Төтенше жағдай, індеттің таралуынан халықаралық туристік бағыттардың азаюына орай осы жазда өңіріміз туристерді қабылдауға дайындалуда. Алдын ала есептеу бойынша Баянауыл ұлттық паркінің курорттық аймағы 300 мыңға жуық туристі күтуде.
Былтыр Үкіметте еліміздің туристік саласын дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Бағдарламаға енген 10 ең перспективалы туристік бағыттардың қатарында Баянауыл курорттық туристік аймағы да бар.
Осы жақсы бастамаға орай облыстық Туризмді дамыту және спорт басқармасы экология, көріктендіру, әуежай, жол, инфрақұрылымдарды жасау, инвестор тарту, маркетинг, жарнамалау сияқты бағыттармен жұмыс жасауды жоспарлапты. Бұл 10 бағыт бойынша республикалық бюджеттен 17,5 млрд теңге бөлінбек, 30-дан астам жоба да белгіленді.
Бұл қыруар қаржы демалыс аймағында инфрақұрылым салуға, жолдарды жөндеуге, электр желісін тартуға, күштік трансформаторлар, вакуумды ажыратқыштар, кабель өнімдері, тіректерге арналған іргетастар, темірбетондар тұрғызуға жұмсалатын болған. Биодәретханалар, орындықтар, қоқыс жинауға арналған контейнерлер орнатылады. Жаңа демалыс үйлері, кешендер мен корпустар бой көтереді деп жоспар түзілді.
Мәселенің мәнісіне келсек, Үкіметтің туризм саласын дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламасы арқылы жүзеге асырылатын Баянауылдағы демалыс аймағындағы бұл жерлер әлі «Баянауыл» ұлттық паркіне тиесілі. Жобаларды іске асыру үшін жер бөліктерін аудан әкімдігінің қарауына өткізу керек екен.
Парк аумағының аудан орталығы тұсындағы негізгі бөлігі 50 мың 688 гектар жер. Табиғи парк еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Орман шаруашылығы комитетіне қарайды.
Еліміздің заңнамаларына сәйкес, «Ерекше қорғалатын жерлерді» шетелдік инвесторлар да тұрақты пайдаланушы ретінде ала алмайды.
Әрине Ұлттық саябақтың басты мақсаты – ерекше қорғалатын, әлемде сирек кездесетін жануарлар мен өсімдіктерді қорғау. Аумақта көптеген археологиялық ескерткіштер, қола дәуірінен қалған қорғандар, тастағы жазулар мен таңбалар, үңгірлер бар. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы туристік қызметті реттейтін негізгі нормативтік құқықтық актілер «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар» туралы заң, Жер және Орман кодекстері бар.
Мысалы, жаңа бағдарламада мемлекеттік табиғи қорық аумағында қорғаудың қорықтық режімі орнатылады, мемлекеттік табиғи қорықтың қызметімен байланысты емес ғимараттарды (құрылыстарды), жолдарды, құбырларды, электр беру желілерін және басқа коммуникациялар мен объектілерді салуға тыйым салынады делінген.
Сондықтан парк мамандары демалыс аймағына инфрақұрылымдарды жасаған кезде жер бедерлерінің ерекшеліктері ескерілуі қажет дейді. Осыдан екі-үш жыл бұрын арнайы қаржы бөлініп, демалыс аймағына кіре беріс аумаққа автотұрақ салынды. Бірақ тағы да сол – жер мәселесі, автотұрақты парктің иелігіне беру шарт.
Жергілікті биолог, ғалым Қанатбек Алтаевтың айтуынша, ұлттық парктерге туристерге арналған эко-туризм, медициналық,тарихи-танымдық туризм бағыттарына арнайы инфрақұрылымдық бағдарламалар қажет. Баянауыл айрықша қорғалатын рекреациялық аймақ болғандықтан, қоршаған ортаны қорғау міндет. Табиғат қорғау шараларының жеткіліксіздігі, заманауи инфрақұрылымдардың болмауы, маңайында орналасқан ауылдарда кәріз жүйелерінің салынбауы – табиғатқа зиян.
Яғни Ұлттық парк аумағына қарасты демалыс аймақтарын туристік тұрғыдан пайдалану, демалыс үйлерінің қызметі еліміздегі заңнамалар негізінде реттелуі қажет. Заң талаптарын орындамай демалыс аймағынан жерді жалға алып, өз кәсібін жасаушылар табиғатқа зиян келтіреді. Жасыбай көлі жағасындағы жекеменшік демалыс үйлерінен, дәмханалардан шығатын қалдық су қайда барады, көлге құйылуда.
