Мемлекетіміздің қалыптасып, дамуына еңбегі сіңген кәсіби мұнайшы және жергілікті кәсіпкер ретінде мені Маңғыстаудың мұнай өндірісі мен сервистік қызмет көрсету саласындағы қазіргі ахуал қатты толғандырады.
Елбасы Н.Назарбаевтың 2009 жылдың 29 желтоқсанында қол қойып, бекіткен “Қазақстандық мазмұн мәселелері туралы Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне толықтырулар мен өзгерістер енгізу жөніндегі” Қазақстан Республикасының Заңы жергілікті жерлерде өз дәрежесінде орындалмай отыр.
Мәселен, Маңғыстауда өз бизнесін өркендетіп жатқан Ресейдің “Юго-Восточная сервисная группа” (“ЮВСГ”) компаниясы, “Лукойл”-дың меншігіндегі “Қарақұдықмұнай”, “North Buzachі”, “Арман” ЖШС сияқты бірнеше компаниялар Елбасымыздың “қазақстандық мазмұн” саясатын аяқасты етуде. Олар тікелей Ресейдің саясатын жүргізіп, өз елінің ғана мүддесін көздейді.
Біздіңше, қазақстандық мазмұн туралы заңды толыққанды, өз дәрежесінде жүзеге асырғымыз келсе, бұл кәсіпорындардың бас директорлары қазақстандық азамат болуы тиіс. Ал бізде, өкінішке қарай, олай болмай тұр. “Лукойл”-дың кадр саясаты “қазақстандық мазмұнға” мүлде қарама-қайшы. Оған қарасты компаниялар өзімізде дәл сондай дәрежедегі мамандар бола тұра, барлығын Ресейден алып келеді. Ал осы салада ондаған жылдық тәжірибесі бар, қазақстандық мықты кәсіби мамандар жұмыссыз бос жүр немесе әлдебір шағын компаниялардың техникалық директоры қызметін атқарып, жалданып жүр. “Лукойл”-дың меншігіндегі жоғарыда аталған компаниялар бас директорлық қызметке немесе сондай жоғары лауазымды орындарға тек көз алдау үшін ғана конкурс жариялайды да, арада аз ғана уақыт өткен соң “ондай қазақстандық маман табылмады” деген сылтаумен өздерінің ресейлік азаматын тағайындайды. Әйтпесе, бізде кезінде ондай үлкен жауапты қызметтерді атқарған, мұнай саласының жілігін шағып, майын ішкен майталман мамандар жетіп артылады.
Салыстыру үшін айта кетсек, Қытай мемлекеті сатып алған компаниялардағы жағдай олай емес. Мәселен, “Маңғыстаумұнайгаз” АҚ-тың бас директоры А.Айдарбаев – қазақстандық маман. Ал оның қаржы жөніндегі орынбасары – Қытай азаматы. Осындай талап тек қытайлықтардың меншігіндегі кәсіпорындарда ғана емес, барлық шетелдіктер иелік ететін компанияларда сақталуы тиіс. Жалпы, реті келіп тұрғанда айта кету керек, ресейліктерге қарағанда, қытайлықтар өте нәзік те, шебер саясат жүргізеді. Олар ресейліктер сияқты дөрекілік пен өзімбілемдікке барып, бірден тізеге салып сындырмайды, әйтеуір өлкенің мүддесімен санасқан сияқты болып, шама келгенше “қазақстандық мазмұн” саясатының талаптарын сақтауға тырысады.
