Бұл күндері облыс бойынша бірнеше аудан орталықтарында, ауылдарда құс өсіретін кәсіпорындар жұмыс жасауда. Былтыр Шарбақты, Қызылжар ауылдарындағы құс фабрикалары іске қосылды. Енді міне, тағы бір жаңа жоба – Павлодар ауданының Пресное ауылында да құс фабрикасының құрылысы басталмақшы.
Бұл құрылысқа 75 миллион теңге қарастырылыпты. Қазір құрылыс жұмыстарын қаржыландыру жөнінде Чех Республикасының инвесторымен келісім жасалды.
Бұл күндері облыс бойынша бірнеше аудан орталықтарында, ауылдарда құс өсіретін кәсіпорындар жұмыс жасауда. Былтыр Шарбақты, Қызылжар ауылдарындағы құс фабрикалары іске қосылды. Енді міне, тағы бір жаңа жоба – Павлодар ауданының Пресное ауылында да құс фабрикасының құрылысы басталмақшы.
Бұл құрылысқа 75 миллион теңге қарастырылыпты. Қазір құрылыс жұмыстарын қаржыландыру жөнінде Чех Республикасының инвесторымен келісім жасалды.Ал, жалпы жобаның құрылысы 2 жарым жылға жоспарланып отыр. Негізінен, Пресное ауылының тұрғындарына құс фабрикасының салынуы жаңалық емес, бұрынғы жылдары бұл жерде облысты жұмыртқа, құс етімен қамтамасыз еткен «Авангард» құс фабрикасы болған-ды. Ауылдықтардың құс өсіруде тәжірибелері бар. Заманның қиындау кезінде осы өндіріс орнын жоғалтып алып еді. Енді әлемдік стандартқа сай жаңа фабрика бұрынғы кәсіпорын орнынан бой көтермек. Технология шетелден әкелінеді, жұмыртқа да, құс еті де өндіріледі. Ауылдықтарға жұмыс орындары ашылады. Жалпы, құс шаруашылығы «қалдықсыз шаруашылық» деп те аталады. Еті мен жұмыртқасын айтпағанның өзінде, үлпілдек мамығы тұрмыстық қажеттіліктерге, тіпті өндіріске де қажет көрінеді. Биыл құс санын 600 мыңға жеткіземіз деп отырмыз, дейді «Қызылжар құс» фабрикасының басшысы Николай Руденко.
Ал, Шарбақтыдағы кәсіпорын облыс әкімдігінің қолдауымен қайтадан жұмыс бастады. Былтыр Кемеров жақтан 120 мың балапан сатып әкелінді. Сөйтіп, жұмыссыз қалған ауылдықтар қайтадан өз орындарына жұмысқа келді. Кәсіпорынға 200 миллион теңге инвестиция құйылды. Шарбақтылық құс фабрикасы сондай-ақ, талдықорғандық құс фабрикасымен келісімшартқа отырды. Өңірде тіпті, жас отбасылардың әлеуметтік- тұрмыстық жағдайларын жақсарту мақсатында оларға құс және мал үлестіру бағдарламасы бастау алды. Өйткені, бүгінгі күндері құс өсірумен ауылдықтар да, қалалықтар да айналысуда. Шарбақты ауылындағы құс фабрикасы, мысалы, Железин, Қашыр аудандарынан келген жас отбасыларының әрқайсысына 50 тауық балапандарын берді. Енді бұл бағдарламаға облыстың ауылдарында тұратын 50 жас отбасы қатыспақшы. Ал, үлестірілетін 50 балапанның жалпы құны 6 мың теңгені құрайды.
Ауыл жастары бұл қаражаттың жартысын төлейді, қалғаны демеушілер мойнында. Алдағы жылдары Екібастұз қаласының Атығай ауылында және Ақсу қаласының өзіндегі құс фабрикаларын қайтадан қатарға қосып, ел игілігіне жарату қолға алынуда. Қазірдің өзінде облыс өз тұтынушыларын жергілікті жұмыртқа, құс еті өнімдерімен қамтамасыз етуге қол жеткізе бастады. Яғни үйдегі қазанда мұхит асып алыстан келетін тауық сирақтарын пісіргенше, жергілікті таза өнімнің әлдеқайда артық екенін енді түсіне бастадық. Сөйтіп, құс өсіруде қолға алынған жобалар толықтай жүзеге асқанда облыс оның өнімдерін экспортқа да шығара алады. Бұл күндері құс өсірушілер кәсіпорындар жанынан шетелдердегідей жем-азық кешендерінің құрылысын қатар салуды да ойластыруда.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Павлодар облысы.