• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Медицина 04 Маусым, 2020

Маңғыстау дәрігерлері жүрекке дефибриллятор қондыруға машықтануда

520 рет
көрсетілді

Елімізде жүректің ақауын болдырмау, болған жағдайда емдеу әдістерін жетілдіру – күн тәртібінде. Маңғыстау дәрігерлері де осы бағытта ізденістерін үзбей, күрделі оталарды жасауға қатысып, тәжірибе жинақтауда. Сәтті ота екі жақты пайдалы, біріншіден – науқастың денсаулығы түзелсе, екіншіден жергілікті мамандар іс-тәжірибесін жетілдіре түседі.

Ақтауда 68 жастағы науқас­қа Маңғыстау облыстық ауруха­насының ангиографиялық зертханасында «CRT-D» имплантациясы бойынша ота жа­салды. Операцияны Нұр-Сұл­тан қаласынан арнайы келген «Қазақ аритмологтер қоға­мы» РҚБ президенті, медицина ғылымдарының док­торы, «Ұлт­тық ғылыми кардио­хирургиялық орталығы» АҚ арит­мологиялық интервенциялық бө­лімшесінің меңгерушісі Аян Әбдірахманов жасады.

Ақтау қаласының 68 жастағы зейнеткер тұрғыны кенеттен өзін жайсыз сезініп, облыстық ауруханаға түседі. Науқастың қан тамырын тексеріп, барлық тиісті сынамалары алынған соң мән-жайды ұғынған жергілікті дәрігерлер Нұр-Сұлтан шаһа­рындағы Ұлттық ғылыми кардио­логия орталығының мамандарымен байланысқа шығып, шұғыл түрде ота жасау қажет деген ше­шімге келеді. Бұған дейін де бір­неше рет цифрлы үш камералы CRT-D кардиовертер-дефибриллятор бойынша жүрек терапиясына байланысты күрделі оталар жасаған білікті маман Аян Сүлейменұлы өтінішті жерде қал­дырмай, Ақтауға келуге бірден ке­лісім береді.

– Науқастың жүрегінің айдау күші өте төменгі деңгейге түсіп кеткен, нақты айтқанда 31 пайызға дейін төмендеген, ал ол кем дегенде 60 пайызға дейін болуы керек, қарап отырсақ екі есеге түсіп кеткенін байқап отырмыз, яғни бұл ретте отасыз болмады, – дейді А.Әбдірахманов.

Бүгінде жүрек ауруына шал­дық­қан науқастар оңтайлы дә­­рі­лік терапияға қарағанда өлім-жітімді әлдеқайда төмен­де­те­тін және жүректің кенеттен тоқ­та­уының алдын алудың бір­ден-бір тиімді әдісіне жүгі­неді. Ол үшін қаржысын аямай ше­­тел асып жүр­гендері де аз емес.

Маңғыстау облыстық ауруха­насының ангиографиялық зертха­насының бөлім меңгерушісі Қай­рат Төлептің айтуынша, соңғы 10-12 жылда жүрекке ота жасау кезінде түрлі әдісті қолдану бо­йынша еліміз алдыңғы лекте, яғ­ни дәрігерлер ашық жүрекке, тамырға, құлақшаға және өзге де күрделі оталарды жасауда. Яғни науқастарға бұрынғыдай шетелге барудың қажеттігі жоқ, барлық күрделі ота елімізде жасалады. Мысалы, өткен жы­лы Маңғыстау облыстық ауруха­­насының кар­­­-ди­о­­­­­хи­рургия ор­та­лығында 1500-ден астам нау­қасқа ота жа­салған.

– Адам ұйықтап жатып кө­зін ашпай өліп кетуі мүм­кін, мұ­ның себебі жүректің дұ­рыс соқпауынан немесе тоқ­тап қа­луынан болып жатады. Бұл рет­те жүректің электр шират­қы­шындағы дефибриллятор авто­мат­ты түрде қосылып, әлсіз жү­ректі қайта іске қосады. Яғни, жүректің дұрыс жұмыс істеуін қадағалайды. Биылдың өзінде Маңғыстау өңірінде 20 адам осындай жолды таңдап, «CRT-D» имплантациясы бойынша ота жасатуға келісім берді, – дейді Қайрат Төлеп.

Қазір жүрек соғысы қалыпты емес науқастар көп, олардың жүрек аритмиясы қалыпты жұ­мыс істемесе, жүректің кенеттен тоқ­тауына әкеп соғуы мүмкін. Сол себепті осындай заманауи элек­тронды құрылғыны қондыруға ке­лісім беретіндер көбейген, яғни жүрек қағысын бақылап отыруға ар­налған күрделі компьютер іс­­пет­тес қондырғыға сұ­ра­ныс артқан.

Бұл құрылғы өз жұмысын бір сәтке тоқтатпай, жүрек қызметін қадағалап отырады. Дәрігерлердің айтуынша, дефибриллятор бар болса, уайымдауға негіз жоқ, құ­рылғы жүрек қағысының бұ­зылуын анықтап, қажет кезде электрразряд арқылы қалыпты жағдайға түсіреді екен.

Отаның оңайы жоқ, әйтсе де бұл отаны жүрекке жасалатын оталардың ең қиын түрі деуге бо­лады. Себебі бұл электронды құрылғыны қондырудың арна­йы бағдарламасы бар. Ал оны енгізу үшін үлкен тәжірибе керек. Қондырғы жүрегі ауыратын науқастарға ауадай қажет, жүрек соғысы бұзылса, медициналық көрсеткіштерден соң оны қон­дырып, адамның өмірін аман алып қалуға болады. Негізінен, бұл құрылғыны қондыра алатын білікті дәрігерлер әзірге Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында ғана бар. Маңғыстау өңірінде өздігінен жүрекке қондырғыны қоятын дәрігер жоқ, бірақ осын­дай білікті мамандарды ша­қыр­тып, олардан тәлім алу ар­қылы үйренуге мүмкіндік беріліп отыр.

Ота сәтті аяқталып, өмірі қай­­­­­та жалғанған науқас та, бі­лік­­ті маманнан тәжірибе мен та­­ғылым алған және науқасқа өмір сыйлауға себепші болған дә­рі­герлер де мәз.

 

Маңғыстау облысы