• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 02 Маусым, 2020

«Өзге жұрт аспан-көкке асып жатыр...»

1102 рет
көрсетілді

«Малдан малдың несі артық, бір-ақ асым еті артық. Ерден ердің несі артық, бір-ақ ауыз сөзі артық» дейді бабаларымыз. Бұл сөзіне ісі сай келетін, аузынан шық­қан­ды міндетті түрде орындайтын адамды меңзегені. Яғни, ердің артықшылығын айқындайтын басты қасиет – тындырғын ісі болса керек.

Сол сияқты «Адамның ісі – өзі» деген кейінгі кезде жиі естіп жүрген қағиданың бабаларымыз баяғыда айтқан сөзбен са­бақтас екені байқалады. Яғни кімнің кім екенін жасаған ісі көрсетеді. Адамның ар­тықшылығын да, кемшілігін де көрсететін басты өлшем сол. «Бейімбет жау болса – мен де жаумын» деп жиыннан шығып кеткен Ғабең, Ғабит Мүсіреповтің әрекеті, қиын-қыстау кезеңде «Бесеудің хатын» жазғандардың ісі, бәрі олардың болмыс-бітімін, позициясын, кім екенін, қалай өмір сүргенін айқындайды.

Жалпы, адамзат баласын бір-бірінен ерекшелейтін де оның түр-түсі, тілі, діні емес, іс-әрекеті, тындырған ісі болса керек. Ал осы жұмыр жердің бетіндегі жұмыр бастылардың іс-әрекетінің бір-бірінен айырмашылығы жер мен көктей екенін бай­қаймыз.

Жер мен көктей демекші, күні кеше америкалық өнертапқыш инженер, миллиардер, кәсіпкер Илон Масктың SpaceX деген ғарыш техникаларын жасайтын ком­паниясының тікелей эфирін бес құрлықтағы миллиондаған адам бір мезгілде тамашалады. «Адамзатты аспанға қарап арман­дауды үйреткен» Гагариннің бейнесі кейінгі ұрпақтың санасынан бұлдырап, өшуге айналған еді. Илон Маск осы арманды қайта жаңғыртқандай болды. SpaceX-тың Dragon 2 деген басқарылатын, көп қолданылатын ғарыш кемесі орбитаға шықты. Бұрын жұ­мысын да, идеологиясын да бүкіл империя болып жүргізетін жұмысты жеке компания жүзеге асырды. АҚШ президентінің өзі ғарыш технологиясы мемлекеттердің қол астынан шығып, жеке компаниялардың иелі­гіне өткенін мойындап, жерлесін Twitter арқылы құттықтады.

Маск бұрыннан да мәшһүр тұлға еді. Эпотаж әрекеттерін, әлеуметтік желідегі жарты ауыз айтқанын БАҚ біткен аңдып отыратын. Енді тіпті аңызға айналып шыға келді. Сөз бен істің тоғысқан тұсы осы болды, қысқасы.

Бір қызығы, әлемге «Америкалық арман» деген ұғымның эпицентрі, демокра­тияны таратушы, озық техникалардың отаны, то­леранттылықты насихаттаушы ел Жердің тартылыс күшін жеңсе де, нәсілшілдік кем­­сітушілікті әлі жеңе алмапты. Бір апта болды, елдің біраз бөлігінде нәсілшілдікке қар­сылық білдірудің соңы тәртіпсіздікке жалғасып жатыр. Джордж Флойд есімді афроамерикалық азамат ақ нәсілді полицей тұтқындап жатқан кезде қайтыс болғаны адамдарды дініне, нәсіліне, жынысына қа­тысты кемсітушілікке төзбейтін елдің шамына тисе керек. Бұл оқиға ушыға келе, елдің он шақты қаласын тәртіпсіздік жайлады, мародерлер көбейді.

Таяуда жұмыр жердің тағы бір пұшпа­ғында осындай кереғар құбылыс болды. Әлемдік өркениетке өлшеусіз үлес қосқан Лондонда бір топ азамат 5 G толқынын тарататын қымбат құрылғылар қойылған 20 шақты мұнараны қиратып тастады. Өздерінің айтуынша, бұл мұнаралар COVID-19 вирусын таратады-мыс. Шындығында, қазіргі 4 G-ден 40 есе жүйрік 5 G адамзаттың өмі­рін қазіргіден де жақсартуға орасан зор көмегін тигізеді. Мамандардың айтуынша, қашықтан түрлі күрделі операцияларды жүзеге асыруға жол ашылады. Сөз жоқ, оған қарсылық көрсету – қараңғылық, қирату – вандализм. Илон Масктің командасы ат­қарған іс пен мұнара құлатушылардың әре­кетінің арасында шексіз алшақтық жатыр.

Біздің елге өткен ғасырдың алғашқы ширегінде келген тракторды «шәйтанның көлігі» деп, үстіне шөп үйіп өртеп жібергендер туралы естіп едік. Ағылшындардың әрекеті соны еске түсірді. Иә, арасында бір ғасыр уақыт жатыр, қазір дамыдық, көзіміз ашылды. Бірақ қазір де «Билл Гейтстің чипі» туралы аңыз өршіп тұр емес пе?

Қысқасы, надандық қоғам таңдамайтын сияқты. Дамыған қоғамда да, артта қалған­дарында да ол болады, болған және бола бермек. Ал данышпандық үшін, адамзатты алға сүйрейтін жетістіктер үшін біліммен суарылған құнарлы топырақ қажет. Мағжан айқын айтқан «Аспан-көкке асатын, өнер-білім шашатын» қоғам сондай құнарлы ортада қалыптасса керек.