• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
04 Қазан, 2013

Ауылда жүрген бір талант

595 рет
көрсетілді

Сан қырлы өнерімен танылып, туған өлкесінің беделін көтеріп жүрген қылқалам шебері Қали Қораласбаев бейнелеу өнерінің төрт бағытында еңбектеніп келеді.

Басты тақырыбы – қазақтың жаны, тарихы, табиғаты болудан танбаған біздің бұл кейіпкеріміз ауылда тұрып-ақ, Алматының қақ төрінде, үлкен қалаларда онға тарта көрме өткізіп, қабілетімен шығармашылық қауымдастықты мойындатқан қылқалам шебері.

Сан қырлы өнерімен танылып, туған өлкесінің беделін көтеріп жүрген қылқалам шебері Қали Қораласбаев бейнелеу өнерінің төрт бағытында еңбектеніп келеді.

Басты тақырыбы – қазақтың жаны, тарихы, табиғаты болудан танбаған біздің бұл кейіпкеріміз ауылда тұрып-ақ, Алматының қақ төрінде, үлкен қалаларда онға тарта көрме өткізіп, қабілетімен шығармашылық қауымдастықты мойындатқан қылқалам шебері.

Суретші-мүсінші әрі карикатурашы Қали Қораласбаев Шу ауданы, Төле би ауылында тұрады.

Осыдан 11 жыл бұрын Алматыдағы Ә.Қастеев атындағы өнер мұражайында өткен Тараздың – 2000 жылдығына арналған көрмесі ашылғанда Қали Қораласбаевтан өнер ордасынан алыс­та тұру сіздің шығармашылығыңызға қаншалықты кері немесе оң әсер етеді деп сұрағанымыз бар. Сонда суретші күлімдеп: «Мен өзімнің тақырыбымның ортасында өмір сүріп жатқан жоқпын ба?!» деген еді. Осыдан кейін суретшінің әлемімен араға алты жыл салып, Алматыдағы ҚР Орталық мемлекеттік мұржайында өткен «Тұғыр» атты көрмесінде қайта табыстық. Туындылардың орындалу шеберлігіне орай Тәуелсіздігіміздің 10 жылдығында «Жыл ашқан талант» атағын алған Қораласбаевтың: «Менің тақырыбымның бәрі – қазақтың жаны, ауыл адамдары болғандықтан, мен өз тақырыбымның ортасында өмір сүремін. Жазған жұмыстарым шынайы шығады. Бұл менің артықшылығым. Кемшілігім – өз ортаммен, суретшілермен рухани байланыс жоқ. Қинайтыны да осы. Сондықтан да бар күшімді салып, үлкен көрмелер өткізіп, анда-санда әріптестеріммен қауышамын. Олармен пікір алмасу менің алға қарай жылжуыма септігін тигізеді. Шабыт береді» дегені есте.

1987 жылы Гоголь атындағы көркем­сурет училищесін тәмамдаған Қали арнайы комиссия мүшелерінен өзін туған ауылы Шу ауданына жіберуді өтінеді. Сонда ұстаздары: «Балам-ау, ауылдың тұрмыс-тіршілігінің ішінде өнеріңмен жоғалып кетесің ғой» дейді таңданып. Сонда үздік шәкірттердің бірі санатындағы Қораласбаев: «Жоқ, ағалар, мен сіздерге жоғалмауға уәде берем!» деген екен.

Содан бері талай су ағып, жылдар келіп, жылдар кетіп ширек ғасыр өте шығыпты. Ол ауылда тұрып-ақ сыр-шырай кескіндеме, тас мүсіндермен көптеген көрмелер жасап келеді. Туған ауылы Төле би ауылында 30-ға тарта, облыс орталығы Тараз қаласында 10-ға тарта жеке көрмесі, 2002 жылы Тараздың – 2000 жылдығына арналған Қазақстан Республикасының мемлекеттік Ә.Қастеев өнер музейінде, 2008 жылы Қазақстан Республикасының мемлекеттік орталық музейінде жеке көрмелерін өткізіп, өнер танушылардың жоғары бағасына ие болды. Осы көрмелерінің барлығының ашылу салтанатын қазақтың қара домбырасын өзі шертіп, өз әнімен, сөзімен ашып көпшіліктің ықыласына бөленіп келеді.

Таңдаған тақырыбын өз бойынан, жүрегінен өткізгенде ғана шынайы шығарма туатынын ол әр кез ойынан шығарған емес. Әсіресе, өткен ғасырдың 90-жылдары ауылдық жерлер қатты күйзеліп, көптеген елді мекендер қаңырап, жастар қалаға ағылғанда ол уақытпен санаспай еңбек етті. Соның нәтижесінде «Тастанды ұялар», «Біз сендерді күтеміз», «Қара шаңыраққа оралу», «Баланың арманы», «Бақсының көз жасы» сияқты туындылар дүниеге келді.

Қали Қораласбаевтың карикатуралары алғашында аудандық «Шу өңірі» газетінде басылса, бүгінге дейін облыстық, республикалық басылымдарда 500-дей карикатуралары жарық көріпті.

«Карикатура – менің өмірге деген көзқарасым. Қоғамда болып жатқан жат қылықтарды осы сызықтар арқылы көпшілікке паш етемін», дейді ол.

«Ел іші – өнер кеніші» деген қа­зақ халқымыз. Ол туған ауылы Шу ауда­ны­ның 80 жылдығына орай «Жастар ал­лея­сына» пәк сезіммен достықты жыр­лайтын «Махаббат бағы» атты төрт бөліктен тұратын кешенді мүсінін, Тәуел­сіздіктің 20 жылдығына орай ұлттық құн­дылығымызды дәріптейтін «Жеті қазына» атты үш бөліктен тұратын кешенді мү­сінін сыйға тартып, өз ауылының патриот азаматы екенін танытып келеді.

Ауыл ағалары да суретшіге оң көз­қарас танытып, көрмелер жасауға, шы­ғар­машылықпен айналысуға жағдай ту­ғызып келеді. Осылай оның есімі ау­дандық, облыстық және халықаралық эн­циклопедияларға енгізіліп, қоғамдық халықаралық медальдің иегері атанды.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан».

АЛМАТЫ.

Соңғы жаңалықтар