Туризм басқармасының мәліметінше, демалыс аймағында көл жағалай орын тепкен демалыс үйінің иелері «Ерекше қорғалатын табиғи аумақты» мақсатты пайдаланғандары үшін мемлекетке тиісті мөлшерде салық төлейді. Жасыбай көлі маңындағы «Қазақстан алюминийі» АҚ-ның «Кристалл» демалыс үйі, Ақсу ферроқорытпа зауытының, Екібастұздағы «Богатырь» кенішінің демалыс үйлері халықаралық талаптарға сай.
– Салық төлейді деген ақталу емес. Жалпы,туристерді Жасыбай, Торайғыр, Сабынды жағалауына жеке-жеке бөліп, үш жерге орналастырған жөн. Су мен кәріз жүйелері инфрақұрылымдары жасалмай көлдердің, демалыс аумағының тазалығы сақталмайды, – дейді Қанатбек Алтаев.
Ал «Ақжан» туристік ақпараттық орталығының басшысы, туризм саласының ардагері Жұмагелді Дүйсекеев Баянауылдың экологиялық қазіргі жағдайына алаңдаулы.
Айтуынша, Баянауылда Ұлттық табиғи парк 1985 жылы ашылды, сол кездегі мәлімет бойынша Жасыбай көлінің түбі 4-6 метрге дейін көрінетін болған.
– Қазір су неге лай? Жалпы, табиғатты күтудің, оған түсетін салмақтың белгілі мөлшері бар. Ұлттық парктің аумағы 60 мың га болса, соның 14-ақ мың га жеріне туристерге келуге рұқсат берілген. Заңдылық бойынша жазғы демалыс 3 ай уақыт ішінде 14 мың га жерге демалуға 35-40 мыңдай турист келуі тиіс. Қазір Жасыбай аумағында 150-200 мың турист демалады. Бұл жағдай табиғатқа антропогендік әсерін тигізуде. Көлдің суының лайлануы демалушылардан келген залал, – дейді Жұмагелді ағамыз.
Мысалы, бір ғана Жасыбай көлінің аумағында 24 қонақүй, 40-тан аса дүңгіршек, дәмханалар бар. Инфрақұрылымы жоқ демалыс аймағында демалушылар санының көбеюі, осыншама қонақүйдің орналасуынан көлге, табиғатқа зиян келуде.
– Баянауылдағы туристерге демалуға лайықты орындар Торайғыр, Сабынды көлдерінің аумағын неге іске қоспасқа? Қабылданған бағдарлама арқылы осы мәселені іске қосуымыз керек. Осы жоба арқылы Жасыбай көлі аумағына түсетін туристік әлеуеттің салмағын бөлісуге, азайтуға тиіспіз, – дейді Жұмагелді Дүйсекеев.
Ал Торайғыр көлінің жағасындағы Торайғыр ауылына Англия, Франция, Қытай, Оңтүстік Корея, Канада, Бразилия елінен жыл сайын туристер келеді екен. Экзотикалық, жабайы табиғатымыз шетелдіктерді қатты қызықтырады. Шетелдік туристерді, альпинистерді жып-жылтыр жартасты, жақпар тасты Ақбет тауы қызықтыра шақырады. Көл жағасында теңіз деңгейінен есептегенде биіктігі 1026 метрден асатын, ені 7 шақырымдай тау батыстан шығысқа қарай 17 шақырымға созылып жатыр. Баурайында Торайғыр, Сабынды, Жасыбай көлдері жарқырайды. Бұлақтары сансыз.
Хан Абылай үш жүздің басын қосып қалмақты жеңгенін тойлаған Баянауыл, Сабынды көл басында:
Үш жүзге шықты Абылай хан сайланып.
Мың жеті жүз отыз төртінші жылында еді,
Үш жүздің басын қосқан жиын еді, – деп жырға қосқан Сабынды көлдің жағасы танымдық-тарихы туризмге сұранып-ақ тұр. Көл жағасында Абылайдың «көк жартасы» деген жартас қалған.
Ендігі мәселе – Үкімет қабылдаған бағдарлама көлдері ластанған, шағын бизнес нысандары шашыраңқы орналасқан, заманауи инфрақұрылымы жоқ демалыс аймағын назарға алу. Бұл бағдарлама алдағы уақытта Баянауылдың туризмі қандай болмақ деген сұраққа жауап берер.
