• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 30 Мамыр, 2020

«Жұмысты жақсы істейік» дегені де басына сор болған

332 рет
көрсетілді

Солтүстік Қазақстан облыстық полициясының арнайы архиві қазір қуғын-сүргінге ұшыраған жандардың ұрпақтарына ата-әжелерінің «қылмысты істерін» көрсетуде. Соңғы алты жылда 130-дан астам отбасы өздерінің аталарының қалай жазықсыз сотталып, нақақ азапталғанын істерінен көрді.

Биылғы 31 мамырдың қарсаңында да саяси қуғын-сүргінге қатысты бірнеше істі көтеріп, таныстыру үшін жазаланғандардың туыстары мен ұрпақтарын шақырған еді. Солардың бірі Жамбыл ауданында тұратын Екпін Әбиев деген іскер азамат.

Оның атасы Әби Есекинді соғыс кезінде «Кеңес үкіметіне қарсы үгіт-насихат жүргізген, колхоздың атына кір келтірген, жеңіліс туралы қауесет таратқан» деген айып тағылған екен. «Сауаты» деген жерге «сауатсыз» деп жазыпты. Ал оның алты сыныптық білімі болған. Бұл ол кездері үлкен білім. Оның үстіне мұғалім болғаны белгілі. Істе де солай көрсетіліпті. Бірақ соған қарамай «сауатсыз» деп жазғандарына қарағанда іске барынша жүрдім-бардым қарап, әйтеуір ату жазасына ілектірген», дейді Екпін Әбиев.

Ол атасы туралы әңгіменің егжей-тегжейін өзі зерттеп, сол кезде тұрған Есіл ауданындағы қарттармен көп әңгімелесіпті. Сөйтсе атасы марқұм түске дейін мұғалім, түстен кейін дала жұмыстарына шығады екен. Майдандағы әскерді қолдау жөнінде үгіт-насихат айтуды да оған жүктеп қойыпты.

Сонда марқұм жұмыстағы қарапайым адамдарға: «Егер біз егінді төкпей-шашпай жинап алмасақ онда соғыстағы солдаттарға тамақ қайдан барады? Олар тамақтан ашаршылық көрсе, біз жеңіліп қаламыз. Егер сендер киім-кешек тікпесеңдер, майдандағы күйеулерің мен бауырларың суыққа тоңып, жауды жеңе алмай қалады», - деген сияқты насихат таратады екен. Соны біреу теріс көрсетіп, «Қызыл Армияның жеңіліп қалатыны туралы айтты» деп шала сауатымен түртіп жіберген ғой. Құлағы қалқиып тек осындайды аңдып отыратын НКВД-ның сержанды шауып келіп, оны тұтқындаған. Содан ешбір хат-хабарсыз жоқ қылған дейді немересі.

Сұм заманның құрбаны болған осындай тағдырлар өте көп. Жыл басынан бері арнайы архив 11 адамға отбасы тарихын қалпына келтіруге көмектескен.

 

Солтүстік Қазақстан облысы