• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Аймақтар 27 Мамыр, 2020

Жамбылда 3603 жас маман «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының қатысушысы атанған

204 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен елімізде жүзеге асқан «Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасына биыл 10 жыл. Бағдарлама шеңберінде көтерме жәрдемақы және тұрғын үйге бюджеттік кредит беру түріндегі әлеуметтік қолдау шаралары және өзге де жеңілдіктер қарастырылған. Дегенмен, ауылдық жерлердегі кадр тапшылығын толықтай жою әлі күнге дейін мүмкін болмай отыр.

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жас мамандардың жұмысқа орналасуы жөнінде жиын өткізді. Өткен жылдан бастап облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы бұл бағдарламаның үйлестірушісі болып табылады. Аталған басқарманың басшысы Гүлдана Жауынбекованың айтуынша, 2010-2019 жылдар аралығында 3603 жамбылдық бағдарлама қатысушысы атанып, олар жалпы көлемі 564,4 миллион теңгенің көтерме жәрдемақысын алған. Оның ішінде 1814 маманға 5,2 миллиард теңгеге жеңілдетілген несие берілген. Білім беру саласында 1027, денсаулық сақтауда 347, ауыл шаруашылығында 119, мәдениетте 51, спортта 40, әлеуметтік қамсыздандыру саласында 6 маман жұмыспен қамтылған.

Сондай-ақ, ағымдағы жылы 101 маманға 27,7 миллион теңге мөлшерінде көтерме жәрдемақы, 10 маманға 38,4 миллион теңге көлемінде тұрғын үй несиесі берілген. Жалпы биыл «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасын іске асыру үшін 1 миллиард теңгеден астам қаржы бөлініп отыр. Несие жеңілдетілген шарттармен, яғни 15 жылға дейін, жылдық 0,01 пайыздық мөлшерлемемен берілгеніне қарамастан, жыл сайын борышкерлердің саны артуда. «2019 жылдың 1 қыркүйегіндегі мәлімет бойынша 1814 маманның 652-сі несие бойынша қарыз екендіктері анықталды. Олармен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде 2020 жылдың 1 мамырындағы ақпарат бойынша борышкерлер саны 529-ды құрады. Жалпы, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы ауылға мамандарды көптеп тартуға және жұмыссыздық деңгейінің төмендеуіне мүмкіндік береді», дейді Гүлдана Жауынбекова. Бұл ретте Бердібек Сапарбаев аудан әкімдіктеріне жоғары оқу орындарымен тығыз байланыста жұмыс істеуді және өңірдегі мамандардың жағдайына талдау жасауды тапсырды. «Жергілікті жерде талдау жасап, қай салаға, қандай мамандар қажет екенін анықтаңыздар. Жыл сайын сұраныстағы мамандықтар бойынша университеттерді қанша студент бітіретінін бақылап отыру керек. Биылғы оқу жылы да аяқталып қалды, ал аудан әкімдерінде ондай мәліметтер жоқ. Бәрін аз уақытта орындау керек. Мен әрдайым барлық салаға жас мамандардың қажет екенін айтып жүремін. Алдағы уақытта олардың бастамашыл қасиеттері көптеген мәселелерді шешуге ықпал ететін болады. «Дипломмен ауылға!» бағдарламасының мүмкіндіктерін пайдалана отырып, біз оларды тиісті қажеттіліктермен қамтамасыз ете аламыз», деді Бердібек Сапарбаев.

Сондай-ақ, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа жергілікті атқарушы органдарға несиеге бөлінген қаржыны пайдаланып, қызметкерлер үшін тұрғын үй салуды ұсынды. Басқарма басшысының айтуынша, егер қызметтік пәтерлерді кейіннен сатып алуға мүмкіндік болатын болса, ол жастардың ауылда тұрақтауына көп септігін тигізеді. Бердібек Сапарбаев бұл мәселенің міндетті түрде қаралатынын жеткізді.

 

Жамбыл облысы