Осы мақаланы жазу кезінде менің ойыма осыдан 15 жыл бұрынғы жағдай түсіп отыр. 1995 жылы АҚШ-тағы Массачусетс штатының университетін бітіргеннен кейін Техас штатына қарасты Даллас қаласындағы “ОРИКС Энерджи” қазақстандық жобаларының консультанты және директоры болып жұмыс істедім. Қазіргі күні Ресейдің меншігіне өтіп кеткен “Арман” қазақ-американ бірлескен кәсіпорнының құрылуына атсалыстым. Сонда өлкеміздің өрелі азаматы, марқұм Нәсіпқали Марабаев екеуміз шетелдіктерді компанияның бас директоры Қазақстан азаматы, ал екінші директоры етіп америкалықты тағайындауға, сондай-ақ алдымен жергілікті жердің мүддесін көздеп, мамандардың басым көпшілігін жергілікті жердің адамдарынан алуға көндірдік. Сөйтіп, “Арман” БК-нің алғашқы директоры Құралбек Келжанов та, одан кейін осы қызметті атқарған Құбайдолла Махутов та бүгінде мұнай саласында өзіндік орны бар мықты маман болып қалыптасты. Міне, қазіргі қақсап айтып жүрген “қазақстандық мазмұн” саясатын біз сонау өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында-ақ шетелдіктерге шегелеп тұрып түсіндіріп бергенбіз. Өкінішке қарай, “Арман” кәсіпорнын ресейліктер сатып алғаннан кейін бұрынғы біз салып кеткен соқпақтың талқаны шықты. Осындай оспадарлықтың салдарынан небір мықты мамандарымыз ешкімге керексіз болып, жерде қалып жатыр. Ал өмір бойы класс пен кабинеттен шығып көрмеген, асфальтта туып, автода өскен, ана тілінің қасиетінен мақұрым қалған, аудиториядан шығып, атқа мініп, таққа қол созған “жаңа” қазақтар бесіктен белі шықпай жатып билікке ұмтылады. Үстіміздегі жылдың қаңтар айында Президенттің біздің ведомстволардағы жап-жақсы лауазымдарда өздерінің не үшін отырғандарын да білмейтін бала-шағалар отыр деп ашына сөйлеуі де осы сөзіміздің айқын айғағы. Бізді жарылқап жарытпайтын осындай жас кадрларды, жалпы, еліміздің жоғарғы деңгейдегі басқару органдарындағы “бала-шағаны” қатаң сынға алған Президенттің бұл сөзінің жаны бар. Шындығында да, өмірінде өндірісті көрмеген ондай жастарды алыс аймақтардағы қайнаған қызу еңбектің майданына жіберу керек.
Мен 1997 жылдан бастап қазіргі күні қанатын кеңге жайып, Қазақстанның бірден-бір іргелі сақтандыру компаниясы болып отырған “НСК” мұнай сақтандыру компаниясының негізін қалап, ең тұңғыш ұйымдастырушысы және президенті болдым. Сонда Қызылорда облысының Арал аймағындағы бір кенішті игеру кезінде сақтандыру жөніндегі келісім-шарт жасау үшін Жапонияға компанияның атынан бір адамды жіберу керек болды. Әуелгіде біз политехникалық институттың түлегі, бір жас маманды жібермек болып шешкенбіз. Артынан Алматыда оқитын жапондық маманнан кеңес алғанымызда, ол “Жапонияда ол сияқты жас мамандармен мүлде сөйлеспейді. Олар ақыл-парасаты кемеліне келген, көпті көрген, өмірлік іс-тәжірибесі мол адамдармен ғана тең дәрежеде қарым-қатынас жасайды. Сондықтан білімді де білікті, жасы үлкен адамдарыңызды жіберген дұрыс”, – деген ақыл айтты. Сөйтіп, оның алдында Күншығыс еліне сапарға шығуды жоспарлап отырмасам да, ойламаған жерден келіссөз жүргізуге мен өзім бардым. Сонда менің түсінгенім – Қытай, Оңтүстік Корея, Жапония сияқты дамыған елдерде қазіргі біз сияқты әлі оң-солын танып үлгермеген шикіөкпе жас кадрларды емес, жасы жер ортасынан асқан, өмір көрген, тәжірибе жинаған, тоқтасқан адамдарды жоғары бағалап, олардың ой-пікірлеріне құлақ асып, қатты санасады екен. Міне, бізге де дамыған елдердің осындай озық тәжірибесін пайдалану қажет-ақ.
