• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Қазақстан 03 Маусым, 2020

Еліміздегі мал шаруашылығы саласында өсім бар

154 рет
көрсетілді

Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров есеп беру кездесуінде айтты.

«Мал шаруашылығы саласында 4% көлеміндегі тұрақты өсім сақталып отыр. Жыл қорытындысы бойынша жалпы өнім көлемі 2,3 трлн теңгеге өсті. Кредит беру және қосымша субсидиялау арқылы іске асырылған шаралар өз жемісін берді. Мәселен, ауыл шаруашылығы жануарлары өсімінде оң серпін байқалып отыр: ірі қара мал мен ұсақ мал 2,7%-ға, жылқы 11,5%-ға, шошқа 2,5%-ға, құс 1,6%-ға артты», - деді С. Омаров.

Оның айтуынша, 2019 жылы қызыл ет өндіру көлемі 5,8%-ға, құс етін өндіру көлемі 15,8%-ға ұлғайды.  Мемлекеттік қолдаудың арқасында сүт өңдеу 7%-ға, ет өңдеу 8%-ға артты. Бұл ретте сүт зауыттарының жүктемесі 18%-ға, ет комбинаттарының жүктемесі 21,6%-ға ұлғайды.

«Мал шаруашылығын дамытуға ҚазАгро 2019 жылы 156,5 млрд теңге бағыттады. Құны 53 млрд теңге болатын 82 мың бас ірі қара мал әкелу және 12,3 млрд теңгеге 374 мың бас ұсақ мал сатып алу қаржыландырылды. Сондай-ақ, құны 19,1 млрд теңге болатын 16 жаңа инвестициялық жоба қаржыландырылды. Осылайша, бұдан бұрын қаржыландырылған жобаларды ескергенде, 2019 жылы мал шаруашылығында жалпы құны 64,3 млрд теңгеге 54 инвестициялық жоба енгізілді», - деді министр.

Ағымдағы жылы 178 мың ірі қара мал басын (ішкі асыл тұқымды емес малды қоса алғанда) және 250 мыңнан астам ұсақ малды сатып алуды қаржыландыру жоспарлануда, сондай-ақ импорт алмастыру шеңберінде 46 мың тонна сүт және 30 мың тонна құс етін өндіру жобаларын іске асыру көзделген.