ олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету қызметін атқаратын мекемеде барлығы 641 адам жұмыс істеуде. Олардың 350-і «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы бойынша қабылданған. Деректерден белгілі болғандай, мекеме қаланы кешенді дамыту жоспары негізінде 542 млн теңгеге абаттандыруға қажетті 39 техникалар мен құрал жабдықтар алуға тапсырыс берген. Бүгінде шұңқыр қазатын, жол жиектерін сызатын бульдозер сынды 8 техника алынған.
– Жаңаөзен қаласында «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы бойынша 39 жоба іске асырылуда. Ол – 3 млрд қаражат. Оған жол құрылысы, әлеуметтік нысандардың жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бүгінгі аралаған нысандардың барлығына қаражаттары бөлініп, құжаттар рәсімделуі аяқталған. Ендігі біздің мақсат – осы жұмыстарды сапалы аяқтап, тұрғындарды жұмысқа тарту. Бұдан бөлек, Жаңаөзен қаласына қатысты Үкімет тарапынан қабылданған әлеуметтік экономикалық жағдайды дамытуға арналған кешенді жоспар бар. Осыған сәйкес қалада әлеуметтік объектілер іске асып жатыр. Жаңаөзен қаласында жұмыссыздық мәселесі басты назарда. Мәселенің оң шешімін табу үшін бірқатар жобалар іске асырылуда. Біз тұрғындарды жұмыспен қамту үшін «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасымен және шағын және орта бизнесті қолдауға арналған жеңіл несиелер беру арқылы жаңа жұмыс орнын құрамыз. Егер жастар Ақтау қаласында жұмыс жасаймын десе жатақханамен қамтамасыз етіп, өндірістік мекемелерге тартуға болады, – деді С.Трұмов.
Маңғыстау облысы әкімдігінің дерегіне сүйенсек, Жаңаөзенде қазіргі таңда 39 жоба іске асырылып жатыр екен. Жаңаөзендіктермен бірге жаңа жобалар іске қосылып, халықтың игілігіне жараған қуанышты күнді көруді күтеміз.
Маңғыстау облысы