• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экология 29 Мамыр, 2020

Жаһан жанарындағы Жетісу жауһарлары тоқыраған туристік саланы жандандыра ма?

386 рет
көрсетілді

COVID-19 індетінің таралуы әлемнің экономикалық дамуын ғана емес, адамдардың тіршілік ету қағидасына да түбегейлі төңкеріс әкелгені анық. Мәселен, ендігі жерде тұрғындар қарым-қатынас, жүріс-тұрыс әдеттеріне шектеу мен өзгерту енгізетіні сөзсіз. Сондай қалыптасқан қағиданың қатарында маусымдық демалыс дәстүрі де бар еді, енді жұрт бұл ұстанымынан бас тартпаса да, мейлінше сақтық шарасына көшіп жатқаны белгілі. Бұл, әрине, экономикалық табысы туризмнен түсетін қаржы көзіне тәуелді мемлекеттер үшін ауыр соққы болмақ.

Өйткені әлемде коронавирусқа дейін туризмнен түсетін табыс мұнай мен көлік өндіруден кейінгі үшінші орын­да тұрған болатын. Дүниежүзілік туризм ұйымының деректері бойынша туризм индустриясы ғаламшардағы жалпы ұлттық өнімнің оннан бір бө­лігін құрап келген. Әлемдегі инвестиция айналымының 11 пайызы да осы туризмді дамытуға бағытталған еді. Ал адамзатты жұмыспен қамту жөнінен де туризм индустриясы алдыңғы орында, мысалға жыл сайын жаңадан ашылатын он жұмыс орнының әрбір тоғызыншысы осы салаға тиесілі-тін. Енді осы қаржы ағынынан айырылу қаупі туып тұр. Дегенмен, туризм саласы дамыған елдер әрекет етіп, демалыс орындарына келетін адамдардың қауіпсіздігін қамтуды қолға алуда. Күні кеше Түркия барлық туристік нысанды толықтай сертификаттаудан өткізетінін мәлімдеді. Яғни мемлекет әуе компанияларын, қонақүйлерді, мейрамханалар мен дәмханаларды тыңғылықты тексеруден өткізіп, ортақ санитарлық талапқа бағындырмақ. Сертификаттаудан кейінгі нәтиже халықаралық туристік ұйымдарға ұсынылмақ. Осылайша Түркия билігі өз еліндегі туристік нысандардың тиім­ділігін арттырып, демалыстың қауіпсіз екенін дәлелдеуге кірісті. Өйт­кені түрік бизнесінің қазынасына түсетін табыстың 12 пайызы дәл осы туризм саласына тікелей тәуелді екен. Ал коронавирус хабары шыққалы бері бұл іс тоқырады деуге болады. Түркия билігі жариялаған соңғы мәлімет бойынша елдегі туристік нысандардың 99 пайызы тоқтап қалған...

Енді Қазақстандағы туризмнің дамуы­на оралайық. Бұл жерде кесімді пікір айту қиын. Себебі отандық туризм саласы ел экономикасының табысты бөлігіне айналған жоқ. Бірақ үміт бар. Өйткені қазақ даласының көп бөлігін жер жәннаты деп бекер атамаса керек. Тұмса табиғаты көз жауын алатын аймақ әлі-ақ әлем туризмінің отанына айналары анық. Қазірше жаһан жұртының назарына ілінген Жетісу жауһарлары жайында жағымды хабар жеткізумен шектеле тұрамыз. Қазір бұл өлкеде туризмнің дамуы жоғары деңгейде жүріп жатыр. Әсіресе әлемнің демалысқа құмар қа­уымын тұмса табиғат ғажайыбын көзбен көруге шақыру ісі қарқынды. Мәселен, соңғы 3 жылда Алматы облысы бойынша әлемдік онлайн-платформаға ту­ристік локацияны жүктеу бағытында ауқымды жұмыстар атқарылған екен. Атап айтқанда, GoogleMaps, Yandex кар­таларында және «TripAdison» сай­тындағы Алматы облысының микросайтында өңір туралы 8 мыңнан астам локация пайда болды. Сол сияқты облыстық туризм басқармасы мен «Wikipedia» жалпыға бірдей қолжетімді энциклопедиясы арасында меморандум жасалған. Ал «YouTube» танымал бейнехостингіне қойылған «KZ-дағы демалыс. Жетісуға саяхат» бейнеролигін тамашалаушылар легі көбейіп келеді.