Парк қызметкерлері індет тараған дәл осы уақытта арнайы жұмыс тобын құрып, демалыс аймағындағы сауда орындарының жалгерлеріне медициналық тексеріске қойылатын талаптарды күшейту қажет. Жергілікті полицияның қоғамдық тәртіпті сақтаудағы жұмысы дұрыс жолға қойылса деген өтініштерін білдіруде.
Өйткені демалушылардың көбі шатыр-күркелерін, тұрмыстық заттарын тиеп алып келеді. Көліктеріне түнейді. Көл жағасында самаурын қойып түтіндетіп, тіптен қазанға ет асқысы келетіндер де бар екен.
Кейбірі «MAN», «VOLVO» секілді шетелдік автобустар ішіне кереуеттер орнатып, жатынжай да жасайды. Аумақта күркелер тігілетін арнайы орын белгіленгенімен, ол талаптарды ескермейді. Заңнама жүзінде туристік нормативтік-құқықтық актілер болмағандықтан, демалу ережелерін бұзу орын алуда.
Бізді әр баянауылдықтың «туризмнің дамығаны жақсы, бірақ табиғатты сақтап қалуы бәрінен де маңызды» деген шынайы патриоттық сезімдері қуантады. Кесенелері алыстан көз тартқан аруақты ата-бабаларымыз, батырлар жатқан жерді, тау-тастарды, тарихи үңгірлерді сақтап, табиғатты қызғыштай қорғайды. Ата-бабаның қолтаңбасы қалған таудың тастарын қопарып, тасып әкеткендер заң жүзінде жазаланса дейді.
Иә, туризм – қазіргі күні әлемдегі өте табысты салалардың бірі. Халықтың өмір сапасын анықтайтын әлеуметтік факторға айналды. Туризмнің дамуы – әр елдің мәдени салт-дәстүрлерінің сақталуына, қолөнерінің жаңғыруына, тарихын білуге ықпал жасайды. Баянауылдағы туристер жиі баратын орынның бірі – Қоңырәулие үңгіріне баратын жолға баспалдақтар орнатылды.
Жалпы, Баянауылдың туристік әлеуеті кең, мүмкіндігі жетеді, бірақ заңдылыққа сай пайдалана алмай келеміз. Мысалы, облыс орталығынан Баянауылға жеткізетін жыл сайын көктемгі тасқын астында қалатын республикалық жолды күтіп ұстау-туристік әлеуеттің негізгі тамыры деуге болады.
Кешегі күні облыс әкімдігінде өткен жиында өңір басшысы Баянауылдағы Жасыбай, Сабынды және Торайғыр көлдерін аралап көргенін, бірақ туристер үшін қарапайым жағдай да жасалмағанын айтты. Жаңа жоспарды жасамас бұрын алдымен қолда бар инфрақұрылымды қосып, дайындығын тексеріп алмақ.
– Қазір облыстық Туризм басқармасы, аудан басшылығы және осы салаға жауапты орынбасарым курорттық аймақты дамыту жоспарын дайындауда, – деп атап өтті облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов.
Биылғы жылы курорттық аймақта 30 шақырымға жуық жолға асфальт төселеді, 13,5 шақырым электр желісі және 52 километрге жуық су құбыры салынады. Жазғы маусымның ашылуына дейін Әулие бұлақ, Қоңыр әулие үңгірі аумақтарын абаттандыру жұмыстары басталды. Торайғыр ауылынан көл жағажайына және Қоңыр әулие үңгіріне дейін жол салынуда.
Бұл енді әдеттегідей, жыл сайын естіп жүрген жоспарлар болғандықтан, таңырқаған жоқпыз. Баянауылдың туризмі онсыз да толып жатқан жоба-жоспарларға тәуелді. Облыс әкімдері ауысқанда қыруар қаражат жұмсалған жоба-жоспарлар да өзгеретіні белгілі.
Күмәнді жобалар жайында газетімізде біз де жаздық. Қазір бұрынғы облыс әкімі Болат Бақауовтың қысқы туризм аймағын жасамақшы болған Мырзашоқы жобасы арнайы сертификаттаудан өтпеген шағын аэродром мәселесімен құқық қорғау орындары айналысуда.
Әрине біз мақала жазу барысында Баянауылдың туризмін түкке алғысыз еткіміз келіп отырған жоқ. Керісінше, кемшіліктер жақсы істермен жалғасып, жарасым тапса жөн болар еді.
Павлодар облысы,
Баянауыл ауданы