• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 29 Мамыр, 2020

Қазақстандағы алғашқы медициналық имплантанттарды жасап жатырмыз

257 рет
көрсетілді

Ғылыммен айналысуға қажет құрал-жабдықтарымыз да, білікті ғалымдарымыз да бар.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында еліміздің білімі мен ғылымын дамытуға қатысты нақты тапсырмалар бергені белгілі. Әсіресе Президенттің ғылымға бөлінетін қаржы көлемін ұлғайтып, жоғары оқу орындарының ғылыми зерттеулермен шұғылдануына жағдай жасау керектігі жөнінде айтқан ойлары бізді қанаттандырды. «Үкімет іргелі ғылым мен зерттеу институттарының базалық қаржыландыру көлемін арттыру мүмкіндігін қарастыруы қажет. Проблемалы мəселелердің бірі – зерттеулер үшін құрал-жабдықтардың жетіспеуі. Бұл проблеманы шешу қажет. Ірі отандық кəсіпорындардың, компаниялардың технологиялық алаңдарын жоғары оқу орындарымен жəне зерттеу институттарымен байланыстыру да маңызды. Үкіметтен жəне сарапшылардан тиісті ұсыныс əзірлеуді өтінемін» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы ретте Президент айтқан ірі отандық кəсіпорындардың, компаниялардың технологиялық алаңдарын жоғары оқу орындарымен жəне зерттеу институттарымен байланыстыру мәселесіне қатысты ой қоссам деймін. Біздің университет еліміздегі техникалық саладағы іргелі оқу орны ретінде бұл бағытта бірнеше жылдан бері жүйелі түрде жұмыс жүргізіп келеді. Кәсіпорындармен де, компаниялармен де, ғылыми зерттеу институттарымен де тығыз байланыстамыз. Бір ғана мысал келтірейін. Оқу орнымыз Өскемендегі Үлбі металлургиялық зауыты және Нұр-Сұлтан қаласындағы Травматология және ортопедия ғылыми зерттеу институтымен бірлесіп медициналық имплантанттар шығаруды қолға ала бастады. Бұл үшжақты ауқымды жоба 2017 жылы басталған болатын. Жобаны жүзеге асыру үшін университет базасында елімізде алғаш рет травматология мен ортопедияға қажет медициналық имплантанттар өндірісі үшін тәжірибелі-өндірістік аймақ құрылды. Аумағы 300 шаршы метрді құрайтын бұл жерге мемлекеттің қолдауымен металлға арналған 3D принтер, металл өңдейтін станоктар, вакуммды пеш секілді 26 заманауи өндірістік және талдау құрылғылары сатып алынды. Жәй ғана сатып алып қоюмен шектелген жоқпыз, университет ғалымдары осы құрылғылармен жұмыс істеп, отандық медицинаға аса қажет бұйымдарды жасап та шығарды. Атап айтсақ, біздің оқу орнының ғалымдары  Нұр-Сұлтан қаласындағы Травматология және ортопедия ғылыми зерттеу институтының тапсырысына сәйкес отырған 8 түрлі медициналық имплантант әзірледі. Оны өзіміздегі металлға арналған 3D принтерден басып шығардық. Қарапайым тілмен түсіндірсек, біз әзірлеген медициналық имплантанттарды, яғни металлдан әзірленген әртүрлі көлемі шағын құрылғыларды дәрігерлер науқастардың қол, аяқ, иық, адамның басқа да дене мүшелерінің сүйектерін жалғап, бітістіруге қолданатын болады. Ғалымдарымыз Нұр-Сұлтандағы зерттеу институтына ТМД елдері аумағындағы елдердің медицинасында кеңінен қолданылатын ВТ6 титан құймасын (құрамы – титан, ванадий, алюминий) дайындап, алғашқы үлгісін ұсынды. Бұдан бөлек Ti-Nb-Ta деп аталатын отандық медицинада бұрын-соңды қолданылмаған медициналық имплантанттың жаңа түрі шығарылды. Бұл құйманың құрамында титан, тантал, ниобий сияқты металлдар бар. Ғалымдардың пайымынша, ВТ6 титан құймасынан гөрі Ti-Nb-Ta құймасының адам ағзасына жағымды әсерлері мол. Құйманың жаңа түрі клиникаға дейінгі сынақтан сәтті өтті. Енді отандық медицинада қолданылуы мүмкін. «Проблемалы мəселелердің бірі – зерттеулер үшін құрал-жабдықтардың жетіспеуі» деді ғой Президент. Бізде бұл тұрғыда мәселе жоқ. Ғылыммен айналысуға қажет құрал-жабдықтарымыз да, білікті ғалымдарымыз да бар. Мақсатымыз – отандық медицинаға қажет отандық өнімдер әзірлеу. Жақында облысымызға жұмыс сапарымен келген Үкімет басшысы Асқар Мамин тәжірибелі-өндірістік аймақты көріп, жоғары баға берді. Нұр-Сұлтан қаласындағы Травматология және ортопедия ғылыми зерттеу институты медициналық импланттардың көпшілігін шет елден алатынын білеміз. Осы дүниелерді неге өзімізде жасамасқа?! Сонда сапасы да жақсы, әсіресе бағасы да қолжетімді болып, қаншама отандастарымыздың дер кезінде ем алуына септігіміз тиер еді деп ойлаймын. Президентіміздің Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысындағы сөздері жоғары оқу орындарына үлкен жауапкершілік жүктейді. Осы орайда жоғарыда сөз еткен бағыттағы жұмыстарымызды одан әрі жандандырып, жетілдіріп, елордадағы ғылыми-зерттеу институтымен бірлесіп импланттанттардың күрделі түрлерін жасамақ ойымыз бар.

Жасұлан ШАЙМАРДАНОВ,

Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан

мемлекеттік техникалық университетінің ректоры

ӨСКЕМЕН