 – Биыл аймақтағы кәсіпкерлерді цифрлы құралдарды қолдануға, жүк­телген мәліметтерді белсенділендіру мен сараптауға үйрету жұмыстарын қолға алдық. Бұл туризмді дамытып, одан пайда табуға ынталы іскерлердің жұмысын жеңілдетуі тиіс. Сол сияқты сәуір айы­ның соңында Тұңғыш Президент – Елбасы қорының қолдауымен «Most» бизнес-инкубаторының қатысуымен туризм бойынша «Global Online Startup Weekend: Covid-19 Edition» бірінші виртуалды хакатон ұйымдастырдық. Сөйтіп облыстың туристік саласы UNWTO «Healing solutions for tourism challenge» жаһандық бастамасына қосылды. Республиканың әр түкпірінен екі жүздей қатысушы жобаға үн қатып, көз ілеспес жылдамдықпен өзгеретін бүгінгі заманда туризмді дамыту міндетіне ортақ үлес қосуға ниетті, – дейді Алматы об­лысының туризм басқармасының басшысы Жанар Алшымбаева.

Айтпақшы, облыста инфрақұрылым­ды дамыту бағытында атқарылған ауқым­ды жұмыстың нәтижесінде соң­ғы 10 жылда Жетісуға келген тури­с­тер легі 3,5 есеге өскен, соның ішін­де өткен 5 жылда бұл көрсеткіш тіп­тен көбейіпті. Дерек бойынша, осы ара­­лықта жер жәннатына 2 227 000 адам­ның аяғы тиген екен. Бұл – өңірдегі туризмнің өрлеуімен қатар еншілес са­ланы да өзімен бірге өрге сүйреуіне жол ашқаны анық. Нәтижесінде нақты табысқа негізделген туристік кластер қалыптасты. Қызмет көрсету саласының жандануы жұмыс орындарының көптеп ашылуымен қатар тамақ өнеркәсібі мен көлік, байланыс қызметіне де сұраныс туғызбақ. Мысалға, өткен жылы облыста туристерді қабылдайтын 781 нысан жұмыс істеген-ді. Олар 2272,3 мың адамға қызмет көрсеткен. Ақылы туристік-сауықтыру қызметтерінің көлемі 15,9 млрд теңгені құрапты. Ал ішкі туризмге жұмсалған қаржы 31,2 млрд теңгеге жуық. Демалыс аума­қ­тарынан туристік нысандардың көптеп салынуы да инвесторлардың қызығу­шылығының зор екенін білдірсе керек. Мәселен, соңғы 5 жылда облыста жалпы сомасы 40,1 млрд теңгеге 196 туристік нысан жаңадан іске қосылған екен. Соның ішінде былтыр облыстың туристік картасында 48 су жаңа демалыс орны пайда болып, жалпы сомасы 19,3 млрд теңге болатын жеке инвестиция тартылған. Биыл 27 нысан салынып бітуі тиіс, оған 4,2 млрд теңге қаржы жұмсалмақ.

Жетісудағы жағажай туризмінің тамыр жайған тұсы – Алакөл жағалауы. Жыл басынан бері ғана осы ауданда 3 жаңа демалыс орнының құры­лысы аяқталды, құйылған инвестиция мөлшері 110 млн теңгені құрады. Бұйырса, ал­дағы жылы Алакөл жаға­лауында кот­теджді қалашық бой кө­тереді. «Alakol Apartments» деген атауы бар демалыс кешенінде әлем­нің сұранысқа ие демалыс аумақ­та­рын­дағыдай жағдайдың бәрі жасал­мақ. Мұнда жазғы маусымда жұмыс іс­тейтін амфитеатр да салынады. Жо­ба құны 4 млрд теңге шамасында екен. Ал таулы аймақтағы туризмнің өрі­сі Талғар ауданында кеңеюде. Бұл аумақ­та жұрт жиі баратын «Ойқарағай – Апорт» демалыс орны, «Ақбұлақ» тау-шаңғы кешені табысты туристік клас­тер құрап отыр. Сол сияқты Еңбек­шіқазақ ауданындағы «Түрген» турис­тік кеше­нінің аумағын кеңейту жұ­мысы қолға алынуда. Іс нәтижелі болса, Түрген шатқалы да танымал тау ку­рорттарының тізіміне қосылады. Тағы бір турис­тер назарынан тыс қалмай­тын нысан Райымбек ауданында салын­бақшы. Жалпы құны 542,7 млрд теңге болатын «Park Canyon» ойын-сауық кешені жеке инвесторлардың есебінен жүзеге асатын жоба болып отыр.

 

Алматы облысы