Ауғанстандағы қыздардың 70%-ы ерте немесе мәжбүрлі түрде тұрмысқа шығуы мүмкін. Жаңа заң бойынша енді әйелдер күйеуі келісім бермесе, ажыраса алмайды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Ауғанстандағы «Талибан» қозғалысы алғаш рет балалар некесін заңды түрде мойындаған секілді. Белсенділердің айтуынша, «жөнсіз» заң қыздар мен жас әйелдердің күйеуінің қалауына қарсы тұрып, ажырасуына мүмкіндік бермейді.
Елде мәжбүрлі және кәмелетке толмағандар арасындағы некелер бойынша ресми статистика жоқ. Алайда құқық қорғаушылар соңғы жылдары бұл көрсеткіштің қарқынды түрде өскенін айтады. Бұған қыздардың 11-сыныптан кейін білім алуына тыйым салынуы себеп болған.
Бейресми мәліметтерге сәйкес, тәліптер қыздардың білім алуына тыйым салғаннан кейін олардың шамамен 70%-ы ерте жастан мәжбүрлі түрде некеге тұрған. Оның ішінде 66%-ы – 18 жасқа толмаған қыздар.
Тәліптер билігі тұсында Ауғанстанда балалар некесіне тыйым салынбаған. Өткен аптада қабылданған ажырасу туралы жаңа заңға сәйкес, егер қыз кейіннен өз еркінен тыс тұрмысқа шыққанын айтса да, күйеуі келіспесе ажырасуға рұқсат берілмеуі мүмкін.
Сондай-ақ жаңа заң бойынша әйел күйеуінің жоқтығына немесе материалдық қолдау көрсете алмайтындығына қарамастан ажыраса алмайды.
Осы аптада Ауғанстан астанасы Кабул қаласында жаңа заңға қарсы наразылық шаралары өтті. Әйелдер құқығын қорғайтын бірқатар қозғалыс бұл заңды әйелдер мен балаларға қарсы жүйелі зорлық-зомбылықтың бір түрі деп атады.
«Әйелдерге қарсы жүздеген жарлық шығарғаннан кейін, тәліптер енді балалар некесін ресми құқықтық жүйеге енгізуге тырысып жатыр. Қауіпсіздік пен әділдікті қамтамасыз етудің орнына, тәліптер әйелдерді жек көретін масқара жарлықтар шығарып, адам бостандықтарын шектеумен айналысып жатыр», деді белсенді Фатима.
БҰҰ-ның Ауғанстанға жәрдемдесу миссиясы да бұл заңға алаңдаушылық білдірді. Ұйымның мәлімдеуінше, ерлі-зайыптының бөлек тұруын реттейтін қағидаларды заңдастыру ауған әйелдері мен қыздарының құқықтарын одан әрі әлсіретіп, жүйелі кемсітушілікті күшейтеді.
UNAMA өкілі Жоржетта Ганьон жаңа заңды «ауған әйелдері мен қыздарының құқықтарын шектеуге бағытталған кең әрі алаңдатарлық үрдістің бір бөлігі» деп атады. Оның айтуынша, бұл заң әйелдер мен қыздардың дербестік, мүмкіндік және әділ сотқа қол жеткізу құқығынан айыратын жүйені бекітеді.
Тәліп үкіметінің өкілі сын-пікірлерді жоққа шығарып, мемлекеттік телеарнаға сұхбат берді.
«Исламға, дінге және исламдық жүйенің негіздеріне қарсы адамдардың наразылығына назар аудармауымыз керек», деді ол.
Жуырда Ауғанстанның адам құқықтары жөніндегі тәуелсіз комиссиясы жүргізген зерттеу елдегі балалар некесінің құрбандарының көпшілігі тұрмыстық зорлық-зомбылық пен ауыр психологиялық күйзеліс көргенін анықтады.
Осы айдың басында Ауғанстанның орталығындағы Дайкунди провинциясында бірнеше ай бойы күйеуінің қатігез соққысына ұшыраған 15 жастағы қыз көз жұмды. Әкесі қызының сегіз ай бұрын немере ағасына тұрмысқа шыққанын, ал зорлық-зомбылық екі айдан кейін басталғанын айтты. Оның сөзінше, әрбір соққыдан кейін жергілікті ақсақалдар араласып, қызды некеде қалуға көндірген.
«Тәліптердің жаңа кодексі балалар некесін заңдастырып, некедегі еркін келісім қағидатын шектейді, ал кей жағдайда әйелдерді бұл құқықтан толық айырады. Бұл патриархалдық құрылымдарды күшейтіп, әйелдерді бағынышты әрі заң алдында тең емес жағдайға қояды», деді Абдул Ахад Фарзам.
Бұған дейін ауған халқының күнкөріс деңгейі әлсірегені туралы жазған болатынбыз.