• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 28 Мамыр, 2020

Шымкенттегі кәсіпорындар санитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып, іске қосылады

217 рет
көрсетілді

Шымкент қаласының бас санитар дәрігері Әбдіманап Төлебаев 28-мамырдан бастап жұмысын бастауға рұқсат берілген орындарды мәлімдеді.

- Қалада індеттің таралуы әлі төмендеген жоқ. Керісінше, күн сайын жоғарылап келеді. Сондықтан да санитарлық талаптар қатаң бақылауда болады, - дейді дәрігер.

Тамақтану орындарына өз жұмысын бастауға рұқсат берілді. Дегенмен қатаң талапты орындаса ғана. Дәмханалар таңғы 10:00 мен 18:00 аралығында жұмыс істейді.

Тамақтанушылар арасында арақашықтық сақталуы керек. Есік алдында арнайы қызметкер келушілердің қызуын өлшеп, қал-жағдайына зер салуы тиіс.

Сонымен қатар тамақтан бір реттік ыдыстармен немесе көп реттік ыдыстар залалсыздандырылып отыруы тиіс. Ал, жұмысшылар міндетті түрде бетперде мен бір реттік қолғаптармен қамтамасыз етілуі керек.

Жазғы алаңдар мен спорт алаңдары және базарларда осы сынды талаптарды орындай отырып, өз жұмыстарын бастауға рұқсат берілді.

Айта кетейік, Шымкент қаласында 2020 жылдың 27 мамырдағы жағдай бойынша, COVID-19 инфекциясымен 732 жағдай тіркелді. Сырқаттанушылық көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 69,4 құрап отыр. 732 жағдайдың 22-і сырттан келіп тіркелген (13-і халықаралық жүк тасымалының жүргізушісі, 1 жолаушы Польшадан ұшып келген, 8-і Ресей Федерациясынан келген, оның ішінде 7-і адам жұмыс істеп жүргендер және 1 студент), 286-ы – жергілікті тұрғындар, 424-і қарым-қатынаста болғандар.