• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Қазақстан 02 Маусым, 2020

ҰБТ өткізілетін пункттерге ата-аналар бармай ма?

420 рет
көрсетілді

Ата-аналарға және түлектерді алып жүруші басқа тұлғаларға балаларды ҰБТ өткізу пункттерінде күтуге тыйым салынады. Бұл туралы министр Асхат Аймағамбетов үкімет отырысында айтты.

«Ата-аналарға және түлектерді алып жүруші басқа тұлғаларға балаларды ҰБТ өткізу пункттерінде күтуге тыйым салынады. Ата-аналарға ҰБТ өту барысын сол жерге келмей-ақ үйінде отырып көру үшін онлайн көрсетілімді ұйымдастырамыз. ҰБТ өткізу пункттері тосқауыл таспаларымен жабдықталады. ҰБТ өткізу пункттеріне кіру тәртібінде тестілеушілердің арасында 2 метр қашықтықтың сақталуы қамтамасыз етіледі. Бұл 2 метр арақашықтық ҰБТ тапсыратын аудитория ішінде де сақталады», - деді министр.

Коронавирустың таралу қаупін азайтуға арналған қосымша тағы 5 сақтық шарасы қолданылады.

«Біріншіден - тест тапсырушыларды заласыздандыру туннельдерінен өткізу. Екіншіден - аяқ киімдерді арнайы заласыздандыру кілемшелерімен өңдеу. Үшінші - еденді санитайзерлермен заласыздандыру. Төртінші - әр талапкердің дене қызуын өлшеу. Бесінші - бір жолғы қолданылатын жаңа маскалар беру. Жалпы, бас санитарлық дәрігермен келісілген қатаң санитарлық талаптар барлық жерлерде сақталатын болады», - деді Асхат Аймағамбетов.

Сондай-ақ министр ұлттық бірыңғай тестілеу өткізу кезінде түрлі гаджеттерді, байланыс құралдарын, шпаргалкаларды, әдебиеттерді кіргізуге тыйым салынатынын айтты.