Бізде жоғары оқу орнын бітіргенімен, мұрнына мұнайдың исі де бармайтын дүмбілез мамандар Астанадағы жайлы кабинеттерге жайғасып алған. Олардың көпшілігі – көкесі мен әкесі әлдебір мекемені тіреп тұрған кілең “текті” жердің балалары. Ал жергілікті жерлердегі мұнай өндірісінің отымен кіріп, күлімен шығып, іс жүзінде тәжірибелік шыңдалудан өтіп жүрген қарапайым қазақ баласының теориялық білімі жоқ, жоғары оқу орнында білім алуға көп ретте қолы жете бермейді. Содан келеді де осы саладағы ондаған жылдарға созылған дәстүр сабақтастығы үзіліп, білімді де білікті мамандар дайындау ісі тоқырауға ұшырады. Қазақстандағы кадр саясаты жолға қойылып, “Аджип”, “Шеврон” сияқты ірі кәсіпорындарды басқаруды да игеріп, шетелдіктермен иық тірестіріп, терезесі тең дәрежеде сөйлесе алатындай Отанымыздың озық ойлы, білікті мамандарын тәрбиелеу қажет. Реті келгенде айта кету керек, кезінде “Шевронды” Ник Зана деген түрік те басқарды. Түркия мұнай-газ саласында біз сияқты 110 жылдық тәжірибесі бар, өндірісі дамыған ел емес. Бірақ сонда да олар осындай алып кәсіпорынды басқаруға қабілет-қарымы жететіндей іскер тұлғаны арнайы әзірлеп, жан-жақты сыннан өткізіп, даярлап шығарды. Ал біз болсақ, “қазақ мұнайының бір ғасырдан астам тарихы бар” деп, аузымызды толтырып мақтанғанымыз болмаса, жиырма жылдан бері “Шевронның” есігінен де сығалай алмай жүрміз.
Тағы бір айта кететін мәселе – жоғарыда аталған шетелдік кәсіпорындар сервистік қызмет көрсету саласындағы барлық жұмыс көлемін меншіктеп, монополиялап алған. Мысалы, тендер жарияланған кезде “Лукойл”-дың меншігіндегі кәсіпорындар жеңіп шығатындай етіп, солардың мүддесіне сай, заңсыз талаптар қойылады да, соның салдарынан ол талаптарды орындай алмаған жергілікті қазақстандық компаниялар зардап шегіп, өздеріне тиісті нәпақасынан қағылады. Бір ғана мысал. Өткен жылы тендер жариялаған “Қарақұдықмұнай” ЖШС бізге “Тендерге қатысушы мекеменің 2007 жылы Ресейде шыққан бұрғылау қондырғысы болуы тиіс” деген талап қойды. Біз бұл талаптың заңсыздығын айтып, өткен жылдың желтоқсан айында бұрынғы облыс прокуроры С.Ерімбетов пен “Нұр Отан” ХДП Маңғыстау облыстық филиалына шағым түсірдік. Алайда, одан әлі күнге дейін ешқандай нәтиже болған жоқ.
Ашығын айту керек, Ресейдің “ЮВСГ” (“Юго-Восточная сервисная группа”) компаниясы, “Лукойлдың” меншігіндегі “Қарақұдықмұнай”, “North Buzachі”, “Арман” ЖШС сияқты бірнеше сервистік компаниялар тікелей Ресейдің саясатын жүргізіп, өз елінің ғана мүддесін көздейді. Бұлардан ел бюджетіне келіп түсіп жатқан пайда да шамалы. Әсіресе, “Қарақұдықмұнай” ЖШС-нің қазақстандық жұмысшыларды жұмыспен қамтып, қазақстандық тауарды сатып алу мен қазақстандық қызметті пайдалану деген талаптарды орындау деңгейі біз сияқты сервистік компаниялар түгілі, республика Үкіметінің де көңілін көншітпей, Елбасының жүргізіп жатқан “қазақстандық мазмұн” саясатын аяқасты етіп отырған кәсіпорындар ретінде күні кеше Мұнай және газ (бұрынғы Энергетика және минералдық ресурстар) министрлігінің “қара тізіміне” ілікті. “Лукойл”-дың “Қазақойл Ақтөбе” ЖШС төңірегіндегі дау-дамай – өз алдына бір төбе.
Біздіңше, бұл компаниялар таза қазақстандық мүддеге қызмет етуі тиіс. Тіпті біз айтар едік, олардың құрылтайшылары мен бас директорлары да қазақстандық мамандар болуы керек. Әйтпесе, бас офисі Ресейде немесе Қытайда орналасқан, аты “қазақстандық” та, заты шетелдік компаниялардың тапқан табысынан ел қазынасына қара бақыр да түспейді, барлығы да шетел асып, жоқ болады. Сөйтіп, ел байлығы тапа-тал түсте талан-таражға түсіп, қала берді, қазақстандық компаниялардың аузы жырық болып, айналғанда өз елінде өгей күй кешіп қала береді.
