Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Астанада іссапармен жүрген АҚШ Орталық қолбасшылығының қолбасшысы генерал Дэвид Петреуспен кездесті, деп хабарлады СІМ-нің баспасөз қызметі.
Тараптар Қазақстан мен АҚШ арасындағы стратегиялық әріптестікті кеңейтіп және нығайтуға қатысты мәселелерді талқылады. Бұл орайда әскери ынтымақтастық және Ауғанстанды оңалту мәселесі маңызды бағыт болып табылады. Ауғанстанда тұрақтылыққа жету үшін екі мемлекеттің ынтымақтастығын одан әрі дамытудың маңыздылығы атап өтілді. Бұған аймақтық, сонымен қатар, ғаламдық державалар да мүдделі.
“Ауғанстанда тұрақтылық орнамайынша, бүкіл Орталық Азиядағы тұрақтылық жайлы айту мүмкін емес”, – деді осыған байланысты Қ.Саудабаев.
Өз кезегінде Д.Петреус әскери және жаппай қырып-жою қаруын таратпау саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың табыстылығын атап өтті. Америкалық әскери басшы 2008-2012 ж.ж. арналған әскери ынтымақтастықтың екінші бесжылдық бағдарламасы аясындағы Қазақстан мен АҚШ арасындағы әскери ынтымақтастыққа жоғары баға берді. 2003-2008 ж.ж. аралығындағы қазақстандық саперлардың бесжылдық тиімді қызметіне шынайы алғысын білдіре отырып, Д.Петреус Қазақстанға Ауғанстанды оңалтуға қосқан үлкен үлесі үшін, соның ішінде 1000 ауғандыққа Қазақстанда бейбіт салалар бойынша білім алу мақсатында 50 млн. АҚШ долларын бөлгені үшін ризашылығын жеткізді.
Қазақстан Халықаралық күштердің Ауғанстандағы қауіпсіздікке жұмсаған күш-жігерін, 2001 жылы басталған “Қажымас бостандық” операциясын оның ең алғашқы күнінен қолдап келеді.
Ауғанстанды тұрақтандыру Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығындағы негізгі басымдықтардың бірі ретінде Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен айқындалған. Үстіміздегі жылы жоспарланып отырған Астанада өтетін Ұйым саммитінің күн тәртібіндегі негізгі тақырыптардың бірі осы ауған мәселесіне арналуы әбден мүмкін.