Сауда-саттық тасымалы, келім-кетім ағыны экономикаға күш беретін басым бағыттардың бірі болғандықтан Маңғыстау жарты аралының өткізгіштік мүмкіндігінің маңызы арта түсті.
Өңірде бүгінге дейін жасалған жұмыстарды бұл бағыттағы жұмыстардың бастамасы деуге болады, келешекте Маңғыстаудың көлік-логистикалық саладағы жұмыстары мен жоспарлары молая түспек. Өйткені теңіз жолы мен құрлық жолындағы дәліздік инфрақұрылымның мүмкіндігі, яғни Ақтау халықаралық әуежайы, Ақтау теңіз сауда порты, Құрық порты, Баутино теңіз порты, Ақтау теңіз солтүстік терминалы, сондай-ақ жаңғырған автокөлік жолдарының болуы қазірдің өзінде жетістіктерге қол жеткізуге жол ашты. Мысалы, 2019 жылдың қорытындысы бойынша Қытай – Еуропа – Қытай бағытындағы тауар тасымалының 88%-ы Қазақстан арқылы өткен, ал бұл көрсеткіш одан бір жыл бұрын 77%-ды құраған болатын.
– Маңғыстаудың теңіз портындағы әлеуетті нысандарының бірі – Құрық порты. Темір жол желісінің тікелей тартылуы басқа елдерден келген клиенттер үшін өте тиімді, яғни жол ұзақтығы қысқарады. Сондай-ақ аталған портқа Түркия, Иран, Румыния, Грузия және Әзербайжаннан жүктер келеді. Бүгінде Қазақстанның транзиттік әлеуетін одан әрі дамыту үшін экономикалық тартымды бағыт құру бойынша бірқатар жұмыс атқарылуда. Мәселен, бұған дейін жоспарланғандай 2020 жылы Құрық портының жүк айналымы 2 млн тоннаны құрауы тиіс. Бізде ондай көрсеткішке жететін мүмкіндіктер бар. Ең бастысы, халықаралық деңгейде өзіміздің бәсекеге қабілеттілігімізді көрсету және Қазақстан арқылы тасымалдаудың тиімділігін дәлелдеу, – дейді Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов.
Құрықта кеме жасалады
Айдыны бар, порты бар, бүгінге дейін тонналаған жүктерді тасымалдап үлгерген елімізде жеке паромдар жоқ болатын. Бұл өз алдына мәселелердің туындауына соқтырып та жүр. Бірақ 2023 жылға арналған инфрақұрылымды дамытудың жаңа бағдарламасы аясында паром салу мүмкіндігі қарастырылған, сондай-ақ Құрықта кеме жасау жобасы іске асырылатын болады.
Бірнеше көлік хабтарының қиылысында орналасқан Ақтау теңіз сауда портының стратегиялық маңызы жоғары. Маңғыстау облысы әкімдігінің берген мәліметіне сүйенсек, 2019 жылы порт 3,5 млн тоннадан астам жүк қабылдады, бір жыл бұрынғы көрсеткіш 39 мың тонна, яғни 1,1%-ға төмен болған. Сондай-ақ Ақтау портында өңделген контейнерлердің көрсеткіштері 6 есеге-13,3 ДФЭ-ге дейін артты. Бұған Ақтаудан Әзербайжанға фидерлік тасымалды іске қосу себеп болды.
Ақтауда полипропилен, калий тыңайтқыштары, техника, мыс, құрылыс материалдары сынды жаңа жүк түрлері қайта бағдарланып, сонымен қатар клиенттерге кепілді көлем тасымалдаған жағдайда жеңілдіктер берілу жолға қойылған.
Қытай-Еуропа бағытындағы тасымалдау көрсеткіштерінің өсуіне қазақстандық темір жол тарифтерінің ресейлік тарифтерден 2-3 есе төмен болғаны ықпал етті. Бұдан басқа, жүктердің 90%-ға жуығы өзіндік құнынан төмен тасымалданады.
2019 жылдың қорытындысы бойынша Құрық порты арқылы 1,3 млн тонна, Ақтау порты арқылы 3,5 млн тонна, Ақтау солтүстік терминалы арқылы 1 млн тонна – барлығы 5,8 млн тонна жүк тасымалданған. Ал теміржол тасымалы 3,8 млн тоннаны құрады.
Құрлық жолының қуаты артады
Маңғыстау облысы әкімі С.Трұмовтың айтуынша, порттардың қуатын және жүк тасымалдау көлемін арттыру үшін сапалы жол-көлік жүйесін құру маңызды. Сондықтан автомобиль жолдарын жөндеуге үлкен мән берілуде.
Өңірдегі автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 3 мың шақырымды құрайды. Соның ішінде 1 049 шақырым – республикалық маңызы бар, 1 028,7 – облыстық және 900 шақырым аудандық маңызы бар жолдар. Біраз жылдан бері тұрғындар мен жолаушылардың жанайқайына негіз болған жолдар мәселесі біртіндеп реттеліп келеді. Бірақ салынған немесе жөнделген жолдардың сапасы назардан тыс қалмауы керек.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша автомобиль көлігімен тасымалданған барлық жүк айналымы 100%-ға өсіп, 8,5 млрд тоннаны құраған. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жалпы ұзындығы 158 шақырымды құрайтын республикалық маңызы бар жолдардың қайта жаңарту жұмыстары аяқталды.
– Бұл шекара трассасының 85 шақырымы Бейнеу – Ақжігіт – Өзбекстан және Жетібай-Жаңаөзен жолының 73 шақырымы. Сондай-ақ Жыңғылды- Шайыр-Шерқала бойында 126 шақырымға жуық жөндеу жұмыстары жүргізіліп, «Ата жолы» бойында екінші кезең жұмыстары жүргізілуде, – деді С.Трұмов.
Өңір басшысының айтуынша, 2019 жылы жалпы ұзындығы 150 шақырымды құрайтын, құны 9,95 млрд теңге болатын төрт маңызды бағыт бойынша жұмыстар аяқталды. Ең қымбат жобалардың бірі – құны 8,2 млрд теңгені құрайтын, Құрықтан Құрық портына дейінгі ұзындығы 22 шақырым жол. Қалған үш жоба бойынша орташа жөндеу жұмыстары қарастырылған. Сондай-ақ биыл ұзындығы 275,4 шақырым болатын 8 автомобиль жолын қайта жаңарту жұмыстары аяқталып, 60 шақырымдық 6 жоба бойынша жұмыс жалғасатын болады.
Ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру үшін аудандық маңызы бар жолдардың сапасын жақсартуға көңіл бөлінеді, яғни 24,3 шақырым жолға орташа жөндеу жүргізілді, 7,5 шақырымға жаңа жол салынды. Биылғы құны 4 млрд теңге болатын 44,4 шақырым жол құрылысы және 52,2 шақырым жолды орташа жөндеу жұмыстары жоспарланған.
– Ауыл әлеуетін арттыру тұрғысында биыл ұзындығы 64 шақырым Құрық-Жетібай жолын жөндеу мәселесін шешетін боламыз. Тұрғындар үнемі осы мәселені көтеріп келеді. Әзірге қаржыландыру көздерін іздестірудеміз, – деді әкім.
Көлік-логистикалық бағытта Маңғыстауда әлі талай жаңа жобалар мен тың идеялардың өмірге келетіні анық, өйткені аймақтың географиялық орналасуы жаңашыл істерді бастауға мол мүмкіндік береді.
Маңғыстау облысы