Сондай-ақ, “Өзенмұнайгаз” өндірістік бірлестігінің ұңғыларын жөндеумен және күрделі жөндеумен айналысатын “Бұрғылау” ЖШС, “Жөндеу” ЖШС, кезінде “Маңғыстаумұнайгаз” акционерлік қоғамының еншілес кәсіпорны болып құрылған “Ойл сервис компани” (“OSK”) ЖШС-нің де кәсіби біліктілігі өте төмен, қызмет көрсету деңгейі нашар болса да, аталған ірі компаниялардың айналасындағы тендерлердің бәрін ұтып, монополиялап алған.
Қарап отырсаңыз, осы аталған мекемелердің бәрі біздің өлкеміздегі өндіріс алыптарының еркетотай баласындай болып, барлық жұмыс көлемін меншіктеп, монополиялап алған. Ал осы әрекеттер қаншалықты заңды? Айналып келгенде, соның салдарынан жергілікті қазақстандық компаниялар зардап шегіп, өздеріне тиесілі наны мен нәпақасынан қағылып отыр. Меніңше, жоғарыда аттары аталған шетелдік кәсіпорындардың барлығының да ең кемінде 50 пайыздайында қазақстандық үлес болуы қажет.
Ендігі бір мәселе – еліміз тәуелсіздік алғалы бергі соңғы 19 жылдың ішінде соры қайнап, қайта-қайта қайта құрылымдауға (реорганизацияға) ұшыраған мұнай-газ саласының хал-ахуалы. Асылы, қаншама жылдар бойы қалыптасқан дәстүрі бар қазыналы саланы қайта құрылымдаудан өткізіп, “реформа” жасай беру – түсініксіз. Өйткені, мұнай мен газ саласының дүниежүзілік тәжірибеде қаншама ғасырлар бойы сыннан өткен қалыпты дәстүрі бар. Егер оны қаламасақ, күні кешегі Кеңес Одағының кезінен қалған жүйені бұзбай, сақтап қалуымыз керек еді. Айталық, кеңес өкіметі кезінде мұнай-газ өндіру басқармасы–өндірістік бірлестік–мұнай және газ өнеркәсібі министрлігі деген үш буыннан тұратын басқару әдісі болды. Сол жүйеде қаншама білікті кадрлар тәрбиеленіп, тұтас бір лек мамандар шоғыры қалыптасты. Елдің бүкіл мұнай және газ өнеркәсібін осы мамандар ұстап тұрды және өз кезегінде олар рет-ретімен келесі буын ұрпақтарды дайындап, баулып шығарып, эстафета таяқшасын келесі буынға беріп кетіп отырды. Сөйтіп, елдің ең бір өндірісті саласы қалыпты даму ырғағымен жұмыс істеп тұрды. Ал қазір қалай? Жаңағы 3 буынды басқару әдісі бірнеше рет бұзылып мұнай-газ өндіру басқармасы–Акционерлік қоғамның басқармасы–“ҚазМұнайГаз” Барлау-Өндіру” басқармасы–“ҚазМұнайГаз” АҚ–Мұнай және газ министрлігі болып бес сатылы басқару әдісі енгізілді. Ол аздай, осының бәрінің үстінен қарап, қаржы қазанының қақпағы мен құлағын ұстап отырған “Самұрық-Қазына” қоры деген өз алдына тұтас бір жүйе тағы бар. Сонда бұл алты буынды басқару сатысы болып шыға келді. Оның үстіне бұл жүйе де тұрақты емес. Әрбір екі-үш жыл сайын министрліктің өзі біресе айырылып, өз алдына жеке отау болып шығып, біресе қосылып, біреудің шаңырағында кірме күй кешіп, құбылады да тұрады. Күні кешегі “Өзенмұнайгаздағы” шиеленіскен әлеуметтік жағдайдың астарында да осындай ойсыз қадамдардың әсері жатыр. Бұл – бұрыннан бар жүйемізді талқан қылып, қолда барымызды қор етіп, елдің мұнай-газ саласын құрту деген сөз. Сондықтан бұл саладағы жыл сайын қайта құрылымдап, сапырылыстырып жататын сансыз “реформаларды” тоқтатып, саланы дамудың қалыпты арнасына түсіру керек. Мұның бәрі – айналып келгенде, “қазақстандық мазмұн” саясатынан шығып кетіп отырған жәйттер.
Сондықтан республика Үкіметі енді ғана қолданысқа енгізіліп жатқан қазақстандық мазмұн туралы заңның шикі тұстарын қайта қарап, әлі де болса жетілдіре түсуі және сол қабылданған заң талаптарының қатаң орындалуын қадағалауы қажет.
Меңдеш САЛИХОВ, мұнайшы.